Балаларды сергектікке, сезімталдыққа баулып, өзгелер орынсыз талап, өтірік жала жапқан жағдайда да сасқалақтамай, қорықпай табандылық танытатын қажырлы, қайсар, батыл азамат болуға баулып, жасөспірімдердің үміткерлік және бәсекелестік қасиеттерін арттыратын ұлттық ойынның бірі – балтамтап.
Бұл ойынды ойнайтын балалар дөңгеленіп тізіліп отырады. Көптің ұйғаруымен немесе жеребе тартып, бір бала ойын бастайды. Онда ойын бастаушы бала оң жағындағы отырған балаға: “Балтамды тап”, – деп оны иыққа нұқып қалады. Ол: “Балтаңды көрген жоқпын”, – деп ойын бастаған баланың өзін түртеді. Сонда ойын бастаушы бала: “Сен алмасаң, кім алды?” – деп оны қайта түртіп қалғанда, ол: “Балтаңды мынау алған”, – деп өзінің жоғары жағында отырған баланы нұқуы тиіс. Ол: “Балтаңды көргенім жоқ”, – деп өзіне жала жапқан баланы қайта көрсетеді. Ол: “Сен алмасаң, кім алды?” – деп өзінен жоғары отырған баланы нұқып қалады…
Міне, ойын осы тәртіппен алғашқы ойын бастаған балаға жетсе, ол: “Сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар?” – деп екі жағында көрші отырған екі құрбысын нұқып қалып, өзі ойыннан шығып қалады. Ал егер ойын реті мен сөзді жоғарыдағы қағида бойынша ойнай алмай немесе айта алмай, жаңылғандар болса, онда ойын бастаушыға жетпей, ойыннан сол жаңылғандар шығады әрі өнерін көрсетеді.