«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢДЫ БҰЗСАҢ, ЖАЗАҢ ДАЙЫН

       2 маусымда облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары  Әділбек Мұқашевтің төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға томпақ келетін әрекеттерге жол берген екі басшыны қызметтерінен босату туралы ұсыныстар қабылданып, тәртіптік істері қаралған өзге мемлекеттік қызметшілерді де қатаң жауапқа тарту ұйғарылды.

       Тәртіптік кеңесте алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов өзі жетекшілік жасайтын саладағы мемлекеттік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын қадағалау жайлы баяндады. Өңірдің бас дәрігерінің жасаған хабарламасы қаперге алына отырып, оған облыстық ардагерлер кеңесі қарт адамдарға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту жөнінде көтерген көкейкесті мәселелерге мұқият көңіл бөлу қажеттігі атап көрсетілді.

       Тимирязев аудандық прокуратурасы аудан орталығындағы агротехникалық колледждің директоры Киікбай Нұрикеновке сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берді деген кінә таққан екен. Ол Белоградовка ауылында тұратын Төлеген Сағатовты былтырғы  қыркүйек айынан бастап шаруашылық меңгерушісі қызметіне қабылдап, еңбекақысын толық көлемінде төлеп келіпті. Алайда, оның жұмысын осы оқу орнында алғашқы әскери дайындықты ұйымдастырушы болып істейтін ұлы Уәлихан атқарған көрінеді. Бұл заңға қайшы келетін әрекетке неге барғанын колледж директоры У. Сағатовтың жарты ставка бойынша небәрі 15 мың теңгеге істеуге келіспегенін, ал Тимирязево ауылынан одан басқа іскер кадр табылмағынын айтып түсіндіріп, ақталуға тырысты. Ол өзінің бір кезде жекеменшікке сатылып кетіп, кейін мемлекетке қайтарылған колледждің тоз-тозы шыққан ғимаратын қалпына келтіруге сіңірген зор еңбегін ескеруді де өтінді.  Алайда, заңның аты заң. Оны бөтен пиғылсыз, білместікпен бұрмаласаң да жазаң дайын. Сондықтан да Тәртіптік кеңес мүшелері прокуратураның К. Нұрикеновті қызметінен босату жөніндегі ұсынысына көпшілік дауыспен қолдау білдірді.

       Петропавл қаласының тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үстіміздегі жылы облыс орталығының жолдарын жөндеу мақсатында бюджеттен бөлінген 177 миллион 696 мың теңгеден астам қаржыны игеру үшін конкурс өткізген екен. Өкінішке қарай, облыстық қаржы бақылау инспекциясы жүргізген тексеріс материалдары бойынша аталған бөлім басшысы Жаңабек Тұрсынов басқарған конкурстық комиссияның «Дорожник Ашық Аспан»,  «Норд Жолдары», «Петроbuilding», «СК-Максимум», «СУ-808»  сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өтінімдерін негізсіз қабылдамай тастап, конкурс өтпеді деген заңсыз шешім шығарғаны әшкереленіп отыр. Ж. Тұрсынов содан кейін бір көзден сатып алу әдісі бойынша конкурсқа мүлдем қатыспаған «Эталон Север Вод Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасаған. Алайда, бұл іске облыстық прокуратура араласып, Петропавл қаласы әкімінің атына наразылық түсірген соң қолданыстағы заңнаманы белден басып өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындысының күші жойылып, «Эталон Север Вод Строй» ЖШС-мен жасалған келісімшартты бұзуға тура келген. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы көпе-көрінеу бұрмалаушылыққа барған  Ж. Тұрсыновты қызметінен босату туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды.

       Сондай-ақ, Петропавл қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабралин биылғы наурыз айында облыс орталығында бірнеше тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуде сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық белгісі бар әрекетке жол бергені үшін оған өз қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялау ұйғарылды. Ал осы конкурсты өткізген комиссияның мүшесі, сектор меңгерушісі Нина Чащинаның қызметі төмендетілетін болып шешілді.

       Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Аман Қабдөшев пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Құсанов қысқы жолдарды қардан тазалау бойынша өткізілген конкурста жеңімпаз атанған, бірақ ешқандай техникасы жоқ жеке кәсіпкердің мүмкіндігіне күмән келтіргендіктен, оны келісімшарт жасаудан бас тартуға үгіттеген көрінеді. Бірақ, бұл әрекеттері қолданыстағы заңнамаға қайшы келетіндігін ескермеген сыңайлы. Сөйтіп оларға жеке кәсіпкердің өз құқығы мен заңды мүддесін жүзеге асыруына көпе-көрінеу кедергі келтірді деген кінә тағылып, екеуіне де өз қызметтеріне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялау ұсынылды.

       Ал, Қызылжар аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Құдайберген Иватовты көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін полиция қызметкерлері тоқтатып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы протокол толтырғанда ол өзін «жұмыссызбын» деп көрсеткен болып шықты. Бұл мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін бұрмалау болып табылады. Осы жөнсіз қылығы үшін оған қатаң сөгіс жариялау қажет деген ұсыныс қабылданды.

(Өз тілшіміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp