«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛДІ ҰРҒАНЫҢ – АНАҢА ҚОЛ КӨТЕРГЕНІҢ

Отбасының шырайын келтіріп, бала-шағасының жағдайын жасап отырса да, кейбір әйелдер күйеуі жағынан қысым көреді. Бұрындары аса көп айтыла бермейтін мұндай жағдайдың, өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқаны жалған емес. Тіпті, оған тұрмыстық зорлық-зомбылық деген айдар да тағылған. Бірі – күшіне, енді бірі тіліне сүйенген батырсымақтар әлсіз әйелге, қорғансыз балаға қол жұмсағандарын мүмкін, өзінше бір ерлік санар, бірақ бұл олай емес. Керісінше, ездік десе, жарасымды болар. Қара күшке қарсы тұра алмаған қыз-келіншектердің бірі ондайға жол беріп, момындық танытып, мәңгілік сары күзге айналған өкінішке толы өмірлерін өзгертуден үзілді-кесілді бас тартып жатады.

Жібек, 48 жаста:

– Жұбайым екеуміз 17 жыл бірге тұрып келеміз. Ұлымыз бен қызымыз бар. Осыдан 10 жылдай бұрын күйеуім маған бірінші рет қол жұмсады. Арада 3-4 күн өткен соң кешірім сұрады. Сол кезде “Кетіп қалсам қайтеді?” – деген ой келді. Бірақ ата-анамнан ұялдым. Өзім таңдап, сезімдеріміз жарасып үйленген соң қалай болғанда да отбасымыздағы береке-бірлікті сақтауға тырыстым. Өкінішке қарай, менің осындай қадамымды жұбайым бағаламады. Керісінше, тырнақ астынан кір іздеп, әйтеуір, маған тиісуін қоймады. Балалар өссе де, сол бәз баяғы қалпында. Бірінші рет қол жұмсағанда кетіп қалмаппын деп енді өкінемін. Қазір елуге аяқ басқанда қайда барам? Балалар да ержетіп қалды. Енді лажсыз осындай өмірге көнем, басқа амалым жоқ.

Гүлнәр, 37 жаста:

– Осыдан 5 жыл бұрын күйеуім денсаулығына байланысты жұмысынан шығып қалды. Қазір үйде отырады. Үш баламыз бар. Мен екі жұмыста істеймін. Ертемен кетіп, үйге кешке ораламын. Осылай отбасы қамы үшін еңбектеніп жүргенімді күйеуім түсінбейтін сияқты. Әйтеуір қабағын бір ашпайды. Жүйкеге тиетін небір сұрақтар қойып, әдейі жанжал іздейтін сияқты. Ондайда көбіне үндемеуге тырысамын. Ал қарсы сөз айтсам, қол жұмсауы әбден мүмкін. Балаларым үшін осылай істемесем, болмайды. Өз жанымның тыныштығы үшін оларды әкесінен айырып, тірі жетім еткім келмейді.

Үй ішіндегі кикілжіңді сыртқа шығармауға тырысатын әйелдер көбіне осындай жолды таңдайды. Бұл – көнбістік. Және қателік сияқты. Өйткені, “Енді не істеймін?” – деп қол қусырып отыруға болмайды. Күресу керек, әрбір адам, әсіресе, қыз-келіншектер өз отбасының тыныштығы үшін конституциялық құқығын, бостандығын, заңды мүдделерін қорғай білуі қажет. Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін өңірімізде жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Облыс бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Қайсар Қанафиннің сөзіне сүйенер болсақ, нәзік жандарды қолдау, қорғау жұмыстарының, алдын алу шараларының арқасында отбасылық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыс көрсеткіші төмендеген. Барлық тіркелген қылмыстар бойынша тиісті құжаттар толтырылып, жұмыс заң аясында жүргізіледі. Полицияның учаскелік инспекторлары қажет болған жағдайда арнайы тізімге алынған адамдардың үйіне барып, олардың тәртіптерін тексеріп отырады. Іс-шаралар үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық істеледі.

Айта кету керек, бұған дейін қоғам отбасылық зорлық-зомбылықпен күресті адамның жеке өміріне араласу деп түсінетін. Бүгінде мұндай ой біртіндеп жоғала бастаған. Яғни, әйелдердің көбі өз құқығын біледі және қиын жағдайда қайда барып, кімнен көмек сұрауды жақсы түсінеді. Зәбір көретін әйелдерге қолдау жасау үшін “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” Қазақстан Республикасы Заңына “Қорғау нұсқамасы” енгізілді. Ондай нұсқама тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған я болмаса оны жасау қаупін төндіретін адамға қолхатпен беріледі. Мұндай құжаттың қолданылу мерзімі – 10 тәулік. Тағы бір ескерерлік жайт, арыз жазып, мұндай нұсқаманы 30 тәулікке дейін ұзартуға болады. Оны бұзу 5 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеліп соғады. Бұл – әйелдерді заң жағынан қорғаудың бір түрі.

КҮЙЕУІ ҚОРҒАН БОЛМАСА…

Жылы құшақ жұдырыққа айналып, барар жер, басар тау қалмаған жағдайдың өзінде де кейбір әйелдер полицияға барып, көмек сұрамайды. Үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармауға тырысатындар көбіне сенім телефонына хабарласып, көмек сұрайды. Мұндай көмек әйелдерді қолдау орталығындағы жүйеге енгізілген. Кеңес тегін беріледі. Ерлері жағынан қысым көргендердің бірі басына түскен қиындықтан шығар жолды іздестірсе, енді бірі психологиялық қолдау іздеу мақсатында хабарласады. Аталмыш орталықтың төрайымы Галина Орлованың сөзіне қарағанда, көмекке жүгінетін қыз-келіншектер көп жағдайда өзінің аты-жөнін өзгертіп айтады екен. Бірақ бұл жағдайға мән берілмейді. Өйткені, қызметкерлердің басты мақсаты – адамның жеке тұлғасын анықтау емес, оған дер кезінде көмек көрсету. Кейбір адамдар, тіпті, күн-түн демей ұялы телефонға дейін хабарласып, ақыл-кеңес сұрайды екен.

– Отбасылық зорлық-зомбылық дегенді әйеліне тек қана күйеуінің жағынан көрсетілетін қысым деп санауға болмайды. Бұл жерде баласы, бұрынғы күйеуі немесе азаматтық некедегі жұбайы және отбасындағы басқа да адамдар болуы мүмкін. Біреулер отбасындағы тыныштықты сақтау жолын сұраса, енді біреулер заң жүзінде қорғап, өз құқықтарын түсіндіруді өтінеді, мамандар көмегіне жүгінеді, – дейді төрайым.

Әйелдерді қолдау орталығының қызметкерлері көп жағдайда отбасылық өмірдің екінші жағында не болып жатқанын көре біледі. Олар: үйдің берекесін кетірген ұрыс-керіс, әлсіздерге қол көтеру, балағат сөздер айту, көз жасына булыққан ана, өзін тастанды сезінген бала сияқты көріністер. Осылай бола тұра, көп жағдайда кейбір адамдар “Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі” деген пікірді ұстанады. Ендігі кезекте осы жайында оқырмандардың ойын тыңдап, “Қазіргі қоғамда әйелдерді қолдау орталығы қажет пе?” деген сұраққа жауап алып көрейік:

Дана, 37 жаста:

– Өз басым әйелдерді қолдау орталығының барына қуаныштымын. Әйтеуір, бір жағдай болып қалса, қайда барарыңды білесің. Үйден шығуға мүмкіндік болмаса, сенім телефонына хабарласып, мамандардан ақыл-кеңес сұрайсың. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, кейде жоқ жерден жанжал шығып, күйеуіңмен сөзге келіп қаласың. Сондайда дау-дамай ушығып кетпес үшін, ақыл айтар адамның болғаны да дұрыс. Және де туған-туысқан, құрбыңнан гөрі, арнайы мамандармен әңгімелескен дұрыс қой. Аты-жөніңді де тергеп, тізбелеп сұрамайды. Сол жағы да жақсы екен.

Айнаш, 23 жаста:

– Меніңше, өз өміріңе біреуді араластырудың еш керегі жоқ сияқты. Ақылды әйел үйіндегі мәселені өзі-ақ шешіп, реттеп алады деп ойлаймын. Ал енді күйеуің қол көтеріп, намысқа тиетін сөздер айтатын болса, бұл жерде мамандардың көмегі тие қоятынына сенбеймін. Бір рет жұдырық астына алған ер адам екінші рет тағы да сондайға баруы әбден мүмкін. Сондықтан да, оны кешіргенше, арақатынасқа бірден балта шапқан дұрыс дер едім. Өйткені, әйелін шынайы сүйетін, балаларының анасын сыйлайтын ер-азамат еш уақытта қол көтеріп, үйінің шырқын бұзатын іс жасамайды.

Жазира, 34 жаста:

– Біреуге, шынымен де, көмек керек болып тұрса, неге қол ұшын созбасқа? Бұл жерде әйелі, күйеуі, баласы деп бөліп отырудың қажеті жоқ. Заң бәріне ортақ, сондықтан одан аттап өтіп, біреудің құқығына қол сұғуға болмайды. Жалпы әйелдерді қолдау орталығы керек. Бұл жердегі мақсат – әлсіз әйелдерді қолдап, қорғап қалу ғана емес, отбасындағы берекені сақтай отыра, қоғамдағы тыныштықтың бұзылуына жол бермеу.

Сәбира Өгейқызы,

67 жаста:

– Әйелдер кейбір жағдайда өз тілімен де ер адамды қол көтеруге итермелейді. Оның мәнісі – өзін құрбан етіп көрсеткісі келу. Кез келген жағдайда он ойланып, мың толғану әйел адамның басты қаруы болуы керек. Ер адам зайыбының тұңғыш баласы тәрізді. Оны тәрбиелеп, әрдайым жылы қабақ танытып отырса, ері әйеліне қол көтермейді. Керісінше, оларды алақандарына салып аялайды.

АЙУАНДАРҒА АЯУШЫЛЫҚ БОЛМАСЫН!

Тұрмыстық жағдайда орын алатын зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүйеге сай жүргізілуде. Алайда, түрлі себептерге байланысты әйел мен ер адам арасындағы жанжалдың соңы жаға ұстатар жайттарға әкеліп соққанын естігенде есеңгіреп қаласың. Жақында ғана осындай оқыс оқиға Астана қаласының ортасында орын алғаны жайында БАҚ өкілдері жарыса жазғанды. (“Солтүстік Қазақстан”, 2015 жылғы 6 маусым, №76. Қатыгездік құрбаны болған әйелдің артында төрт ұл-қызы аңырап, жетім қалды). Бұрынғы әйеліне қастандық жасап, үстіне бензин құйып өртеп жіберген еркекті айуан деуден басқа сөз жоқ. Қанша рет күйеуінен қорлық көрген әйел байғұс отқа өртенгенде, денесінің 70 пайызы күйген. Ақ халаттылар қолдан келгеннің барлығын жасағанымен, 40 жастағы әйел адам қыршыннан қиылды. Ұстаз болып еңбек етіп, маңдай терімен тапқан ақшасына бала-шағасын асырап, соларды жеткіземін деп жанталасып жүрген аяулы жанның артында еңіреп 4 бірдей баласы жетім қалды. Міне, бұл тұрмыстық жағдайдағы зорлық-зомбылық салдарынан болған өкінішті жайт. Қамал алар қырық жасында бұрынғы әйелін қызыл отқа орап, ажал аузына өз қолымен салған ер адам бұған дейін де талай рет балаларының анасына қол көтеріп, әлімжеттік танытқан. Таяқтан көз ашпаған әйел былтыр ұлдары мен қызын алып, Астанадан Қызылжар өңіріне қашып та келген екен. Алайда, жұдырығына ғана сүйенген батырсымақ әке оларды зорлықпен кері алып кетіпті. Оның соңы бір адамның өліміне әкеліп соқса, жетімдер саны тағы төрт баламен толықты. Аянышты-ақ.

Әйелді ұру деген анаңа қол көтергенмен бірдей. Олай болса, аналарды аялайық, ағайын!

СҮРЕҢСІЗ САНДАРДЫ СӨЙЛЕТСЕК…

Елімізде жыл сайын, шамамен алғанда, 20 мыңға жуық әйел зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Ал 60-70 мыңға жуық әйел дағдарыс орталықтарындағы психолог мамандардың көмегіне жү­гінсе, 500 нәзік жанды жуан жұдырық салдарынан құрбан болады. Адам саудасындағы “тірі тауардың” 80 пайызын да осы әйелдер құрайды. Бұл дегеніміз өмірі өкінішке толған тағдырлар, шамы сөнген шаңырақтар, анасыз қалған жетімдердің көз жасы, сағы сынған әйел мен үзілген үміттер емес пе?!

Кезінде аты әділдігімен аңыз болып, “Жеті жарғыны” құрастыруға қатысқан Әнет баба: “Әйел – жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі. Дүниедегі барлық тіршілік атаулының анасы – әйел. Сондықтан оған тіл тигізуге де, қол тигізуге де болмайды”, – деген. Данышпанның осындай ойлы сөздеріне алып-қосарымыз, сірә, жоқ-ау…

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp