Өңір басшысы Ерік Сұлтанов төрағалық еткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында өткен жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылға энергетика, әлеуметтік салалар мен тұрғын үй нысандарын әзірлеу, мәдениет салалары мен мұрағаттардың үстіміздегі жылғы қызметі, облыста туризм индустриясын дамыту, елді мекендерді тұрмыстық қалдықтардан тазарту мәселелері талқыланды.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев 2014-2015 жылғы жылыту маусымы қалыпты жағдайда өткенін, тұтынушылардың электр және жылу қуатына сұранымы толық қанағаттандырылғанын атап айтты. Қазіргі кезде облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенконың жетекшілігімен 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымына әзірлік жөнінде штаб құрылып, жұмыс жоспары жасалған. Соған сәйкес “СевКазЭнерго” АҚ-ның №2 жылу-электр орталығында 8 қазандық агрегатына, 4 турбоагрегатқа ағымдағы, №7 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізіледі. “Солтүстік Қазақстан тарату-электр желілері” АҚ 1196,5 шақырым электр тарату желілерін күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуді, 15 шақырым кабель желісін ауыстыруды жоспарлап отыр. “Петропавл жылу желілері” ЖШС 10,8 шақырым жылу желісін қалпына келтірмек. Жылу желілерін ауыстыруға және жаңадан салуға республикалық бюджеттен және “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша қаражат бөлінеді. Жылыту маусымы басталғанға дейін 544 қазандық, 295 шақырым жылу және 1312,2 шақырым су құбыры мен кәріз желілері әзір етілуге тиіс.
Ерік Хамзаұлы облыстың бюджеттік мекемелеріне көмір жеткізіп беруді жеделдету, Айыртау ауданының орталығындағы көпқабатты үйлерді тиісті дәрежеде жылу қуатымен қамтамасыз ету қажеттігін атап айтып, оған бақылау жасауды облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенкоға тапсырды.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикеневтің айтуынша, өңірде 3 театр, филармония, 237 клуб, 312 кітапхана, 12 мұражай, 15 мұрағат жұмыс істейді. Биыл Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрын жөндеуге және материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 100 миллион теңге, облыстық филармонияның ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 200 миллион теңге бөлінді.
С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана “Қазақстанның ХХІ ғасырдағы үздік кітапханасы” республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы мамыр айында Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақстан Республикасындағы елшілігінің шақыруы бойынша Дубай қаласында өткен Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шараға ел атынан қатысты.
Рустам Төлегенұлы есеп беру барысында облыс орталығына білікті жас мамандарды тарту, оларды жатақханамен қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін ынталандыру сияқты мәселелерді де қозғады.
Облыс әкімі шағын елді мекендердің өзінде ауыл тұрғындары, әсіресе, жастар үшін демалыс орталықтары болу керектігін, бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан басшылары 11 маусым күнгі селекторлық кеңесте есеп беретіндігін ескертті.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек ішкі туризмді дамыту мақсатында 31 бағыт әзірленіп, қолға алынғандығын, оның 13-і Айыртау ауданында екендігін алға тартты. Айыртау мен Имантау ауылдарында 7 қонақүй жұмыс істейді. Оларды стандартқа сәйкес ету, экосоқпақтарды қалпына келтіру, экобағыттарды дамыту шаралары атқарылуда. Осындай жұмыстар Есіл, Қызылжар, Мамлют және Шал ақын аудандарында да қолға алынуы тиіс.
Өңір басшысы туризмнің облыста нәтижелі дамымай отырғанын, Имантаудағы “Солнечный ВИП” демалыс орнында мүйізбен емдеу емханасын ашу” қанатқақты жобасын жүзеге асыруға облыста барлық жағдай бар екендігін атап айтып, Айыртау ауданына баратын жұмыс сапары кезінде туристік нысандарға арнайы соғатындығын жеткізді.
Облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов облыс орталығы мен аудан орталықтарын, ауылдық округтердің қарамағындағы елді мекендерді тұрмыстық қалдықтардан тазарту бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.