
“Алтын асық” бағдарламасымен қорасын қойға толтырғандардың бірі – Тайынша ауданына қарасты Теңдік ауылының тұрғыны Шоқан Әлжанов. Тал бойына әкеден өсиет, анадан қасиет дарыған жас кәсіпкер бала күнінен төрт түліктің жанында жүріп жетіледі, оларды күтіп-баптауға әуес болып өседі. Оның үстіне шаруашылықпен шыңдалып, өмір бойы нәпақасын мал шаруашылығынан айырып, адалынан ас тапқан арқасүйер әкесінің тәлім-тәрбиесі темірқазықтай дұрыс бағыт сілтейді. Осылайша қарағайға қарап тал өседі. Тұғырлы Теңдік ауылының тұрғындарын иманға ұйытып, ар-ұят, адамгершілік сынды жақсы қасиеттерді бойларына сіңіртіп, бір төбе жұртты арақсыз ауыл халқы атандырған ардақты әкесі – Орынбай қажының өнегесі Шоқанның да талабын шыңдап, көздеген мақсатының жүзеге асуына себепкер болады.
Өмірдің қандай саласы болсын кез келген адамның өз құқықтары мен бостандықтарын жетік біліп, жүйелі іс жасайтын жан атануды жөн санаған Шоқан Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін заңтану мамандығы бойынша бітіреді. Ол оқуға түскен жылдар жастардың заңгер, экономист салаларына жаппай бет бұрған уақыты еді. Шоқан да сол сүрлеуді таңдайды. Күректей дипломды қолына алғанмен, еңбек жолын атакәсіппен байланыстырады. Ойы да, икемі де төскейді төлге толтырып, қой, жылқы басын көбейту еді. Ойлаған арманына “Алтын асық” мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткізеді. “Агробизнес – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамынан несие алады (қаржының тең жартысын мемлекет субсидиялайды).
– Аталмыш қаржыға 600 бас асылтұқымды Еділбай қойын сатып алдық. Одан өзге 60 бас қошқарды еліміздің Батыс өңірінен арнайы алдырттық. Қыстың қамын жаз қамданып, бір қысқа жемшөпті жеткілікті етіп дайындадық. Бүгінде, Құдайға шүкір, еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Айналдырған екі-үш жылдың көлемінде алты жүз басымыз екі мың жеті жүзге, яғни үш отарға жетті, – деп ағынан жарылған Шоқанның маңыраған қой-қозыларын көзімізбен көріп, көңілімізді тойдырсақ деген оймен одан жайлау төсіне апаруын өтіндік.
Ен даланы еркін жайлаған қой-қозылар тал-терек ұшыраспайтын сайын дала келбетін көріктендіргендей. Шағалалы көлін жағалай орналасқан жайлаудың шаруаға жайлы шұрайлы жер екендігі де көрініп тұрды. Бір-бірінен өткен, төңкерілген қазандай семіз қойларды бағып жүрген Шопан ата да бар. Ол Теңдік ауылының тұрғыны, Моңғолиядан атамекенге келгеніне аз ғана уақыт болған жас жігіттің іс-әрекеті бұрынғы шопандарды көз алдымызға әкеліп, қазақтың көне кәсібінің бәсі бөлектігін аңғартып тұрды. Қойлардың қыр-сырын айта жөнелді.
– Кейде ауа райының қолайсыздығы жұмысқа кедергі келтіреді. Алайда, қойдың жүнін уыстап ұстау арқылы күннің райын алдын ала болжауға да болады. Қой бағып, аттың құлағында ойнаған қарапайым қазақтың баласымын ғой. Содан болар, кездескен қиындықтармен күресіп келемін. Айсайынғы жалақым да жарым мен кішкентайымның қажетін өтейді, – деді де, Жайлаубай есімді жігіт жамыраған қойдың бетін қайтаруға астындағы мініс көлігімен шаба жөнелді.
Жайлау төсінде болған сүт пісірімдей уақыттың ішінде біз Шоқанның ұсақ мал басын арттыруға мүмкіндік берген “Алтын асық” бағдарламасына деген ризашылығын сездік.
“Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір” дегендей, Шоқанның шаруашылықтан көріп отырған пайдасы да орасан. Бір қойдан кемінде 22-23 килограмм ет алады. Өнімді Астанаға, көршілес Ресейге жөнелтеді. Биыл саулық басына төл алған шаруа адамының алдағы уақытта іске асыруды көздеген жоспарлары да жетерлік. Әзірге, 2700 басты құрап отырған қойдың санын 6 мыңға жеткізбек.
– Біздің облыста қойдың етін сүрлейтін орындар жоқтың қасы. Осыны іске асыратын цех ашуды көздеп отырмын. Қойдың жүні де сұраныс тудырмайды. Алайда, оны тұрмыстың сан түріне қолдануға, одан адамға қажетті дүниелер жасап шығаруға әбден болады. Жүн өңдейтін кәсіпорын ашу да – ойымызда жүрген мақсаттардың бірі. Егер де барлығын сәтті жүзеге асыратын болсақ, ауылдағы екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың біразын жұмысқа тартар едік, – дейді Шоқан.
Шаруашылық шыдамдылықты, ерен еңбекті қажет етеді. Мұның мәнін Шоқан терең түсінеді. Қандай жағдайда болсын білімнің көш бастайтынын, қара түнектің өзі біліммен сәулеленетінін ұғынған шаруа адамы Алматыдағы Қазақ аграрлық университетінде зоотехник мамандығы бойынша білім алуда. Зайыбы – Теңдік орта мектебінің мұғалімі.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Тайынша ауданы.