«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАПҚЫРЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат оқушыларының “Алтын күз” жазғы сауықтыру лагерінде “Мың бала” республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында “Тапқыр достар” атты викторина өтті.

Аталмыш жоба аясында ішкі саясат басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған “Тапқыр достар” сайысына Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары мен “Қоғамдық келісім” мекемесі мүшелері викториналық сұрақтар дайындап әкелді.  

Сайыс талабы бойынша викториналық сауалдарға өзге этнос өкілдерінің балалары мемлекеттік тілде жауап берді. “Ынтымақ”, “Бірлік”, “Достық”, “Келісім” командаларына бөлінген балалар туған ел тарихына, Қазақстан Республикасының атаулы күндеріне, Президенттің өмірі мен еңбектеріне қатысты қойылған сауалдарға жүйелі жауап беріп, қонақтарды риза етті.

Әр топ өздерін таныстыруда да шеберліктері мен шешендіктерін паш етті. Олар сауалдарға жауап берумен қатар, әріптерден сөздер, сөйлемдер құрастыру, “сиқырлы сандыққа” жасырылған ертегілер суреттеріне қарап, оның қай халықтікі екендігін анықтау сияқты ойын түрлерінде тапқырлық танытты. Викториналық сайыс барысында мемлекеттік тілді ең жақсы меңгеріп, білімімен ерекшеленген “Ынтымақ” пен “Бірлік” командалары сәйкесінше бірінші және екінші орындарды иеленсе, “Достық” пен “Келісім” үшінші орынды өзара бөлісті. Сайысқа белсене қатысқан оқушыларға сыйлықтар берілді.

Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастау алған республикалық “Мың бала” жобасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp