«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТПІС ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАСЫМ

Жасым тоқсанға таяп, шау тартқан қартпын. Осы ғұмырымда не көрсем де, соларды кейде ой елегінен өткізіп отыратын әдетім бар. Әсіресе, жақсылық жағын айтуға ықыласым ауып тұрады. Біз жасымыздан осылай тәрбиелендік. Ең бастысы, білімге, білуге құмарттық.

Айталық, өткен ғасырдың 60-шы жылдарын ойыма алсам, сол кездегі қатарластарымның көбінің қазақ баспасөзіне ықыласы ерекше болғанын тіліме тиек етер едім. Біздің облысымызда жалғыз ғана қазақ басылымы “Ленин туы” мұғалімдер сүйіп оқитын газет болды. Күн сайын жаңа нөмірін оқуға асығып жүруші едік. Өзіміз де ел ішіндегі жанға жайлы жаңалықтарды редакцияға жеткізгенше асығып тұратынбыз. Онда мен қазіргі Шал ақын ауданындағы Ленин ауылында тұрамын. Мұғалімдердің бәрі «Ленин туына» жазылуға ұмтылады. Өзім басылымды таратуға да белсене атсалысатынмын.

Газет беттерінде ұстаздар, қарапайым еңбек адамдары, озаттар жайында мақалалар, очерктер үнемі жарияланып, мұның өзі оқырмандардың да, сол жазбалардың кейіпкерлерінің де көңілдерін көтеріп, газетке деген ілтипатын арттыратын. Мен мұндай мақалалар қазіргі “Солтүстік Қазақстанда” жарияланбайды деуден аулақпын. Түсінетін адамға әр кезеңнің өзінің талап-тапсырмаларының мән-маңызы болатынын айыру қиын емес. Бүгінде Қазақстан өз алдына Тәуелсіз мемлекет мәртебесін иеленіп, әлемдік өркениетте өзінің лайықты орнын алып отыр. Газет осы бағыттағы мақсаттарды көздеп, кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізді әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу идеясын жүзеге асыру бағытындағы игі қадамдарымызды құлшына насихаттауда.

Заман өзгереді, соған орай адам да басқаша бейімделеді. Тоқсанға таяған біз бен бүгінгі жас құрақтай өрімтал буынды бір көзқараспен бағалауға болмайды. Сол сияқты, “Солтүстік Қазақстанның” да бұрынғы “Ленин туынан” өзгешеліктері жоқ емес. Өзгермейтіні – екеуінің де алдымен туған тілдің, ділдің мүддесіне адалдығы. Бұл орайда бүгінгі “Солтүстік Қазақстан” тоқсан бес жыл бойы тартылып келе жатқан сара жолды одан да ұзартуға деген ұмтылысы мен қабілетін танытуда. Алдымен газеттің бет-бейнесі жаңа заман талаптарына сай өзгерді. Басылым осы соны лепті бойына дарытып, оқырмандарының жүрегіне жол тауып отыр. Таралымы да көңілден шығады. Әрине, он мың данамен тарауын місе тұтарлық шек дегім келмейді. Оқырмандарының қатары одан да көбейе түссе, қуанамын. Оған газеттің мүмкіндігі де, журналистердің біліктілігі мен шеберлігі де жетеді.

Мен өзімнің сүйікті газетімді “Жетпіс жылғы жолдасым!” деп айтсам, артық емес. Өйткені, ес біліп, саналы биікке ұмтылған шағымнан бері “Ленин туын” өміріме серік еттім. Ал қазір “Солтүстік Қазақстанның” әр нөмірін қалт жібермей, оқып отыруға тырысамын. Сондықтан оның оқырманы, жанашыры болып қала беремін. Және де өзім сияқты ұстаз ізбасарларыма осындай ақыл-кеңесімді айтқым келеді. Сіздер осы газетті оқысаңыздар, оның беттеріндегі материалдардан үлкен үлгі аласыздар, оның ұстаздарға арналған “Тағылым” қосымшасы жұмыстарыңызға көмекші, әдістеме емес пе? Сондай-ақ, шәкірттеріңізді газет оқуға баулысаңыздар, олар да туған тілді сүйе түспей ме? Жасыратын несі бар, кейде мен облыстық және республикалық қазақ газеттерін оқуға мойындары аса жар бермейтін мұғалімдерді кездестіріп, мұнысына қатты қынжыламын.

Өңіріміздің ғана емес, еліміздің де ең байырғы басылымдарының бірі – “Солтүстік Қазақстанды” сүйіп оқыңыздар! Бұл басылымда ұлы Мағжанның, Сәбеңнің, Ғабеңнің, Сафуанның қаламдары ұшталған. Қазақтың небір саңлақ зиялылары өз халқына жүрекжарды сырларын осы газет арқылы жеткізген. Осыны да үнемі жадымыздан шығармайық.

Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,

зейнеткер-ұстаз.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp