Есту қабілеті нашар жандар облыстық саңыраулар қоғамының төрағасы Василий Мироняктың өз қызметін дұрыс атқармайтынын, маңына туған-туыстары мен таныстарын топтастырғанын айтып, наразылықтарын білдірді.
Наразы топ өздерін тоқтатуға әрекеттенген күзетшіні кеудеден итеріп, қоғамның кезекті есеп беру-сайлау конференциясына баса-көктеп кірді. Ашуға булыққан жандар қарсылықтарын ым-ишарамен жеткізіп, жер табандап тұрып алды.
Мекеме жетекшісі В. Мироняктың уәжі мүлдем басқаша. Оның айтуына қарағанда, жер-жаһанды дүрбелеңге салған жұмыссыздық саңыраулардың да арқасына аяздай батқан көрінеді. Бүгінде өңірдегі есту қабілеті төмен адамдардың көбі 19 мың теңге жәрдемақыны қанағат етіп отыр. Соған қарамастан, қоғам арқылы 200 кембағал адам жұмысқа орналастырылыпты.
– Кәсіпорын басшылары “тілдесу қиын” деген желеумен мүгедек жандарды жұмысқа қабылдағылары келмейді. Әрқайсысына аудармашы ұстай алмайсың ғой, – деп ақталады ол.
Ақыры облыстық филиалға жаңа төраға сайланды. Ал В. Мироняк осындағы тігін цехына директор болып қалды.
Бақыт РАМАЗАН.