Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің төрағалығымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға арналған өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі 15 өтінімі қаралды.
Аталмыш кеңесте бірінші кезекте “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 1-ші, 2-ші және 3-ші бағыттары аясында банк кредиті бойынша сыйақы пайыздарын демеуқаржыландыруға арналған 7 кәсіпкердің өтінімдеріне назар аударылды.
Жамбыл ауданындағы “НТС-Агро” ЖШС 5 мың гектар егістік алқапқа иелік етеді. Оған дәнді және майлы дақылдар сеуіп жатыр. Серіктестік директоры Нұрлан Жұнысовтың айтуы бойынша, жұмысты тиімді жүргізу үшін “Альфа банк” филиалы 12,5 пайыздық сыйақымен берген кредитке 4 “Джон Дир” комбайнын, 4 “Барго” және “Эмити” себу кешенін сатып алған.
Комиссия агроқұрылым басшысының сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызын демеуқаржыландыру жөніндегі өтініміне қолдау білдірді. Енді ол банкке 2,5 пайыз ғана үстемеақы төлейді. Осындай қолдауға тағы 6 кәсіпкер ие болды. Сөйтіп, 3 жылда бюджеттен 82,9 млн. теңге көлемінде демеуқаржы төленеді.
Кәсіпкерлер өз жоспарларын жүзеге асыру кезінде бұрынғы жұмыс орындарын сақтап, 15-тен астам жаңа жұмыс орындарын ашады.
Келесі кезекте “Павлухин П.А.” және “Мардасов Н.В.” жеке кәсіпкерліктерінің бұрын мақұлданған кредиттерді демеуқаржыландыру жөніндегі шарттарының мерзімі өзгертілді.
Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы “Қыдырбекова Г.Н.” жеке кәсіпкерлігі такси қызметін көрсетумен айналысады. Сол үшін банк кредиттеріне 5 автокөлік сатып алған. Бұған дейін банк сыйақысының 7 пайызына мемлекеттік қолдау көрсетіліп келген. Енді үстемеақының 10 пайызы бюджет есебінен өтелетін болды. Осындай жеңілдікке Қызылжар ауданындағы “Атай-СК” ЖШС мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ольга Вигерич те қол жеткізді.
Үйлестіру кеңесінде екі кәсіпкерлік субъектісінің негізгі қарыз бойынша жеңілдік беру түріндегі ережесіне өзгеріс енгізілді, бір кәсіпкердің бұрын мақұлданған демеуқаржысы жаңғыртылды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.