«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КӨКШЕТЕХСТРОЙ” ҚҰБЫРЛАРЫ – үлкен сұранысқа ие өнімдер

Тайынша ауданының орталығындағы жаңа технология бойынша полиэтиленнен газ, су, кәріз құбырларын өндіретін “Көкшетехстрой” ЖШС-нің нарыққа тауарларын шығара бастағанына үш жыл болды. Осы аз уақыттың ішінде аталмыш өндіріс орны өңірмен қатар, республика экономикасын арттыруға елеулі үлес қосып үлгерді. Полиэтилен құбырларының 30-ға жуық түрін шығаратын серіктестік алғашқы күннен бастап зауыттың қуаттылығын арттыру және өнім сапасын жоғарылату үшін өздеріне зор талап қойып, жоспарлы мақсатпен жұмыс істеуде.

Кәсіпорынның жұмысын ұйымдастырып отырған басшылар жас болса да, іскер. Техникалық және экономикалық білімдері бар ағайынды Әділ мен Абзал Сабыровтардың бірі – бас директор, екіншісі – директордың өндіріс жөніндегі орынбасары. Ағайындылар жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек жолдарын Көкшетау қаласындағы “Тыныс” АҚ-да бастаған. Тәжірибе жинап, біліктіліктерін арттырған олар инвестор тауып, зауыт ашқан. Бүгінде олардың қарамағында 50 адам еңбек етеді.  

Кәсіпорынға ат басын тірегенімізде ондағы тоқтаусыз айналып жатқан станоктардың қасында жүрген еңбеккерлер Бурабай курортынан, Астана және Степногорск қалаларынан келген тапсырыстарды орындау үстінде екен. Тапсырысты уақтылы орындау үшін жұмыс екі ауысымда жүргізіледі. Бүгінде зауытқа Қазақстанның барлық қалаларынан тапсырыстар бар. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс ауқымын кеңейтіп отырған олар тек тендерлерге қатысумен шектеліп қоймай, өздерінің маркетинг жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып, өнімділікті ұлғайтып отыр. Сапа көрсеткішімен нарықтың сынынан өткен өнімдерінің тұрақты тұтынушылары да қалыптаса бастаған.

Осыдан үш жыл бұрын кәсіпорын бір ғана станокпен жұмыс атқарса, бүгінде онда төрт үлкен құрылғы жұмыс істеп тұр. Жақында 20-63 миллиметрлік құбырлар шығаратын тағы бір станок орнату үшін несие құжаттары дайындалуда. Өйткені, мұндай құбырларға сұраныс көп.

– Біздің әріптестерімізге қарағанда артықшылықтарымыз бар. Өндірісте ақау кеткен өнімді қайтадан ұсақтап, шикізатқа жібермейміз. Ондай әрекеттерге бармау себебіміз – екінші қайтара өңделген шикізаттың сапасы төмендейді. Өнімдеріміз 50 жылға дейін қызмет етеді. Сондай-ақ, алғашқы екі жылға кепілдік бар. Осы мерзім ішінде сатылған құбырларымыз жарылып жатса, толығымен кәсіпорын өз есебінен айырбастап береді. Әзірге ондай шағым болған жоқ. Сонымен қатар, әр құбырға өзінің қызмет көрсету бағытына қарай жолақтар салынады. Мәселен, құбырдың бойында көк сызық болса – суға арналған, сары сызық – газ өтетін құбыр. Ол сызықтарды өшіру мүмкін емес. Ол не үшін керек? Әлбетте, түрлі жағдайлар болып, жерасты қазу жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Осындай кезде жердің астында жатқан құбырдың қандай мақсатта қолданылатынын білген кезде жұмыс соның ыңғайына қарай атқарылады, – дейді директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Абзал Рахманұлы.

Былтырғы жылды кәсіпорын жақсы көрсеткіштермен аяқтаған. Астана қаласынан су құбырларына тапсырыс түскен кезде 900 тонна өнімді екі-үш ай бойы күні-түні дайындаған.

280-600 миллиметрлік құбыр шығаратын қытайлық станок – биылғы жылғы жаңарудың жемісі. Оған да жақсы тапсырыс берілуде. Кәсіпкердің айтуынша, қытайлық құрылғы сапа жағынан осалдық танытпайды. Бірақ сынып қалған тетіктерді ресейлік өндірушілердің қосалқы бөлшектерімен ауыстыруға болады. Жаңа кәсіпорынның қаржылық жағдайы екінші деңгейлі банктердің көмегімен қалыптастырылуда. Серіктестік мемлекеттің көмегін де қалт жіберіп жатқан жоқ. Бірінші станоктарын сатып алған кезде банктен 14 пайыз үстемемен несие алған. Сондағы 1 миллион АҚШ долларының жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызына мемлекеттің демеуқаржысы берілуі жас кәсіпорынға үлкен көмек болып отыр. Ендігі ойлары – банктен тағы несие алып, онымен шаруашылық қорын толтырып, айналымға жіберетін қаржы иелену.

Абзал Рахманұлы тендер арқылы тапсырыстарды орындаған кезде оның пысықталмаған тұстары үлкен қиындық тудыратынын жасырмады. Тендер бойынша жұмыс атқарған кезде тауар өндіруші өнімдерді тұтынушыға жеткізген соң ол бір айдың ішінде есеп айырысуы керек. Алайда, көп жағдайда екіжақты келісім бірдей орындалмай жатады. Тапсырыстың орындалуы мен тауар құнының төленуінде үлкен уақыт алшақтығы болады. Мәселен, осындай олқылықтарға “Қызылжар су”, “Қостанай су” сияқты кәсіпорындар жол берген көрінеді.

Сондай-ақ, кәсіпкерді мұнай қорына бай елімізде неге осы өндіріске қажетті шикізаттың шығарылмайтыны қапаландырады. Шикізатқа өз еліміздің байлығы пайдаланылса, өндірілген тауарлардың өзіндік құнының елеулі төмендейтіні өз алдына, таза қазақстандық өнім өндірілер еді. Ал ресейлік рубль бағамының ауытқуларынан оң да, теріс те әсер болып тұрған сияқты. Сол туралы сөз еткен кәсіпкер ресейліктердің ішкі нарықта үлкен бәсекелестік тудыратынын алға тартты. Кадр мәселесінде шешімін күткен ұсақ-түйектер болмаса, тапшылық жоқ. Жергілікті тұрғындардың ішінде еңбекке жауапкершілікпен қарайтын, үйренуге талпынатын адамдар мамандар қатарын толықтыруда.

– Былтыр “Қазатомпром” ұлттық атом компаниясы мен “Қазақмыс” корпорациясының ұйымдастырған байқау-көрмелеріне қатыстық. Нәтижеміз жаман емес. Биылғы наурыз айында Үкімет арнайы комиссия құрып, ол Қазақстан бойынша зауыттардың жұмысын бағалап өтті. Сондағы тексеріске біз де іліктік. Комиссияға еріп, мен де басқа өңірлердегі зауыттарға бардым. Сол кезде өзіміздің алдыңғы қатардан көрінетінімізге көзім жетті. Мен құрылғанына көп жыл болған іргелі кәсіпорындармен үш-ақ жыл тарихы бар біздің өндіріс орнымыз қатар тұрып, иық тірестіре алатындығына қуанып қайттым, – дейді Абзал Сабыров.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp