«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

15 ЖЫЛ АЗАП ШЕККЕН

Сталиндік қуғын-сүргін заманы артта қалып, тарих тұңғиығына кетсе де, сол зұлматтың құрбандарының есімдері ел есінде жаңғыруда. Сондай азаматтардың бірі – менің қайын атам Нұрмағанбет Жамшин бір емес, екі рет сотталып, 15 жыл азапты бастан кешті. Ол 1896 жылы қазіргі Есіл ауданындағы Қарабұлақ ауылында кедей шаруаның отбасында туған.

Жасынан талаптанып, ауыл молдасынан сауат ашады. Содан соң Қызылжардағы мұғалімдер даярлайтын курста оқиды да, Орынборда оқу-ағарту қызметкерлерінің курсын тамамдаған соң, қаламыздағы жетім балалардың мектебін басқарады.

Осы кезде Қазақстанның батысын қоныстанған Адай руы Кеңес өкіметіне қарсы болып, бой көрсетеді. Осы жағдайда Қазақ АКСР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин комиссар Әліби Жангелдинді адайлармен келіссөзге жұмсайды. Онымен бірге сол сапарда Н.Жамшин де болады. Осы келіссөздердің нәтижесінде Адай руы кеңестер жағына шығады.

Одан соң атам Балқаш мыс комбинаты салына бастағанда кәсіпорын директорының орынбасары қызметін атқарады. Бұл кезде 1930-1932 жылғы аштықтан азып-тозған ел-жұрттың арасында түрлі сырқаттар жайылып, мал да қырылады. Елді күйзеліс жайлайды. Осы қиын жағдайда Н. Жамшин халықтың аман қалуы үшін мал басын сақтау қажеттігін түсініп, мал дәрігерлерін бұл іске жұмылдыруға қатысады. Осы мақсатпен ол қазіргі Аққайың ауданынан әйгілі мал маманы Жәмәли деген қартты Балқаш өңіріне арнайы алдырыпты.

Бірақ оның өзіне осыдан кейін құрық салынады. Ол бұл уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында халық судьясы қызметін атқарған екен. Кейін Алматыда заң институтында директор болып жүргенде оған «халық жауы», «жапонның тыңшысы» деген жала жабылып, үштіктің шешімімен 8 жыл мерзімге Сібір түрмелерінің біріне қамалады.

Кесімді мерзімін өтеп келген соң да оған маза бермей, қайта сотталады. Тек, 1953 жылы Сталин өліп, Берия әшкереленгеннен кейін, 1954 жылы бас бостандығын алған. Елге келген соң Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында бейбіт еңбекке араласып, партияға қайта қабылданады. Осы орайда ол ауылдарда сауат ашу, қазақ жазушыларының шығармаларын тарату ісіне белсене араласады. 1967 жылы Қазан революциясының 50 жылдығына орай «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Ол ауданның Қызыл Жұлдыз, Аралағаш, Ленин ауылдарындағы мектептерде жиі болып, оқушылармен кездесулерге қатысатын. Ертең – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Дайындық ауылында оларға арналған ескерткіш ашылмақшы. Солардың ішінде біздің атамыз да бар. Біз, оның туыстары, осы үшін «Дайындық» ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденовке және мектеп басшысы Талғат Рамазановқа зор алғысымызды арнаймыз.

Жанайдар ӘБДІРАХМАНОВ,

зейнеткер-ұстаз, тыл ардагері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp