«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ЖОСПАРМЕН ТАНЫСТЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өткен сенбі күні Петропавл қаласының Жеңіс саябағында болып, оның даму тұжырымдамасымен танысты. Өңір басшысын саябақтың бас жоспарымен таныстырған қала әкімі Марат Тасмағанбетов алдымен ондағы атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, бүгінде оның қалалықтардың жақсы демалыс орнына айналғанын айтты.

– Қазір мұнда балаларға арналған 7 аттракцион жұмыс істейді, олардың санын одан әрі көбейте түсеміз. Қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға ашылғанындай, тыл еңбеккерлеріне де даңқ аллеясын ашқымыз келеді. Сондай-ақ, онда велосипедшілер жолы, субұрқақ пен биіктен тамашалау шеңбері және осында келетін демалушылардың көліктерін қоятын тұрақ салынады, – деді ол.

Өңір басшысы бұл айтылғандардың барлығына ризашылық білдіріп, көгалдандыру жұмысын әлі де жалғастыра түсу қажеттігін айтты.

– Биыл 200 түп көшет отырғызған екенсіздер, ал енді бұл жұмысты саябақтың Есіл өзені жағындағы 700 метрдей жағажайда жалғастырған дұрыс, – деді Ерік Хамзаұлы.

Одан кейін облыс басшысына “Мир аттракционов” ЖШС-нің директоры Владимир Козлов саябақтағы өздеріне қатысты жұмыс жайында баяндап берді. Кәсіпкер өздерінің З0 кВт. электр қуатымен жабдықталып отырғандарын, оның әзірге жеткілікті екенін, ал жоспарында оны 140 кВт.-ға жеткізу келісімі барын айтты. Сонымен бірге, келесі жылы балалардың ойын ошақтары санын 12-ге жеткізуді және италиялық биіктен тамашалау шеңберін қоюды көздейтінін, сол үшін оларға қалалық жер қорынан 1,4 гектар жер бөлінгенін сөз етті.

Барлығы 10 гектарға жуық алқапты алып жатқан қалалық Жеңіс саябағының осындай тыныс-тіршілігіне қаныққан облыс әкімі ол келешекте тұрғындардың ең сүйікті демалыс орнына айналатын болады, деді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp