«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕДІ

Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдары тарих қойнауына тереңдеген сайын туған елі мен жері үшін кеудесін оққа тосқан майдангерлердің қатары сиреп келеді. Бұл, әсте, ұмытуға себеп емес. Ұмытпасымыз, ұмытылмасы анық. Бейбіт күннің емес, зұлмат соғыстың батыры атанған ата-әжелеріміздің ерлігін, батылдығын, отансүйгіштігін жырлай отыра насихаттау – міндетіміз. Сол себепті жалын жүрегі ажал мен бейнетке төтеп берген жерлесім Ғазиз Ыдырысов жайлы баяндамақпын.

Оның майданда жүріп өткен жолы, жауынгерлік келбеті, кейін бейбіт өмірде де ел-жұртына сыйлы болып, адалдық пен адамгершілікті өзіне ту еткені кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай.  

1942 жылы 21 жастағы Ғазиз Ыдырысов барған 64-ші жедел әскер Сталинград қорғанысына жіберіліп, Калач, Обганеровка аудандарында жаудың алғашқы шабуылдарына қарсы тұрады. Тоғыз айға созылған Сталинград шайқасынан Волга бойындағы қиянкескі ұрысқа барған ол осы жерде контузия алып, дала госпиталіне түседі. Емделгеннен кейін қайта майдан шебіне оралған жауынгерді №1593 жеке саперлық батальонының қатарына алады. Сталинград түбінде жау құрған миналарды залалсыздандырып, әр секунд сайын ажалдың демін сезеді. Міне, осылай Ақмола қаласында құрылған 29-шы атқыштар дивизиясының 290-шы атқыштар полкінің құрамында, кейін 72-ші гвардиялық Красноград, Қызылтулы атқыштар дивизиясының сапында соғысып, аға сержант, взвод командирінің көмекшісі сияқты міндеттерді де атқарады. Әйгілі Сталинград шайқасынан кейін Украинаның Львов, Киев қалаларын, одан әрі Польшаны жаудан азат етуге қатысып, соғыстың ауыр күндерін, ұйқысыз түндерін Берлиннің өзінде аяқтаған.

Елді есеңгіреткен, жасты есейткен зұлмат соғыс аяқталғанымен, бейбіт өмірдегі күйбің тірліктің ауыртпалығы зіл батпан еді. Бірақ халқымыз мойымады. Соғыстан аман оралған Ғазиз Ыдырысов туған елі – Тайынша ауданына қарасты Теңдік ауылында еңбекке араласты. Көп жылдар зоотехник, кейіннен ауылдық кеңестің, жұмысшылар комитетінің төрағасы сияқты басшылық қызметтерді де атқарды. Өзінің туған жерінің, елінің көркеюі жолында еңбек етті. Бұған ауылдастары, қатарластары және соғыста, еңбек майданында алған марапаттары куә. Бейнетте де, зейнетте де адамгершіліктен аттамаған Ғазиз Ыдырысов зайыбы Рәуила Ысқаққызы екеуі 5 бала тәрбиелеп, өсірген. “Орнында бар оңалар” демекші, бүгінде әжеміз атамыздың көзі болып отырса, балалары әке атына кір келтірмеу үшін адал еңбек етіп жүр.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp