Жақында Ресей Федерациясы Смоленск облысы Угра ауданы бойынша әскери комиссариатынан менің атыма хат келді. Хатта атамыз Қадыр Сүлейменовтің бауырластар зиратында жерленгені жайында жазылған екен. Сұрапыл соғыстан қайтпаған атамыз туралы мұндай ақпаратты алғанда, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай күй кештік. Бұл біздің әулетіміз жетпіс жыл күткен хабар болатын.
Қадыр ата Смоленск облысының Угра поселкесінен 25 шақырым жерде орналасқан зиратта 7500 жауынгермен бірге жерленген екен. Хатта жау қолынан опат болған ерлердің әрқайсысы бір-бір батырға бағаланатыны, жауынгерлерге құрмет пен ізеттің үзілмейтіні айтылған.
Қадыр атамыз жайында сол кездегі ахуалды көнекөздерімізден сұрастырып білдік. Әкелеріміздің әңгімелері де еміс-еміс есімізде қалыпты. Әкем Құсайын, оның ағалары Оспан, Омар, Қасен өз отбасыларымен Есіл ауданы Алқа ауылында тұрып, мал өсіріп, жермен де айналысса керек. Сол кезде қуғын-сүргін басталып, әп-сәтте сүттей ұйыған ел тыныштығы бұзылады. Шаруа басындағы әке-шешемді байкулаксың деп жер аударады. Қалған ағайындар да бір түнде Омбы облысының Москалев және Сладков аудандарына көшуге мәжбүр болады. Жазасын өтеу үшін әке-шешемді конвоймен айдап, Арал теңізіндегі Көкаралдан бірақ шығарған екен. Бұл кісілердің жанында бірнеше жерлестері де болса керек.
1937 жылы жазасын өтеген ата-анамды әкемнің ағасы Қасен мен немере інісі Қадыр Түмен облысы Сладков ауданы Пелявино деревнясына көшіріп алады. Сол жақта 1939-1941 жылдары апам Тұрғын мен ағам Тоғай дүниеге келген екен. Қадырдың жолдасы Күлжиән Түмен облысында қайтыс болады. Ол кісіден Ғалымжан есімді ұлы мен Нұрғиса есімді қызы қалады.
1941 жылы соғыс оты шарпып, тұрмыс тіптен тұралаған кез. Қадырға әскери комиссариаттан шақыру қағазы келеді. Ағайындар туған ауылдары Алқаға оралады. Соғысқа аттанар алдында екі баласын әкем Құсайынға тапсырып тұрып, Қадыр: “Ал, аға, екі балам өз балаларыңызбен бірге болсын, тәрбиеңізге алыңыз”, – дейді.
Қадыр атамыз Украин-Белоруссия майданында 146-шы атқыштар дивизиясының аға лейтенанты, бөлім командирі болған екен. Жауынгерлік ерліктері үшін бірнеше наградалармен марапатталса керек. Қан майданның ортасында жүрген жауынгер атамыз сол қалпы елге оралмайды.
Бауырының соңынан Қасен атамыз да соғысқа аттанады. Ол Ленинград майданында Тихвин қаласында соғысады. Майдан даласында ауыр жараланған ол, 1944 жылы елге мүгедек болып оралады. Дендеген дертке бой бермеген Қасен мен оның зайыбы Шәрбан бір шаңырақ астында тұрып жатқан ағайындары мен олардың балаларына бас-көз болып, жерлестерінен көмегін аямапты. Сылти басып жүріп, ең алғаш ауылдастарына күнкөріс үшін көкөніс егуді, жер жыртып, балық аулауды үйреткен де сол кісі көрінеді.
Қадыр атамызды соғыстан кейін қанша іздесек те, нәтиже болмады. Әке-шешеден жастай айрылған Нұрғиса бертін қайтыс болды. Ал ұлы Ғалымжан бүгінде 85 жасқа келді. Туған-туыстарының қамқорлығында болып, Қарағанды қаласында жоғары білім алған Ғалымжан ағамыз өмірін білім саласына арнады. Оның балалары да әкелеріндей алғыр, зерек, білімді болып ержетіп, әр салада лауазымды қызметтер атқаруда.
“Ештен кеш жақсы” демей ме дана халқымыз. Арада жетпіс жылдан астам мезгіл өткенде атамыздың бауырластар зиратында екенін біліп, соғыстан оралмаған боздақтардың сапында болғандығына көзіміз жетті. Толқыдық, бір жағынан батырдың ұрпақтары болғанымыз үшін бойымызды мақтаныш сезімінің билегені де рас. Амандық болса, биыл Ресей жерінде жатқан атамыздың басына барып, зиярат етіп, туған жердің бір уыс топырағын апарып, өзіміздің перзенттік парызымызды өтеп қайтпақпыз.
Манап СҮЛЕЙМЕНОВ.