Бүгінгі заманда көп тіл білу – өмір талабы. Менің ұлтым украин болса да, қазақ тілін білгенімді мақтан тұтамын. Өйткені, мен – көк туымыз көгімізде желбіреген егемен еліміздің азаматымын.
Тілге деген қызығушылығым бала кезден басталды. 11 жылдық мектепті орыс тілінде аяқтасам да, алдағы уақытта қазақша сөйлеп қана қоймай, осы саланың маманы болуды мақсат еттім. Сонымен бағымды сынап, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Таңдаған мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болу. Сәтін салып, жолым болды. Бойда ынта-жігер, талап болған соң қасиетті де қастерлі қазақ тілін аз уақытта үйреніп алдым. Бүгінгі таңда Қызылжар ауданына қарасты Белое орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істеймін.
Білім бұлағынан сусындауға келген кіп-кішкентай ұл-қыздарға қазақ тілінен сабақ беріп, ата-аналардың алғысына бөлену – мен үшін үлкен қуаныш. Мен ынтымағы жарасқан елімді сүйемін, тіл татулық тірегі екендігін білемін. Ұлтымызға қарамай, Отанды қалтқысыз сүйіп, оның ыстық-суығына шыдай білуіміз керек. Бұл жолда біздің басты байлығымыз – берекелі бірлігіміз, этностар арасындағы татулық, ауызбірлік. Осындай жағдайда ғана біз жеке азаматтар емес – Қазақстан халқы, тұрғындар емес – бірлігі жарасқан қоғам, географиялық кеңістік емес – достығы берік ел болып қала береміз. Әрине, ұстаздық жол оңай емес екенін де түсінемін. Әрбір жұмыс ізденімпаздықты, жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да күнделікті сабаққа арнайы уақыт бөліп, тыңғылықты дайындаламын. Әрбір оқушының бойында тіл үйренуге деген құлшынысын арттыру үшін сабақ барысында түрлі әдістемелік тәсілдерді пайдаланамын. Осындай еңбектің арқасында өзімнің білімімді шыңдап, жаңашылдыққа ұмтыла түсемін.
Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл халықпен бірге дамиды. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып: “Мемлекеттің ең басты дүниесі – тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы”, – деген болатын. Жаныңа шуақ болып шашылатын осындай сөздерді естігенде ерекше сезімге бөленіп, қазақ тілін бір адамдай меңгеріп алғаныма сүйінемін. Қазақтың қос ішекті домбырасында ойнап, ән салуды да ұнатамын. Мұның барлығы қазақ тіліне деген құрметтен бастау алады.
Халқымызда “Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады” деген даналық сөз бар. Олай болса, ынтымағы мен бірлігі жарасқан Отанымыздың көк байрағы биікте желбірей берсін!
Светлана МАГУЯНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.