«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАНТСАҢ, БАЛАНЫ ҚУАНТ!

Жаздың алғашқы күні Халықаралық балаларды қорғау мерекесімен тұспа тұс келеді. Соған орай облысымыздың елді мекендерінде балаларға арналып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрі ежелден қалыптасқан.

Бұл күні, әсіресе, аз қамтылған көпбалалы отбасылардың балалары мен Балалар үйінің бүлдіршіндеріне ерекше көңіл бөлінді.

Петропавл қаласының орталық алаңында “Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен!” атты салтанатты концерттік шара өтті. Онда өңіріміздің балалар ұжымдары ән мен күйден шашу шашты. “Капельки” және “Дружные ребята” би ансамбльдерінің “Біз біргеміз” атты композициясымен ашылған концертте Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның домбырашылары “Көк дөнен” халық күйін, “Айналайын” эстрадалық ән ансамблі “Қазақстан”, “Балалық шақ”, “Алға Қазақстан!” атты музыкалық шығармаларды орындады. “Дружные ребята”, “Қарлығаш”, “Қуанамын” халық би ансамбльдері де өз өнерлерін ортаға салды. Концерттік бағдарлама “Мисс Еркетай – 2015” байқауына ұласты. Бұл сайыста мектепке дейінгі білім беретін мекемелердің тәрбиеленушілері бақ сынасты.  

Сәндік қолданбалы өнер фестивалінің аясында балалардың бір тобы асфальтта, бірі мольбертте сурет салса, қалғандары қағаз қиындыларымен гүлдер жасады. Олардың туындылары “Отан гүлдері” деп аталып, балаларды қоршаған ортаны аялауға шақырды. Елімізде тұратын сан этностың мәдениетін насихаттау мақсатымен қала мектептерінің оқушылары ұлттық киімге көмкерілген қуыршақтар жасаған. №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің технология пәнінің мұғалімі Наталья Ефремушкинаның айтуынша, балалардың өз қолымен жасаған қуыршақтары оларды өзге этностардың мәдениетін зерттеуге талпындырып, қызығушылығын арттырады.

Ертегі әлемінің кейіпкерлері, сайқы-мазақтар, түрлі сайыстар, көрмелер мен тегін таратылған балмұздақтар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp