
Қала күні мерекесі қызылжарлық 15 отбасы үшін ерекше күн болды. Бірнеше жылдар бойы өз үйім болса деген арман жетегінде жүрген жас отбасыларға қала әкімі Марат Тасмағанбетов салтанатты түрде пәтер кілттерін табыс етті.
2011 жылдан бастап құрылыс орталығына айналған “Береке” шағынауданы жылдан-жылға көркейе түсуде. Жаңа тұрғын үйлермен және әлеуметтік нысандармен толыққан шағынауданда Астана күні химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылса, енді, міне, жас отбасылар 15 пәтерлік екіқабатты тұрғын үйде қоныстойын тойлағалы отыр.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикалық саясаты ең алдымен тұрғындардың жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін баса айтып келеді. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының аясында жас отбасыларына арналған 15 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Енді аймақтарды дамытуға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 2015 жылы Петропавлда 30 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының аясында еңбек етіп жүрген 29 жасқа дейінгі жастарға 200 орындық 2 жатақхана салынуда. Бүгін облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасымен сіздерге жаңа пәтерлердің кілтін табыстаймыз. Сіздерді бүгінгі Қала күнімен құттықтай отырып, жаңа қоныстарыңызға құт-береке тілеймін! – деді өз сөзінде Марат Иманбайұлы.
Шара барысында облыс орталығының басшысы жаңа пәтерлерді аралап, бірнеше отбасының шаңырағына кіріп, құттықтап шықты.
Бұл күні тілегі орындалғандардың бірі – Қалиндер отбасы. Осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтерген жас отбасы бүгінге дейін пәтер жалдап, әр босағаны сығалап келген. Қазіргі уақытта ұл мен қыздың қызығына тоймай жүрген Тимур мен Әсемгүл үш бөлмелі пәтерге ие болғаны үшін осындай мүмкіндік жасаған Елбасы мен жергілікті басшыларға алғысын жеткізуде. Қуаныштары қойындарына сыймаған тағы бір отбасы – Ерлан Ахметжанов пен Данагүл Жұмабаева. Торсықтай екі ұл сыйлаған жарының, отбасының жағдайын жасауды алдына мақсат қойған Ұлттық ұланның Әскери институтының рота командирі Ерлан шаңырақ көтергелі бері тынбай еңбектеніп келген. Енді, міне, асыл арманы жүзеге асып, екі бөлмелі пәтерге ие болған оның қуанышында шек жоқ.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi мамандарының айтуынша, алдағы айда жас отбасыларға арналған 27 пәтерлік үшқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.