Мамлют ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі. Аталмыш агроқұрылым биыл 19 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңіргелі отыр.
Телефон арқылы хабарласқан агроқұрылымның атқарушы директоры, “Отан” орденінің иегері Арыстан Жұнысов көктемгі-дала жұмыстарының барысына мамыр айының басынан бері толассыз жауған жауын көп кедергі келтіргендігін, сондықтан жоспарлы шараларға кешігіп кіріскендіктерін айтқан. Серіктестік биыл 14 мың гектарға бидайдың “Астана”, “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Безенчуг” сияқты жұмсақ және қатты тұқымдарын, 2 мың гектар аумаққа майлы дақылдардан рапс пен зығыр, 1,5 мың гектарға жемазықтық дақылдар, 3 мың гектарға арпа, 300 гектарға сұлы сепкелі отыр.
– Тұқым, арзандатылған жанармай мен тыңайтқыш жеткілікті. Қазір 31 агрегат тұқым себумен айналысуда. Рапс, бұршақ, қара-құмық, жемазықтық дақылдар себу толығымен аяқталды. Біз бірнеше жылдан бері ангус тұқымды етті қара мал ұстаумен айналысамыз. Қазір олардың саны 650-ге жетті. Мал шаруашылығымен айналысқысы келетін фермерлерге сату мақсатында 90 бас асылтұқымды бұқаны әзірлеп отырмыз. Соған орай сүрлем дайындау үшін 100 гектар алқапқа жүгері екпекпіз. Көпжылдық шөп алқабын 300 гектарға көбейтеміз. Бүгінгі күні оның үштен бірі атқарылды. Ауа райы жағдайына қарай қауырт жұмыс істеп жатырмыз. Басты мақсат – қолда бар тұқымды қолайлы уақытта жер қойнауына сіңіріп үлгеру. Оған күшіміз толығымен жетеді. Өткен жылдан қалған азын-аулақ егінді биыл толығымен жинап алдық. Оны мал азығына пайдаланамыз, – деді Арыстан Ноғайұлы.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.