Еліміздегі мектеп бітіруші түлектердің он бір жылдық білімін сарапқа салып, болашағын бағамдайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу біздің өңірімізде де басталды. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, үстіміздегі жылы 3733 оқушы мектеп бітірмек. Олардың 2531-і ҰБТ сынақтарына қатысуға өтініш білдірген. Маусым айының 2-сінде басталған білім сынағы 5-іне дейін жалғаспақ.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жиналғандардың қатары қалың болды. Үлкен өмірге бастайтын маңызды сынақтан өтуге түлектер мен ата-аналар таңғы сағат 7-де келе бастаған. Қобалжыған ұл-қыздар, жүректері лүпілдеген ата-аналар, үмітін үкілеген ұстаздар.
Білім және ғылым министрлігінен келген өкіл Маржангүл Алпыспаева, аталмыш білім ордасының ректоры Оңдасын Әшімов, Петропавлдағы дарынды балаларға мамандандырылған “Лорд” лицейінің директоры Константин Рыб сөз сөйлеп, қаздай қатар тізілген үміткерлерге сәттілік тіледі. “Көмек” орталығының психологтері Ғалия Баязитова мен Лариса Маркова түлектерге психологиялық сергіту жаттығуларын жасатты.
Содан кейін Петропавл қаласындағы орта білім беретін 25 мектептің және дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік, “Лорд” лицейлерінің, Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернаттың 521 оқушысы университеттегі талапқа сай жабдықталған тоғыз аудиторияға бөлініп, тест сұрақтарын белгілеуге кірісіп кетті.
Сынақ тапсырушыларды қолдауға келген жақын туыстары тестілеу барысын бас корпустың алаңында орналасқан монитор арқылы бақылап тұрды.
– Қызымды сабақ беретін ұстаздарынан өзге репетитор дайындаған жоқ. Бірінші сыныптан бастап өз бетімен ұмтылып келеді. Ол өзінің жақсы нәтижеге қол жеткізетініне сенімділік танытса да, жүрегімнің қобалжуы басылар емес, – дейді Айымгүл Дәулетова.
Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, ҰБТ-ның алғашқы нәтижелері көңіл қуантады. Бірінші емтиханның қуанышты жаңалығы да бар. Ең жоғары 123 балды Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Әсел Шарапова иеленді.
Маусымның төртінші жұлдызында облысымыздың барлық аудандарының, ал 5-і күні Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның түлектері тест тапсыратын болады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Ә. Шарапова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
