Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің суда құтқару қызметі үшін суға түсу маусымы қарбалас шақ болып саналады. Солтүстікқазақстандық ересектердің де, сол сияқты кәмелетке жасы толмаған балалардың да суға батып кеткендігі жыл сайын тіркеледі. Адамдардың қайғылы қазаға ұшырауын болдырмау мақсатында суда құтқарушылар күн сайын алдын алу шараларын өткізеді: БАҚ-тарда материалдар жариялайды, телеарналарға хабар береді, ІІД қызметкерлерімен бірлескен рейдтер, оқушылармен интерактивті сабақтар өткізеді, жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
18-22 мамыр аралығында суда құтқару қызметі бастығының міндетін атқарушы Виктор Держанский мен суда құтқару станциясының басшы-құтқарушысы Антон Коптяев оқушылармен “Адамдардың көктем, жаз айларында судағы қауіпсіздік ережелері” тақырыбында интерактивті сабақтар өткізді. Олар суда бақытсыздыққа ұшыраған адамдардың қолданатын іс-әрекеттері, жеке құтқару құралдарын пайдалану, бірінші медициналық көмек көрсету жайлы мысал келтіре отырып, айтып берді.
Бүгінгі күні суға батып кеткен адамдардың қайғылы тізімі басталып та үлгерді: жыл басынан бері 3 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның біреуі – 8 жасар қыз бала. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 7 адам суға кеткен болатын. Үстіміздегі жылы суға батып бара жатқан 2 адам құтқарылды.
Суға түсу маусымы басталар алдында өзен-көлдердің жанында демалуды ұнататын азаматтарға тек рұқсат етілген жерлерде және жағажайларда ғана шомылу қажеттігін ескерткіміз келеді. Мас күйде немесе түнде суға шомылуға болмайды. Суда жалғыз демалғанды ұнатсаңыз да, күтпеген жағдай орын алғанда, өзіңізді кімнің құтқаратындығын алдын ала ойластырғаныңыз жөн. Балаларға ерекше назар аудару керек. Олардың ересектерсіз шомылуына жол беруге болмайды.
Александра ЮДАЕВА,
суда құтқару қызметінің бас инспекторы.