Ұйқы – заманауи ғылым толық ашып бере алмаған аса қызық және таңғаларлық құбылыс.
Адамдар өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді. Ұйқы адамдар мен жануарлар тіршілігінде өте маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, бауырымен жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер де ұйықтайды. Олар ұйықтағанда аз уақытқа болса да, сыртқы ортадан байланысын үзеді. Жануарлардың ұйқы мерзімдері әртүрлі болады. Мысалы, адам күніне бір мезгіл ұзақ уақыт ұйықтаса, иттер қысқа-қысқа жиілікпен күні бойы ұйықтайды. Жануарлардың арасында күндіз де, түнде де ұйықтайтындары бар.
Жас ұлғайған сайын адамда тәуліктік ұйқының мерзімі қысқарады. Нәресте 20 сағат ұйықтаса, 4 жастағы баланың ұйқысы – 12 сағатқа, кәмелет жасқа келгенде 10 сағатқа қысқарады. Ержеткенде 6-7 сағаттық ұйқы адамға тынығу үшін жеткілікті.