Кеңес үкіметі кезінде есімдері аталмаған Алаш ардақтылары туралы Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін айтып, жазуға кең жол ашылды. Дегенмен, олар жайында әлі де толық мәліметтер жеткілікті деп айта алмаймыз. Ал оларды қалай ардақтасақ та артық емес.
Осындай айтуға тұрарлық азаматтардың бірі – Алашорданың белсенді мүшесі, сол партияның басшыларымен бірге қызмет атқарған, көрнекті қайраткер, қаламы ұшқыр журналист, білікті ұстаз Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков.
Ж.Жәнібеков 1889 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Осы қаладағы Хасен Пономаревтің медресесін бітірген. 1912-1913 жылдары қалалық баспаханада әріп теруші болып істейді. 1916 жылы патша жарлығы бойынша қазақ жігіттерін бірінші дүниежүзілік соғысқа қара жұмысқа ала бастағанда Жанұзаққа да осындай қауіп төнеді. Сондықтан ол сол 1916 жылы Орынбор қаласына қоныс аударады.
Оған Алаш көсемдерінің бірі, «Қазақ» газетінің хатшысы Міржақып Дулатов көмектеседі. 1909- 1911 жылдары Міржақып патша үкіметінің қудалауынан қашып, Қызылжарға келіп паналаған кезде Жанұзақпен танысып, достасып кеткенді. Орынборға келген Жанұзақты Міржақып «Қазақ» газетіне корректор етіп орналастырады. 1917 жылы Жанұзақ «Алаш» партиясының мүшелігіне алынады. Сол кезде Орынбор қаласында «Алаш» партиясының облыстық комитеті ашылған еді. Комитетке 14 қазақ азаматы сайланады. Орынбордан сайланғандар: Ахмет Байтұрсынов, Ахметжан Бірімжанов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Жанұзақ Жәнібеков.
Ә.Бөкейхановқа «Алаш» партиясының облыстық комитеті төрағасының, Ахмет Байтұрсыновқа серігінің, Міржақып Дулатовқа хатшысының, Жанұзақ Жәнібековке қазынашының міндеттері жүктеледі.
1917-1918 жылдары Ж.Жәнібеков Орынборда тұрғанда қаланы біресе ақтар, біресе қызылдар басып алып, тонайды. Тұрғындардың тұрмысы төмендейді. Бұл туралы ол «Қазақ» газетінің 1918 жылғы 27 ақпанда шыққан №261 санында «Орынбор жағдайы» атты мақала жариялаған. Сол жылдары ол «Қазақ» газетінде «Алаш құрбандары», «Автономиялар туралы», тағы басқа мақалаларын шығарады. Жалпы, дарынды журналист Ж.Жәнібеков әр жылдары әртүрлі газеттерде «Талапкер қазақ қызы» (Сара Есова туралы), «Бағбастан ханым мектебі», «Түркі тілінің ірі ғалымы В.В.Радлов», тағы басқа мақалаларын бастырған.
Ол сонау 1908 жылы 19 жасында Қазан қаласындағы «Шәрәф» баспаханасынан «Айна» атты кітап та шығартыпты.
Үкімет басына большевиктер келгеннен кейін «Алаш» партиясы таратылады. Алаш қайраткерлерінің өрісі тарылады. Сондықтан 1919-1920 жылдардан бастап олар оқу-ағарту, баспасөз салаларына қызметке орналаса бастайды. Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханов 1923 жылы алаш зиялыларының бірі Дінше Әділовқа жазған хатында: «Кітап, газет-журналға мақала шығарып, алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгелді», – депті.
1919 жылғы күзде Колчак армиясы жеңілгеннен кейін Петропавл қаласында Кеңес үкіметі қайта билікке келеді. Сол кезде Ж.Жәнібеков туған қаласына оралып, халық ағарту саласында қызмет істей бастайды. 1920 жылы Коммунистік партияға мүшелікке алынады.
1921-1924 жылдары Ақмола губерниялық (орталығы – Петропавл қаласы) оқу бөлімінде нұсқаушы, әлеуметтік тәрбие бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сонымен қатар, әуелі 3 жылдық мұғалімдер даярлайтын курста, кейін қазақ педтехникумында сабақ береді.
1921 жылғы ақпан айында кулактар мен ақгвардияшылар көтерілісі кезінде Сәбит Мұқановпен, Баймағамбет Ізтөлинмен бірге ЧОН (часть особого назначения) отрядында бүлікшілерге қарсы күреске қатысқан.
1924-1926 жылдары Ж.Жәнібеков Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінің алқа мүшесі, редактордың орынбасары, редакторы қызметтерін атқарады. Сол кезде Сәбит Мұқанов редакцияның жауапты хатшысы болып, Жанұзақпен бірге қызмет істеген. Газет, баспасөз ісінде тәжірибесі мол Ж.Жәнібековты жоғары партия ұйымдары 1926 жылы Ақтөбе губерниялық «Кедей» газетіне редактор етіп жібереді.
Газет қазақ тілінде аптасына бір рет 1600 дана таралыммен шығып тұрады. Бұл қызметті ол 1929 жылға дейін атқарады. Газет беттерінде Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Мағжан Жұмабаевтың, Сәбит Мұқановтың, т.б. мақалалары мен өлеңдері жарияланып тұрған.
1929 жылы Ж.Жәнібековты «Кедей» газетінің редакторлығынан «Редакцияны ұлтшылдық пиғылдағы қоғамға зиянды элементтермен былғағаны үшін» босатады. 1929-1932 жылдары Ж.Жәнібеков сол облыста ауыл мұғалімі болады. 1933 жылы ол Петропавлға қайтып келіп, кооператив техникумын басқарады. Техникум жабылғаннан кейін Еңбекшілдер ауданындағы «Каззолото» тресінде кадр бөлімінің жауапты қызметкері болып істейді. 1936 жылғы тамыздан тұтқындалғанға дейін сол треске қарасты «Степняк» руда өндіруші поселкелік кеңесін басқарады.
1937 жылғы 29 шілдеде Ішкі істер халық комиссариатының Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасы Жанұзақ Жәнібековты тұтқынға алады. Сондағы оған таққан айыбы – «Ж.Жәнібеков дінге қарсы күресудің орнына, қайта оны қолдады, контрреволюциялық ұйымдарға мүше болды, Кеңес үкіметіне қарсы болып, оны құлату жайында үгіт жүргізді». Осы айыптарға сүйеніп, оны абақтыға жабады. Ол «халық жауы» атанады. Көп ұзамай, сол жылғы 13 қыркүйекте «Үштіктің» шешімімен Ж.Жәнібеков ату жазасына кесіледі. Оның қай күні, қай жерде атылғаны, қайда жерленгені белгісіз.
Жанұзақ Жәнібеков Көкшетау облыстық сотының 1958 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен ақталды. Ол жаламен ұсталған кезде артында әйелі Мәриям – 35 жаста, қыздары Әмина – 16 жаста, Гүлнар – 12 жаста, Еленұр – 8 жаста қалады. Жанұзақ Әлжанұлы «халық жауы» атанып, атылғаннан кейін бұл үйге бұрынғы жолдастары, тіпті, ағайындары да қорқып кірмей қояды. Оның отбасы қиыншылық жағдайда қалады. Ең алғаш онымен бірге «Бостандық туында» қызметтес болған досы Сәбит Мұқанов келіп, қайғыға батып отырған жандарға жылы сөздерін айтып, көмегін көрсетіп, көңілдеріне демеу жасайды.
Одан кейін Жұмабек Тәшенев, Нұртас Оңдасынов келеді. Олар да ақыл-кеңестерін айтып, көңілдерін көтереді.
Уақыт жылжып өте береді. Жанұзақтың қыздары өсіп, бой жетеді. Үлкен қызы Әмина Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданындағы Көктерек ауылының тумасы, белгілі әртіс (кейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі болған) Ысқақ Иманқұловқа тұрмысқа шығады. Ысқақ Иманқұлов Әминаның «халық жауының» қызы болғанына қарамай, оны сүйіп үйленеді. Оның шешесі мен сіңлілеріне де көмектеседі. Кейін Әминаның сіңлілері де тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болады.
Жанұзақтың зайыбы өле-өлгенше (ол 1987 жылы қайтыс болды) Ысқақ пен Әминаның қолында тұрады. Ысқақ пен Әмина – Гүлжан, Ұлжан деген қыздар және Мұрат атты ұл тәрбиелеп өсіреді. Ысқақ Иманқұлов қайын атасының өмірі мен қызметі және шығармашылығы жөнінде бірсыпыра материалдар жинап, кітап шығаруға дайындайды. Бірақ жасы 90-нан асқан кезде оған шамасы келмейтінін сезіп, сол материалды қызы Гүлжанға тапсырады. Әкелері қайтыс болғаннан кейін оның балалары Гүлжан, Ұлжан, Мұрат Иманқұловтар нағашы атасына арнап 2009 жылы «Айна» – зеркало моей души» деген атпен Алматының «Өнер» баспасынан 320 беттік кітап шығарды.
2007 жылғы 31 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен саяси қуғын-сүргін кезінде заңсыз сотталып, қаза тапқандарды еске алуға арнайы «АЛЖИР» мұражайы ашылғанын білеміз. Онда Жанұзақ Жәнібековке де арналған стенд орнатылған. Бұл күндері Гүлжан Ысқаққызы Иманқұлова нағашы атасы туралы деректерді әлі де іздестіріп, жинауда.
Бүгінгі ұрпақтың Алаштың азаматын ұмытпай, еске алып отыруы – абзал. Оның есімін қадірлеп, ұлтқа деген патриоттық сезімін, адал еңбегін бағалай білу – біздің үлкен парызымыз.
Қайролла МҰҚАНОВ,
Қазақстан Республикасының
мәдениет қайраткері,
ардагер ұстаз.
Петропавл қаласы.