«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛДЫРҒАН ҚАБІЛЕТІН ТАНИ БІЛ!

“Баланы жақсылыққа жанастыр, жамандықтан адастыр”, – дейтін әр ата-ана бауыр еті балапанының келешегін ойлайды. Жүрек жұбанышы, көз қуанышына айналған құлыны қабілетті, дарынды болып, болашақта үлкен жетістіктерге жетсе екен дейді. Бірақ солардың барлығы бірдей “қабілет” деген не, оны қалай дамытуға болады және бұл жұмыста отбасы қандай міндет атқаруы керек дегенді біле бермейді. Ендеше, “Қабілеттілік туа біте ме, жоқ әлде жүре пайда бола ма? Ол барлық балада бола ма? Оған қалай жетуге болады?” – деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Педагогикалық энциклопедияда “Дарындылық – адамдар қабілеттерінің жете, жақсы дамуының жоғарғы сатысы”, – десе, енді бір тұсында “Қабілеттілік – белгілі бір іс-әрекетте ең тәуір нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін адамның жеке-дара психологиялық ерекшеліктері” деген анықтама берілген. Көптеген ғалымдар дарындылық, қабілеттілік бір ұғымды білдіретінін айтады. Балалардың ерекшеліктері мен бейімділігіне қарай олардың бірі логикалық ойлауға, екіншісі шешендікке, үшіншісі өнерге, тағы басқаларға қабілетті болады.  

Жүсіпбек Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен, қабілеттерімен келеді. Баланың бойындағы туабіткен қасиеттерді дамытатын – оқыту мен тәрбие. Неғұрлым баланың қабілеті мен дарынын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді ата-анасы, мұғалімдері, жасы үлкендер жеткілікті бағаламаса, ол “өзгелер сияқты” болып, қалып қоюы мүмкін. Сондықтан, оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту және оны тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелердің бірі.

Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесінде жүзеге асады. Ол үшін баланың танымын, ақылын, еркін қалыптастыру маңызды. Бұл ретте соңғы кездері Петропавл қаласының әр аумақтарында балалардың жас ерекшеліктеріне қарай олардың бойындағы қабілеттерін түрлі бағытта дамытуға арналған жекеменшік шағын орталықтар ашылуда. Олардың кейбірі 6-8 айдан бастап мектепке дейінгі жастағы балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасайды. Мәселен, Батыр Баян көшесі, 3-мекенжайында орналасқан “Пиши-читайка” орталығында 1 және 7 жас аралығындағы балаларды оқу, жазуға, жалпы, жан-жақты дамытуға үйретеді. Онда, негізінен, балғындар орыс тілінде жазуға және ағылшынша сөйлеуге жаттығады. Мир көшесі, 218-мекен-жайындағы “STARS” балалар клубында балғындарға сурет салу, мүсіндеу, қоршаған ортамен танысу, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйрену, Монтессори кабинетінде жаттығуына, тіл кемістігін түзетуге мүмкіндік жасалған.

Сондай дамыту орталықтарының бірі – Пушкин көшесінің бойында да ашылғанына көп бола қойған жоқ. Дамыту орталығы көпқабатты үйдің екінші қабатынан ашылғандықтан, қазіргі талапқа сай тірек-қимыл аппараттары зақымданған балалардың көтерілуіне мүмкіндік жасалып, пандус орнатылған. Маңдайшасына “Талант” дамыту орталығы” деп әртүрлі түспен жазылған мекемеге кіріп, олардың жұмысымен танысудың сәті түсті. Қосымша білім беруді көздейтін орталық бүлдіршіндердің бос уақыттарын тиімді пайдаланып, бейнелеу өнеріне деген қабілеттерін дамытуға, аппликациялар жасауға, ермексазбен жұмыс істеуге, саусақтарының икемділігін жетілдіріп, қиялдарын ұштауға бағытталған. Оған бейнелеу өнерімен айналысқысы келетін үштен он екі жасқа дейінгі балғындар келіп жүр. “Ата-аналар баланың бойынан сурет салуға деген ынтасын байқаса, оны одан әрі дамыту үшін бізге әкеледі. Мұнда сурет салу техникасын үйренем дегендердің барлығымен бірдей жұмыс істейміз. Өйткені, әр баланың бойында қандай да бір қабілеті болады. Сондықтан, оны сәби күнінен анықтап, дер кезінде дамыту қажет”, – деген ұстаз Дарья Мищенко бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін дамытуда олардың қойған сұрақтарына пейілмен дұрыс жауап беріп, түстерді, пішіндерді, адамдар, жануарлар пропорцияларын ажырата білуге, алдарына қойылған тапсырманы шығармашылықпен орындап шығуға үйретудің маңыздылығын айтады.

“Бүлдіршіндер сәби кездерінен-ақ сурет салуға құштар болады. Соны байқаған ата-ана сәбиін психологиялық дайындықтан өткізіп, яғни балалық шабытын оятып, “Сенің қолыңнан бәрі келеді”, “Өзің де бәрін біліп, үйреніп аласың” деп, олардың кішкентай жетістіктерін мадақтап, көтермелеп отырулары қажет”, – дейді ұстаз.

Демек, “Бұлақ көрсең, көзін аш” дегендей, баланың бойындағы дарындылығын анықтауды және онымен жұмысты ата-ана мен ұстаз балғынның жеке ерекшелігін, икемі мен бейімін, нені жақсы орындай алатынын зерттеуден бастағаны жөн. Ұлы Абайдың қара сөздерінің мағынасына зер салар болсақ, баланың өмірге келгендегі бойындағы қабілеттері әрі қарай дамытуды, шыңдауды қажет ететінін, сонда ғана бұл сипаттар пайдаға асатынын білуге болады. Ал сол қабілеттер назардан тыс қалса, бара-бара жойылып, жоғалатынын түсіну қиын емес. Баланың бойындағы дарынды жоғалтып алмай, белгілі дәрежеде шеберлікке жеткізіп, шығармашылық қабілетін дамытуына, өзіндік көзқарасы қалыптасып, ізденісте болуына дер кезінде жағдай жасаған ләзім.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp