Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен селекторлық режімде төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға арналған облыстық комиссияның отырысы өтті. Онда облыс аумағында болған су тасқынының қорытындысы, мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметтерін ұйымдастыру және су қоймаларында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенконың баяндауынша, қабылданған шараларға қарамастан, облыс аумағындағы 7 елді мекеннің 62 тұрғын үйі мен 150-ден астам саяжай учаскесіне су кірді. Ақмола облысындағы Сілеті және Шағалалы су қоймалары, сол сияқты Есіл өзені деңгейлерінің көтерілуінен автомобиль жолдарының 3726 метрін су басып, 20-дан астам су өткізетін құрылғы бұзылды. Су басу қаупіне байланысты облыстың 5 елді мекенінен 286 адам мен 750 бас мал көшірілді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Мұхамадиев Есіл ауданындағы “Корнеевка-Волошинка” автожолының 53-ші шақырымындағы су өткізетін құрылғы қалпына келтірілгенін, Айыртау ауданындағы сондай нысан жөнделіп жатқанын тілге тиек етті. Ал Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл-Қаратал автожолының бұзылған учаскесіне күрделі жөндеу жүргізу үшін өңір басшысының тапсырмасына орай мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық шара өткізілуде. Барлық 22 су өткізу құрылғыларын қалпына келтіруге 55 млн. теңге қаражат қажет.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Әсет Ысмағұлов 5 айдың ішінде облыста 195 өрт болып, одан 27 млн. 525 мың теңгенің материалдық шығыны келгенін, отта 6 адам қайғылы қазаға ұшырағанын, оның 1-еуі бала екенін мысалға келтіріп, мемлекеттік өрт сөндіру қызметтері қамтымайтын елді мекендерде ерікті өрт сөндіру жасақтарын және бекеттерін құру мәселелеріне тоқталды.
Соңғы 5 жылда облыстың су қоймаларында және Есіл өзенінде 164 адам су құрбаны болған, оның 13-і – бала. Петропавл қаласы мен облыстың 5 ауданында (Айыртау, Қызылжар, Есіл, Шал ақын, Тайынша) тұрғындардың суға шомылатын қауіпсіз 38 орны белгіленген. Ал 180 мыңнан астам тұрғыны бар 8 ауданда ондай орындар қарастырылмаған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова балалардың жазғы суға түсу маусымы кезінде қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету бойынша атқарылған шараларды сөз етті.
Ерік Сұлтанов облыстық комиссияның кезекті отырысында қаралған мәселелер бойынша аудан әкімдері мен тиісті органдардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.