«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРТ – АСЫЛ ТАС

1937 жылдың Ішкі істер халық комиссариатының арнайы бұйрығымен салынған «Халық жаулары әйелдерінің Ақмоладағы лагері» – «АЛЖИР» азап орталығында 8 мыңға тарта нәзік жан қамауда болған. Осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Ең сұмдығы – мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмай, темір тордың ар жағында жүздеген нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды.

Гертруда Платайс – осы лагерьде азап шеккендердің бірі. Ол 1990 жылы Германиядан Қазақстанға келіп кеткен сапарында «АЛЖИР» мұражайының қызметкерлеріне жергілікті қазақтарды алғаш көргені, олардың тұтқын әйелдерге қалай қарағаны жөнінде айтып беріпті. Қыстың қақаған боранды аяздарында тұтқын әйелдердің барлығы үнемі тәулігіне 17-20 сағатқа дейін қара жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бірде әйелдер « Жалаңашкөл» деген жерден қамыс будаларын арқалап келе жатады. Жолда қарттар мен балалар кездесіпті. Балалар үлкендердің айтуымен әйелдерге қарай тас лақтыра бастайды. Қарауылдар: “ Сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылда да жек көретінін байқадыңдар ма?!” – деп қарқылдап күліп тұрады. Осылайша бірнеше күндер бойы қайталанады.  

Тұтқын әйелдер: «Бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?», – деп налиды. Қазақтардың неліктен соншалықты қатыгез болғандықтарын түсінбейді. Бірде аштық пен суықтың азабын тартып, әбден әлсіреген бір әйел әлгі тастардың біріне сүрініп құлайды. Құлаған кезде дәл алдында жатқан тастан сүт пен ірімшіктің иісін сезіп қалады. Шетінен бір тістеп көрсе, дәмі тіл үйіреді екен. Сөйтіп, тастардың барлығын теріп алып, баракқа алып келеді. Барактағы тұтқын қазақ әйелдер оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндіріпті. Қазақтар осылайша қарауылдардың күмәнін туғызбай, тұтқын әйелдерге көмектесудің жолын тапқан екен. Қойшылар бұта-бұтаның түбіне кейде нан, кейде ет тастап кетіп, әйелдерге белгі береді екен. «АЛЖИР» тұтқындары жергілікті қазақтарға разы болады.

Гертруда Платайстың бұл әңгімесі «Құрт – асыл тас» («Курт – драгоценный камень») деген өлеңге арқау болды. Өлеңнің авторы – Ақмола облысы Новоишимка ауылында тұратын тарих пәнінің мұғалімі Раиса Голубева.

Әйелдерге құрыған әлдәрмені,

Таңғаларлық қазақтың дәм бергені.

Балаларға тас емес, құрт лақтыртып,

Қарттарының ғажап-ау көргендері.

Сезіндік қой біз іштей сонда бәрін,

Бізді олардың осылай қорғағанын.

Жау емесін аңғарып әйелдердің,

Жасырып бере білген қолда барын.

Япыр-ау, қазақ неткен жомарт халық,

Ойланасың отырып соны ақтарып.

Қамығасың, қиялға берілесің,

«Бұл тозақтан шығар ма ек тек ақталып?!»

Қазақ неткен жүрегін жайған халық,

Төзімді, кетсе-дағы жер айналып.

Отырамыз қамығып абақтыда,

Мейіріміне қазақтың қайран қалып…

Неміспін мен, өлмедім әлі, міне,

Ойға бөктім, түбіне сан үңіле.

Өзге үшін өзегін жұлып берер

Сыйындым мен қазақтың Тәңіріне!

Талай азап басымнан өтті менің,

Сұм заманда алынбай кетті кегім.

Оны қойшы, сонда мен Тәңірімнен

«Қазақтарды сақтай көр!» деп тіледім!

– Лагерьдің жақсысы жоқ, бірақ қазақстандық лагерьлерден тірі қалған адамдар көп болды, – дейді Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешенінің» қызметкері Раиса Жақсыбаева.

Дайындаған Айша ҚОДАРБЕКОВА,

Ставрополка орта мектебі

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

(Өлеңді қазақшаға аударған ақын

Зейнолла Әкімжанов).

Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp