Адамзатты күйзелткен Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанының 70 жылдығы мерекесін “үлгіліктер” ерекше ілтипатпен өткізді. Сексен бес жылдық тарихы бар Жамбыл ауданына қарасты Үлгі ауылынан сол бір зұлмат заманда ел қорғауға аттанған жауынгерлер жетерлік. Солардың біразы бүгінде бақилық сапарға аттанған. Өмірден өткен ардагерлердің артында қалған ет жақындары мен ұрпақтары аталарының елдің тыныштығы, халықтың амандығы үшін жасаған ерен істерін еске алып, аруақтарға Құран бағыштады.
Петропавлдан шалғай орналасқан ауылға алыс аймақтардан, тіпті, еліміздің өзге де өңірлерінен арнайы келген меймандардың қарасы қалың болды. Бектұрған Құрмашұлы, Сапар Бектұрғанұлы, Бірлік Шегеұлы есімді азаматтар бабалар рухына тағзым етіп, бейбітшілік бесігінде тербелген бүгінгі буынның жаздай жайма-шуақ өмірлеріне сүйсінді. Соғыстың аяқталған, сұмдықтың саябырсыған 1945 жылдары Үлгі мектебінде директорлық қызмет атқарған Бектұрған Құрмашұлы – ауылымыздың дамуына да атсалысқан жанның бірі.
Мерекелік шара барысында Үлгі мектебінің мұғалімдері мен өнерпаз оқушылары ән-жырдан шашу шашып, майдан даласындағы қантөгістерден қойылымдар көрсетті.
Балтабай МІНАЙДАРҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Жамбыл ауданы,
Үлгі ауылы.