Талай еңбек тарландары туралы жаздым, алайда, абырой-атағы берісі облыс, әрісі республика көлеміне танылған Николай Николаевич Петров жайында жазбағаным дұрыс болмаған екен. Орда бұзар отыз жастың бел ортасында осы кісімен білек біріктіріп, бес жыл бір кеңшарда бірге қызмет еттік.
Сол кезде жасы алпысқа таяп қалған ол кеңшар директоры болса, мен партия ұйымын басқардым. Небәрі техникумдық білімі бар, таза қазақ ауылында өскен маған ірі шаруашылықтың саяси басшысы болармын деген ой үш ұйықтасам түсіме енген емес. Оған сол кездегі Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жақсылық Ысқақовтың бөлімше меңгеріп жүрген маған назары түсіп, зор сенім артқаны себепші болды. Бұл ұсынысқа басында толқып, жүрексіне қарағаным рас. Аудан басшысы өзіне шақыртып, жанымды қайраққа салып, жанып жібергендей болғасын, тәуекелге бел будым. Содан бері 45 жыл өтсе де, Жақсылық Ғабдоллаұлының ақыл қылып айтқан дәлелді сөздері әлі күнге дейін есімде. Өзімді осындай үлкен жолға салғаны үшін ол кісіге айтар алғысым зор.
Сөйтіп, аудан көлеміндегі ең ірі, бес елді мекенді біріктірген іргелі кеңшарға партком хатшысы болып сайланып шыға келдім. Бірақ, барлық іс-қимыл әрекеті тәрбие жұмысына бағытталған бұл қызметті игеріп әкету оңай болған жоқ. Өзімнің күнбе-күнгі атқарып жүрген істерімді бағалап байқасам, көп жағдайда кемшін түсіп жатқанымды сезінетін едім. Сірә, қиындықтарды қалай да жеңуім керек деген құлшыныстан болар, бірте-бірте қызметімді еңсеріп алып кеттім. Оған өзіме түсіністікпен қарап, ақыл-кеңестерін аямаған шаруашылық басшысы Николай Николаевичтің көп көмегі тиді. Ол тек өзі ғана емес, кеңшардың бас мамандары Уәлихан Қуанышов пен Павел Сивоханы, бөлімше басқарушылары Шөкен Әміренов, Қажығали Әбішов және Біләл Айтмағамбетовтарды, қоғамдық жұмыстардың белсенділері, жазушы Ермек Қонарбаевты, Николай Қузнецовты және Василий Кочетовты партия ұйымының беделін көтеруге жұмылдырды.
Кеңшарды отыз жылдан аса басқарған Николай Петров әлемде қырғын соғыс жүріп жатқан 194З жылы небәрі 21 жасында ауыл шаруашылығының басшылық жұмысына тегін жіберілмеген болар. Оның сұрапыл соғыстан броньмен қалуының өзінде үлкен мән жатыр. Ауылдарда жұмысқа жарайтын ересектердің барлығы соғысқа алынып, техниканың мүлде жоқ кезінде қаршадай балаң жігіттің жауапты қызметті тайсалмай қолға алуы және осынша жылдар бойы абыройлы еңбек етуі – нағыз жері мен елін сүйген жанкешті жанға тән қасиет екені сөзсіз.
Ол кеңшарға қарайтын бес ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін жазбай танитын. Кейде көшеде кетіп бара жатқан ақсақалдың жанына тоқтай қалып, сәлем беріп, жай-күйін сұрайтын. Шаруа адамдарының мұң-мұқтаждарын тыңдап, мәселелерін жол үстінде тұрып-ақ шешіп беретін. Шағын денелі, бірақ кескен томардай кесек Петров қашанда жүзіктің көзінен өткендей пысық, сөзді де тиянақты сөйлеуші еді.
Облыс аумағында Николай Петровты білмейтін жан, ал өз кезегінде Петровтың да білмейтін лауазым иелері жоқ болатын. Барлығымен де тіл табысып, шаруашылыққа қажет мәселелерді оп-оңай шешіп тастайтын. Кезінде өңіріміздің беткеұстар, беделді азаматы және магистральды су құбырларын жүргізетін бүкіл Кеңес Одағына танылған қуатты кәсіпорынның басшысы ретінде жерлестерінің зор сүйіспеншілігіне бөленген Қаттай Кеншінбаевпен егіздің сыңарындай достық, сырластық қарым-қатынаста болды. Ол да бір тегіс жерге тау тұрғызарлықтай өте іскер жан еді. Қандай да бір шаруашылықты өз қамқорлығына алып, оған көмек қолын созу Қаттай Бектасұлына аса қиындық тудырмайтын. Кең жүректі осындай азамат басқарған “Союзцелинвод” тресі біздің ВЛКСМ-нің 50 жылдығы атындағы кеңшарға қыруар қолғабыс жасады. Соның нәтижесінде шаруашылықта барлық жұмысы автоматтандырылған құс фермасы мен мал семірту алаңы іске қосылды. Олар сол кезде ауданда өзгелердің қолы жете қоймайтын жетістікке саналды. “Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа” деген осы да.
Міне, осындай жақсылардың жанында жүріп, қызметті жаман атқаруға болмайды ғой. Шаруашылықтың жас мамандары бәріміз соған тырыстық. Петровтың әрбір жұмыс күні, тіпті, әрбір басқан қадамы біздер үшін үлгі-өнеге болатын. Неге олай екенін білмеймін, бір қызығы осы атақты Петровтың өзі сенім артатын бас мамандарының көбісі орта арнайы біліммен ғана жұмыс істеді. Ол кейде көмекшілерінің бойларына біткен табиғи таланттарын мегзей сөйлеп: “Білімді болу жақсы ғой, бірақ милы болуға не жетсін?” – дейтін еді.
Сол кезде жасы алпысқа таяп қалған Петровты үлкендер жағы бұрынғысынша “Сары бала” деп атайтын. Оған Николай Николаевич ешқашан ренжіп көрген емес, қайта: “Осы атым өзіме ұнайды, кеңшарға алғаш келген балаң жігіт кезімді есіме түсіреді”, – деп күлуші еді.
Петровтың жаңашылдығын, іскерлігін, адамгершілігін айтар болсам, сөз көп. Оның жанкешті адал еңбегі жоғары билік тарапынан еленбей қалған жоқ. Ол төрт бірдей “Еңбек Қызыл Ту” және тағы төрт “Құрмет белгісі” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды.
Николай Николаевичпен қызметтес болған бес жылдың ішінде менің өмірге деген көзқарасым, түсінік-түйсігім кемелденіп, одан кейінде өзім де шаруашылық және кәсіпорын басқарып, тәлімгерімнен көрген іс-тәжірибелерімді пайдаландым. Бүгінде өзіміз де зейнетті еңбек демалысында жүріп, өткен күндеріміз еске түскенде қызметтес болған, өмірден өткен қимас жолдастарымыздың есте қаларлық жақсы істерін жыр етіп айта бергіміз келеді. Олардың адал еңбектерімен соңында өшпес із қалдырғаны анық, осындай қастерлі есімдердің ішінде тәлімгер-ұстазым Николай Петров та бар.
Тілеген ЖЕТЕЕВ,
еңбек ардагері.
Жамбыл ауданы.