«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨҢІЛДЕ – ШЕР, КӨЗДЕ – ЖАС

“Тәуелсіздік жылдары мыңдаған заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Олар ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Сол жылдары 100 мыңнан астам қазақстандық жазықсыз қуғынға ұшырап, сотталды. Ал Қазақстанға жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің 130 мыңнан астамы біздің өңірге қоныстанған. Тағдыр тәлкегіне түскен халық бірлігі мен татулығының арқасында тірі қалды”, – деді саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тоталитарлық режім құрбандарына арналған монумент алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтіп отырған еліміздің әрбір азаматы сол жылдардағы қайғы-қасіретті еске алғаны жөн. Бір шаңырақ астында бір тілім нанды бөліп жеген этнос өкілдерінің тағдыры ғана емес, танымы да ортақ.

– Менің атам мен әжем отбасыларымен Украинадан Тайынша ауданына жер аударылды. Сусыз, ассыз, жарықсыз, отынсыз тіршілік етті. 1936 жылы атам атылыпты. Осы күнге дейін біз оның қалай және қайда қайтыс болғанын білмей келдік. 1940 жылы әкем қамауға алынды. Әжем ең үлкені 6 жаста болған үш немересімен қалды. Біздің қалай өмір сүргенімізді түсініп отырған шығарсыздар. Өлім аузынан өзара түсіністік, қамқорлық, қайырымдылық құтқарды, – дейді бұл күндерді өз көзімен көрген Иосиф Марцинкевич.

31 мамырды қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Осы орайда отбасымен қаралы жиынға келген Ескендір Нұрымовтың әкесі намаз оқып, жаназа шығарғаны үшін 11 ай темір тордың ар жағында отырған. Ол сияқты, көздеріне жас алып тұрып туыстарын еске алғандарда бір-ақ тілек: бұдан былай ашық аспанымызды темір тордай қара бұлт баспаса екен.

Осындай ойларымен монументке гүл шоқтарын қойып, жазықсыз құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алған жұртшылық, қазақ поэзиясының Шолпан жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне де барып, ақынның рухына тағзым етті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp