«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕМНІҢ ӘДІЛДІГІ

Әкем Шаяхмет Шаханұлы 1904 жылы қаңтар айында қазіргі Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында дүниеге келген.

Жеті жасында ағасы Сұлтанмен әке-шешесінен бірдей айрылып жетім қалды. Күнкөріс үшін бай есігінде жалданып еңбек етті. Ауыл молдасынан, одан кейін ересектер мектебінде оқып, төрт сыныптық білім алған. Кейін артель, колхоз құрылысына белсене араласып, «лениндік шақырумен» партия қатарына өтеді. Отызыншы жылы аудандық НКВД-ға қатардағы милиция болып қызметке алынады. Екі айдан кейін қаладағы арнайы курсқа оқуға жіберіледі. Оқуға барған әкем курс бастығымен келісіп, көрші кемпірлерден қарызға алған екі қарын сары майды беріп, ауылға қайтып келеді. Кейін: «Әке, сол кезде неге оқымадың? Үлкен милиция қызметкері болар ма едіңіз» – дейтінбіз. Сонда: «Ол кез өте ауыр кезең болды ғой. Жазықтыны да, жазықсыздыны да тергеуге тасып, көбіне ақ-қарасын айырмай, абақтыға қамап жататын. Мұндай жұмыс маған ұнамайтын. Сосын курс бастығымен келісіп, жұмысқа жарамайды деген қағаз алып, елге қайтып келдім», – дейтін. Соғысқа дейін әкем колхоздың белсенді мүшесі болып, еңбек еткен.

Ұлы Отан соғысы басталғанда алдымен 1902 жылы туған ағасы Сұлтан Октябрь аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, ауылдың Қайса Нұртазин, Битан Құспеков, Таутиқан Бектеміров деген жігіттерімен бірге соғысқа жіберіледі. 1942 жылдың бас кезіне дейін майданда жүргенін білдіріп, хат жазып тұрады да, сол жылы хабарсыз кетеді. Артында Ақбала, Ақжан есімді ұл-қызы мен зайыбы Көкия апамыз қалады. Сұлтан атамыз соғысқа аттанғанда, Ақжан іште қалған екен. Соңғы бір хатында Сұлтан: «Түсімде ақ киімді, ақ сақалды қарияны көрдім. Егер ұл туса, есімін Ақжан деп қой», – деп аманат еткен екен. Көкия сол аманатын орындап, ұл-қызын өсіріп, өмірінің соңына дейін Сұлтанды күтумен болды. Облыста озат комбайншы атанып, үш орденнің, бірнеше медальдің иегері болған Ақжан кенеттен қайтқанда соның қайғысы ана жүрегін одан сайын қарс айырды. Сол ауыр қайғыдан Көкия апамыз 1977 жылы көз жұмды.

Әкем ағасының артынан 1942 жылдың соңында әскерге алынып, ешқандай әскери дайындықсыз бірден соғысқа жіберіледі. Қатардағы жауынгер, атқыш ретінде Калинин бағытындағы шайқасқа қатысады. Ауылдан бірге барған Шекен Тайқошқаров деген жолдасымен осы бағыттағы бірнеше ұрыстың бел ортасында жүреді. Бірде немістер қарша боратқан оқты былай қойып, минометпен атқылап, жауынгерлеріміздің бетін қайтаруға тырысады. Сол атыста Шекеннің шекпеніне от тиіп, лаулап жана бастайды. Мұны байқап қалған әкем жауып тұрған оқтың астымен жер бауырлап барып, өз шепкенімен жолдасының үстіндегі лапылдаған жалынды жауып сөндіреді. Енді кейін қайтайын десе, Шекен жаралы екен. Бұл кезде немістер де қоян-қолтық ұрыстан жеңіліп, кейін шегіне бастайды. Осы сәтті пайдаланған әкем жолдасын екі иығынан сүйреп, дәрігерлік көмек орналасқан блиндажға жеткізеді. Әкемнің осы ерлігін Шекен атамыз өле-өлгенше аузынан тастамай айтып жүрді.

Әкеміз 1943 жылдың қыркүйек айында сұрапыл бір шайқаста аяғынан ауыр жараланады. Жанына жақын түсіп жарылған снарядтың төрт бірдей жарықшағы тобығы мен жіліншіктің сүйегіне кіріп кеткен. Смоленскінің госпиталында алты айдай жатып емделеді. Дәрігерлер «аяғыңды кесеміз» дегенге көнбейді. Сөйтіп, балдаққа сүйеніп, жүруге жарағаннан кейін бірінші топтағы мүгедек болып, елге оралады. Ағасының соғыстан оралмай, хабарсыз кеткенін естіп, қатты қайғырады. Қолынан келген бар қайраны – ауылдық кеңеске барып, ағасының аты өшпесін деп, Шахановтар болып жүрген Ақбала мен Ақжанның ата-тегін Сұлтанның атына жаздырады. Әкеміз аяғы сауыққан соң колхоз, кейін кеңшар жұмысына араласады. Сатушы, жағармай стансасының меңгерушісі болып жұмыс істеп, 1965 жылы зейнеткерлікке шығады. Соның өзінде де кеңшар жұмысынан біржола қол үзіп кетпейді. Жаз айларында қоғамдық малға талдан мал қорасын тоқуға, егістікті дәрілейтін кезде түнде самолетті күзетуге, тағы басқа жұмыстарға қолғабыс тигізіп жүрді. Әкем жетпіс жасына дейін осы маусымдық жұмыстарға қолғабыс тигізуді үйреншікті әдетіне айналдырды.

Алпысыншы жылдары аяғының кемістігі бар бірінші, екінші топтағы соғыс мүгедектеріне «Запорожец» жеңіл машинасын тегін беретін болды ғой. Әкеме де машина алу үшін комиссиядан өтуге қағаз келді. Ауданнан сол қағазды әкелген жігітке әкем:

– Шырағым, елімізде бір аяғын кестірген мүгедектер он мыңдап саналады. Оны соғыста өз көзіммен көрдім. Үкімет алдымен соларға берсін. Менің аяғым жүруге жарайды, – деп кейін қайтарып жіберді. Ол кезде біз жаспыз, мәнісіне түсінген жоқпыз. Әрі әкемнің бір айтқанынан қайтпайтын мінезі бар. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында әлгіндей мүгедектерге жаңа үлгімен шығарылған «Ока» жеңіл машинасы берілетін болды. Шоферлік оқуды енді ғана бітірген інім Дулат екеуміз әкемізді осы машинаны алуға азғыра бастадық. «Тоқсанға келгенде мені машина жүргізеді дегенге кім нанады? Қойыңдар, жұрт күлер», – деп әкеміз көнбеді. Баласының жүргізушілік куәлігі болса береді дегенді алға тартып, ақыры көндіріп, облыстық ВТЭК-тің комиссиясына әкелдік. Сонда айнаға түсірген дәрігердің әкемнің аяғындағы төрт жарықшақты көріп, таңғалғаны бар. Барлық дәрігердің байқауынан өткен әкем екінші топтағы мүгедек болып, машинаның кезегіне тұруға қағаз алды. Бірақ бұл кезек әкеме жетпеді. 1995 жылдың 16 қарашасында әкеміз қайтыс болды.

Жоламан ШАХАНОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp