«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЖЕЛГІ ЖАРҒЫЛАР – ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

Қазақстан тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі – Қазақ хандығының құрылуы.

Хан – мемлекеттік құрылымдағы ең жоғарғы билік өкілі, елдің бас төрешісі. Жүз, ру арасындағы ірі даулы мәселелер ханның қатысуымен шешілген. Қазақ халқының хандарды ақ киізге ел болып көтеру дәстүрі хандық билікті мойындауы болып саналды.

Қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керей хандар болса, қазақ шежіресінде мемлекеттік және құқықтық ережелерінің қалыптасуына негіз болған үш заң – Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы және Тәукенің “Жеті жарғысы”.

Қазақ хандары заңдарының негізі қазақ халқында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптық ережелерден жасалған. Заңдар “жарғы” деп аталады, ол “әділдік” деген ұғымды білдіреді. Дауды әділ, тура шешкен билерге “Қара қылды қақ жарған” деген баға берген. Демек, “Жарғы заңының” мәні осында.

Қазақ хандығының іргесін қалаушының бірі – әз-Жәнібектің ұлы Қасым хан билік құрған (1511-1523 ж.ж.) жылдары мемлекетті нығайту, заң ережелерін бір қалыпқа келтіру, яғни жаңа қалыптаса бастаған хандық билікте ерте заманнан бері көшпенділер мойындап келген билер заңы күшейтіледі, оны “Қасым ханның қасқа жолы” деп атап кеткен.

Бұл заңның жазбаша нұсқасы бізге жетпеген, тек ғалымдардың деректері бойынша бес бөлімнен тұрған: 1. Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері). 2. Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза). 3. Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат). 4. Елшілік жоралары (шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік). 5. Жұртшылық заңы (ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл міндеті).

Қасым хан мемлекет мүддесін, ел тыныштығын бәрінен жоғары бағалаған. Ол шариғат заңдарын қабылдамағанымен, ислам діні уағыздарының жақсы жақтарын көре білді.

“Қасым ханның қасқа жолы” бір ғасырдай атқарылған соң толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, заң “Есім ханның ескі жолы” аталған.

Деректерге қарағанда, Есім хан тұсында (1598-1645 ж.ж.) “Хан болсын, ханға лайық заң болсын”; “Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын”; “Би болсын, би түсетін үй болсын” деген ережелер енгізілген.

Мемлекеттің ішіндегі шешімін күткен мәселелердің асқынып кетуі Есім ханды белгілі бір дәрежеде саяси өзгерістер жасауға жетеледі. Билікті күшейтудің бір жолы мемлекеттің құқықтық негізін бекіту екенін жақсы түсінген Есім хан әдет-ғұрып заңдарына қатал толықтырулар енгізіп, бейтарап заңдарды азайтқан.

“Есім ханның ескі жолы” заңында ердің құнынан кейін ең қымбат зат ретінде жүйрік атты көрсеткен, оны кісі өлімі бабының бір тармағына енгізіпті. Оның себебі, сыртқы жаумен шабысқандағы ең күшті соғыс құралы деп санағандықтан.

Есім хан қағидасы бойынша ауыр жазаның үш түрі бар: жан жазасы, мал жазасы және ар жазасы. Адам жазаны басымен тартады (өлім жазасы, дүре соғу, масқаралау, елден қуу), не малымен жазалану (құн төлеу, айып тарту).

Ел билігіне Тәуке хан (1680-1718 ж.ж.) таққа отырысымен ел бірлігіне тірек болатын шараларды батыл жүзеге асыра бастады. Ол елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, дұшпанға бой алдырмаған. Елдің жағдайын реттеуде саяси-құқықтық тәртіп орнатып, көреген қолбасшы, ақылды реформатор ретінде танылған.

Тәуке ханның ел ішіндегі тәртіпті реттеуге қатысты қабылдаған заңдары қазақ тарихында “Тәукенің Жеті жарғысы” деп аталған.

Бір орталыққа бағынған мемлекет пен құқықтық жүйенің қалыптасуына негіз салған “Қасқа жолдың” бұрынғы бес тарауына тағы екі тарау қосылып, “Жеті жарғы” аталды. Бұл қосылған екі тарау – жер дауы мен құн дауы туралы заңдар.

Тәуке хан тұсында қырық рудан құралған қырық би болыпты. “Ханда қырық кісінің ақылы бар” сөзі содан қалған деген деректер бар.

Тәуке хан “Халық кеңесін”, “Билер кеңесін” тұрақты орган ретінде қалыптастырып, олардың мән-маңызын арттырды. Сонымен бірге, құқық ережелерінің кейбір салаларына (отбасы, неке) шариғат ережелерін енгізді. Жыл сайын белгілі бір мерзімде Күлтөбеде үш жүз билерінің басын қосып, жиын өткізіп тұрды.

“Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” және әз-Тәукенің “Жеті жарғысы”, сондай-ақ, осыларды басшылыққа алған, қазақтың дала заңын жақсы меңгерген, жеке өнегелік қасиеттері бар билерінің, данагөй ақсақалдарының кеңесі дауласқан екіжақты бітімгершілікке келтіріп, қазақ қоғамының тұрақтылығы мен бекемділігіне ұйытқы болған.

Қалжан ЕРМАҒАМБЕТОВА,

Петропавл қалалық

№2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp