«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСІРЕТ ПЕН ҚАЙҒЫ ЖЫЛДАРЫ

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында басталып, ширек ғасырға жуық уақытқа созылған асыра сілтеу, зорлық-зомбылық және жеке басқа табыну есімдері алты алашқа белгілі азаматтарымызды, жүректері қазақ деп соққан зиялыларымызды, жазықсыз жапа шегіп, кінәсіз түрмеге тоғытылған ардақты тұлғалардың асыл жарларын, жетімдер үйін паналап, тегінен, жөнінен айрылған балаларды еске түсірсек, жан дүниеміз тітіркенеді.

Өйткені, сол зұлматтардың астарында орны толмайтын қасірет, зымиян саясат жатты. Петропавлдағы Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен “Қасірет пен қайғы жылдары” атты шарада сол қатыгез дәуірдің азабы, олардың бүгінгі ұрпақ жадында мәңгілік сақталуы, арыстардың аманаты іспеттес Тәуелсіздікке қол жеткізуіміз әңгіме арқауына айналды.  

Ақын Жұбан Молдағалиевтің “Мен – қазақпын!” өлеңімен шымылдығы ашылған шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, студенттер мен жұмысшы жастар қатысты.

Шара барысында сөз алған облыстық мұрағаттың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова сұм заманның қасіретіне тоқталып, арыстардың, із-түзсіз жоғалған ардақты азаматтардың жоқтаусыз болмайтынын, тарихымыздың ақтаңдақ беттері әлі де зерделеніп, зерттеліп жатқандығын жеткізді. Сол дәуірдің құрбанына айналған ақын, өңіріміздің тумасы Мағжан Жұмабаев өмірінің баршаға беймәлім тұстарын айтты. Мұрағат деректеріне сүйене сөз сабақтаған оның сөздері отырғандарды бейжай қалдырмады.

Петропавлдағы Әскери институттың курсанты Жасұлан Сатанов шерткен домбыра үнінде небір нәубетті басынан өткеріп, оған мойымаған қалың қазақтың мұңы да, арманы да жатқандай әсерге бөледі.

Содан кейін сөз алған қазақтың көрнекті жазушыларының бірі, Бейімбет Майлиннің жиен немересі Дәмен Сейітжанова репрессия құрбандарына айналған нағашы атасы мен оның жары Гүлжамал әжесінің қилы тағдырын, олардың қызы, өзінің анасы Рәзияның (Роза атанып кеткен) Семейдегі Балалар үйінде тәрбиеленгендігін, көрген зорлық-зомбылығын баяндады.

Шара соңында жиналғандар “Тарих ақтаңдақтары – ұрпақ жадында” атты кітап көрмесін тамашалады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp