
Дүниежүзілік әдебиеттің небір классиктерін өмірге әкелген орыс халқы үстіміздегі жылды “Әдебиет жылы” деп жариялаған болатын. Соған орай, дарынды жастардың назарын сөз өнеріне аудару мақсатымен түрлі шаралар, байқаулар ұйымдастырылуда. Жақында Түмен қаласында “Культура” халықаралық шығармашылық фестивалі өтіп, оған Петропавлдың Борки кентіндегі кәсіптік-педагогикалық колледждің өнерлілері де қатысып, жүлдемен оралды.
Байқауда Оралдың, Батыс Сібір өңірлерінің және Қазақстанның бірнеше қалаларының шығармашылық ұжымдары бақ сынады.
Әр өңірдің намысын үкілеп келген өнерпаздар байқау барысында өздерін таныстырды, содан кейін “Квест” ойынын ойнады. Аталмыш ойын шығармашылық ұжымдардың өзара достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталды. Кейін қатысушылар Түмен қаласының тарихи орындарымен танысты.
Екінші бөлімде қатысушылар сахналық қойылым көрсетуден, көркемсөз оқудан, вокал, хореография жанрынан өз өнерлерін паш етті. Біздің өнерпаздар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған “Давно закончилась война…” атты бағдарламаны ұсынды. Адамзатты күйреткен зұлматтың қасіретін бейнелеген аталмыш қойылымның режиссері әрі көркемдік жетекшісі Ерке Таджігітованың өнерпаздармен біраз еңбектенгені көрініп тұрды.
Фестивальды Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар бағалады.
Байқау қорытындысында облыс намысын арқалап барған өнерпаздарымыз “Концерттік бағдарлама” аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. “Көркемсөз оқу шебері” аталымында көзге түсіп, көптің көңілінен шыққан студентіміз Екатерина Волуевич жүлделі I орынды еншілесе, аталмыш аталымда тағы қос өнерпазымыздың бағы жанды. Кәсіптік-педагогикалық колледждің үшінші курс студенттері Виталий Ведищев пен Жұман Мұқанов – екінші дәрежелі, Валерия Батырева үшінші дәрежелі дипломдарды қанжығаларына байлады. “Эстрадалық вокал” аталымында да жерлестеріміз Жанбатыр Әскеров пен Алдияр Заманбектің жұлдыздары жоғары болды. Олар жүлделі бірінші орынға табан тіреді. “Хореография” аталымында Жұман Мұқанов, Екатерина Волуевич, Дулат Тұңғатов, Марианна Овчинникова, Виталий Ведищев, Ксения Плотникова үшінші орынды жеңіп алды.
Жүйріктердің жүйрігі анықталған байқау соңында түмендіктер өнерлі өрендерді қонақжайлылықтың үлгісімен “Festival party” кешкі ойын-сауық бағдарламасымен қуантты.
Жанна БЕРЕЖНАЯ,
Петропавл кәсіптік-педагогикалық колледжі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.