«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАДАН АСҚАН БАҚЫТ БАР МА?!

Бала – бауыр етіміз, өміріміздің жалғасы, мемлекетіміздің келешегі. Сол себепті балаларымыздың өнегелі болып өсуі үшін олардың құқығын қорғау біз бен сіздің әуелгі міндетіміз. Бала құқығы дегеніміз не? Баланы неден және кімнен қалай қорғау қажет? Міне, осы сұрақтарға жауап алмақ болып облыстық білім басқармасының кәмелеттік жасқа толмағандардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Ғалия Ілиясованы әңгімеге тарттық.

– Ғалия Сейітахметқызы, елімізде балалардың ары, намысы, денсаулығы заң тұрғысынан қорғалады. Десе де, балаларға қатыгездік көрсеткен жағдайлар отбасында, мектепте де кездесіп жүр. Осындай жағдайлардың орын алуына не себеп болуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Балаға қатысты бар мәселе отбасынан басталады. Отбасы әлеуметтік жағынан қорғалмаса, баланың ата-анасы ішкілікке салынып, нашақорлыққа әуес болса, мұндай жағдайда бала қараусыз қалады. Бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін дұрыс атқармайтын отбасылар жоқ емес, бар. Ондай жайсыз отбасылармен онда тәрбиелініп жүрген балалар арнайы тізімге алынып, олармен жұмыс жүргізіледі.

Көп жағдайда балаларға әлім-жеттік көрсетіп, қатыгездік танытатын да баланың ет жақындары. Және ондай жағдайлар көбінесе айтылмай, ашылмай тасада қалып жатады. Олар отбасында – ата-аналарынан, бауырларынан, ал мектеп пен арнайы мекемелерде ересек балалардан, мұғалімдерден, тәрбиешілерден зәбір көруі мүмкін. Мұндай мәселелер туындамас үшін алдымен бала өзінің құқығын білуі тиіс. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін барлық оқу орындарында балалардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру шаралары жүргізіледі. Отбасын қоғамның ұяшығы деп бекер айтпаса керек. Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт бар, ол – баланың кішкентай кезінде көрген өнегесі. Психологтер “Бала ата-анасына қарап тәрбиеленеді”, – дейді. Сол себепті ата-ана баланың құқығын таптамауға, керісінше, қорғауға мүдделі болуы тиіс.

– Сонда бала неге құқылы?

– Біздің елімізде кәмелетке толмағандардың құқы мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. 1994 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жасөспірімдердің құқы туралы халықаралық конвенцияны қуаттаған еді. 2002 жылғы тамызда “Баланың құқықтары туралы” Заң қабылданды. Бұл құжаттарда балалардың барлық құқықтары жазылған. Бала денсаулығын сақтауға, өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмауға, қоғамдық өмірге араласуға, мүлікке, тұрғын үйге, білім алуға, еңбек бостандығына, демалуға, бос уақытын пайдалануға, отбасында тәрбиеленуге құқылы. Сонымен қатар, 2011 жылы қабылданып, 2012 жылы күшіне енген “Неке және отбасы туралы” Заңда да балалардың құқықтары көрсетіліп жазылған. Егер де бала белгілі бір себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалса, ол патронаттық отбасында тәрбие алуға құқылы. Егер де бала отбасыға орналастырылмаса, мемлекеттік мекемеде ержетеді. Облысымызда 12 мемлекеттік мекеме бар. Балалар үйінің түлектеріне арналған 2 үй бар. Біреуі облыс орталығында, екіншісі – Талшық ауылында. Бүгінгі күні ол үйлерде 80-ге жуық тәрбиеленушілер тұрып жатыр.

– Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Өткен жылы “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес егер де бала ата-ананың қамқорлығынсыз қалса, жарты ай ішінде мемлекеттік қордан бөлінетін тұрғын үй кезегіне қойылады. Олардың мәртебесі ардагерлердің деңгейімен теңестірілген. Яғни, үй алу кезегінде бірінші соғыс ардагерлері тұрса, екіншісі жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Қазіргі таңда облыс бойынша үй алу кезегінде 2683 бала тұр. Аталмыш заңдағы өзгерту балалардың тұрғын үй алуын тездетті. Егер де 2006 жылы облыс бойынша бір-ақ бала пәтер алса, 2013 жылы – 29-ы, ал 2014 жылы 70-і баспаналы болды.

Облысымызда ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған 2015-2017 жылдары жүзеге асатын кешенді жоспар қабылданды. Заңға сүйене отырып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала мүлікке үлесі болған жағдайда құқы сақталады. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалса да, баланың ата-анасынан үйі болуы мүмкін. Ол үйде баланың өз үлесі бар. Бізде сондай он баланың ата-аналарының үйлерінде үлестері бар. Олардың үйлері сатылымға түспейді. Мұндай балалар да тұрғын үй алуға кезекке тұрады. Баланың меншігінде үйі болған жағдайда кезекке алынбайды.

– Бар бала отбасында тәрбиеленуге құқылы. Облысымызда бала асырап алу мәселесі қалай?

– Қазақ “Жетімді жебеп, жесірді елейтін” халық. “Жерде жетім жыласа, әуеде періште тітіркенеді” деп тегін айтылмаса керек. Біз балалардың отбасында тәрбиеленуіне мүмкіншілік жасауға талпынамыз. Себебі, мемлекеттік мекеме жетім қалған баланың түгел жағдайын жасаса да, отбасындағыдай болмайды. Оған ананың мейірімді алақаны, әкенің ақылы, жүрек жылуы керек. Соңғы жылдарға қарағанда, облысымызда баланы асырап алу жиіледі. Мәселен, өткен жылы 141 бала өз отбасын тапты. Оның бесеуін асырап алса, жетеуін патронаттық тәрбиеге алған. 43 бала қамқорлыққа алынды. Ал 86-сы өз отбасыларына оралды. Балалар үйіне орналастырылған балалардың басым бөлігінің тірі ата-аналары бар. Кей ата-аналар бауыр еті балаларынан айрылып қалған соң естерін жиып, өмір тұрмыстарын түзеп, ішкіліктен бас тартып жатады. Жұмысқа тұрады. Ондай жағдайда бала отбасына қайтарылады. Көп жағдайда баланы туған-туыстары, жақындары, кейде көршілері асырап алады. Асырап алудың бірнеше түрлері бар. Жетім қалған баланы отбасында тәрбиелеудің бір түрі – патронат. Облысымызда патронаттық отбасыда 163 бала тәрбиеленуде. Патронаттық отбасы баланы бір, үш айға немесе жарты жылға келісімшарт бойынша асырап ала алады. Тәрбиеші, яғни баланың болашақ анасына жалақы беріледі. Және баланы күтуге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат алады. Бұл тәсіл бала асырап алуға ниетті отбасыларға және бала үшін де тиімді. Баланы тәрбиеге алу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ата-аналар баланы алғысы келсе де, бойларын сенімсіздік билеуі мүмкін. Ол – заңды құбылыс. Мұндай жағдайда баланы патронаттық тәрбиеге алып, кейін толықтай асырап алуға болады.

– Патронаттық тәрбиеге алынған бала екі ортада қалып қоймай ма?

– Патронаттық отбасыларға баланы бермес бұрын, олар қатаң іріктеуден өтеді. Ата-ананың жоғары білімінің болуы міндетті. Отбасы баланы материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге қабілетті болуы тиіс. Дендері сау, баспанасы болуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, бала үлгілі отбасыға ғана беріледі. Әдетте патронаттық тәрбиеге алған баланы отбасылар кәмелет жасына толғанға дейін тәрбиелейді. Себебі, бала отбасыға сіңісіп, тіл табысып кетеді. Қазақта “Туған емес, баққан – ана” деген аталы сөз бар емес пе?!

– Облысымызда балаларды асырап алып, кейін бас тартқан жағдайлар кездесті ме?

– Мұндай жағдай 2009 жылы ғана тіркелді. Бір отбасы апалы-сіңлілі екі қызды асырап алған болатын. Ата-ана асыранды балаларынан бас тартуға мәжбүр болды. Ана асырауына алған үш жасар қызбен тіл табыса алмады. Ал бойжетіп қалған оның апасы проблема тудырған жоқ. Дегенмен, апалы-сіңлілердің екеуі де Балалар үйіне қайта оралды. Бір-біріне апалы-сіңлілі, бауыр, ағайынды болып келетін балаларды айырмаймыз. Сонда да, оларды ажыратуға тура келетін жағдайлар кездеседі. Үш жасқа толмаған нәрестенің отбасында ержетуіне есейіп қалған балаға қарағанда мүмкіндігі бар. Облысымызда 80 отбасы бала асырап алуға мүдделі. Олардың талабы баланың жасы үштен аспауы, әрі дені сау болуы тиіс. Өткен жылы 68 сәби асырап алынды. Олардың 41-ін туған-туыстары, 22-сін қазақстандық отбасы алса, 5-еуі шетелдік азаматтардың асырауына берілді.

– Балаларды қандай елдер асырап алды?

– Облысымызда бала асырап алуға аккредиттеуден өткен үш ел бар: Италия, Швейцария және Германия. Бес баланың төртеуін итальяндық азаматтар асырап алды. Ал біреуі Швейцарияда тәрбиеленуде.

– Шетелге кеткен балалардың құқығы қалай қорғалады? Өткен жылы Америка Құрама Штаттарының азаматтары асырауға алған бауырларымызға жылдар бойы әлімжеттік көрсетілгенін сол елдің соты дәлелдеген еді. Және ол балалар біздің облыстың тумалары болып шықты.

– Сот істі қарағанда балалар кәмелет жасына толған болатын. Сол себепті ол жағдайдың қыр-сырлары бізге мәлім емес. Ал шетелге кеткен балаларды сол елдегі Қазақстанның елшілігі өз бақылауына алады. Дегенмен, жыл сайын балалар жайында есеп беріліп тұрады. Онда баланың психологиялық жағдайы, оқуы, денсаулығы жайында ақпарат көрсетіледі.

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp