
Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында қуаттылығы 60 мың тонналық жаңа элеватор ашылмақ. Оның сыйымдылығы 27 мың тонналық қамбасы үстіміздегі жылдың аяғында қолданысқа берілмек. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов аталмыш нысанның құрылысымен танысты. Өңір басшысы осы сапары кезінде Ақжар ауданында да болып, көктемгі егіс науқанының қарқыны мен елді мекендерді абаттандыру жұмысының барысына назар аударды.
Бүгінде Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында Абылай хан көшесін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жұмысшылар жол бойына жаңа өрнектастар төсеп, көшелерге шамдар орнатуда. Бұдан бөлек осындағы 24 пәтерлік үйде де жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бағытталған 6 миллион теңгенің 2 миллионы демеушілер қаражаты болса, 4 миллион теңгесі аудан бюджетінен бөлінген. Нысанда 2 бригада еңбек етуде. Үй тұрғындары мұндай оң өзгерістерге дән риза.
– Үйдің шатыры жаңартылды. Ғимараттың сыртқы келбеті оңалды. Мұнда коммерциялық ғимараттар да салынбақ. Адамдар үшін қолайлы жағдай жасалуда, – дейді солардың бірі Галина Хилько.
Бұдан кейін Ерік Сұлтанов аудан аграршыларымен кездесті. Жиналыста аудан әкімі Серікбай Тұралинов көктемгі егіс науқанының барысы жайлы баяндады. Үстіміздегі жылы ауданда 235 мың гектар жердің 197 мыңына дәнді дақылдар себіледі. Танап басында 300 ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеуде. Жанар-жағармай, тыңайтқыштар мен тұқым жеткілікті. “4642 тонна минералды тыңайтқыш алу туралы келісімшарт жасалса, оның 3 мың тоннасы жеткізілді. “Богви” ЖШС-нің құрамындағы шаруашылықтарға 3020 тонна минералды тыңайтқыштар берілді”, – деді аудан әкімі.
Облыс әкімі мал шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты. Аудандағы “Данил” және “Ерсалды” фермерлік шаруашылықтарында бордақылау алаңы мен асылтұқымды репродуктор бар. Мемлекеттік “Құлан”, “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Ырыс” бағдарламалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы мал тұқымын асылдандыру, құс фермаларын құру, сүт жинау, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша біршама жобалар жүзеге асырылмақ. Осының бәрімен танысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов аталмыш ауданның өсіп-өркендеуіне кедергі болар мәселелер жоқ екендігін айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы аграршыларды мемлекеттік бағдарламалардың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Қазіргі таңда бизнесті бастап, дамыту үшін барлық жағдай жасалған.
Осы күні Уәлиханов ауданына да барған өңір жетекшісі салынып жатқан шағын элеватордың құрылысымен танысты. Биыл аталмыш элеватордың бір бөлігі ғана іске қосылмақ. “Северная Нива” ЖШС шағын элеваторының директоры Сергей Гусельниковтың айтуынша, бүгінде Ресей мен Түркия елдері зауыттарының құрылғылары жеткізілуде. Элеватор майлы дақылдарды да алу үшін астық қабылдау пунктінде бөлінген екі желіні іске қоспақ. Жоспар бойынша элеватор қазан айында астық қабылдай бастайды. Қалған бөлігі 2016 жылы пайдалануға беріледі.
Аталмыш аудан егіс науқаны кезінде 124 мың гектарға дәнді дақылдар сеуіпті. Ал майлы дақылдардың 70 пайыздан астамы егілген. Тағы бір атап өтерлігі, жемазық дақылдарын себу жөніндегі жоспар 96 пайызға орындалды. Ауа райы қолайлы болса, маңызды науқанды 4-5 күннің ішінде аяқтау жоспарланған.
Өңір басшысы жергілікті аграршыларға ірі мал шаруашылығымен айналысуды тапсырды.
Назерке ТҰРСЫНОВА,
журналист.