«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ АМАНАТЫН АҚТАҒАН ҰСТАЗ

Бауыржан Момышұлы кезінде: “Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді” деген болатын. Шынымен де, ұстаз – барлық уақытта өз биігінде, өз тұғырында қала беретін мамандық иесі. Бүгінгі менің әңгімеме арқау болып отырған осындай абзал ұстаздардың бірі – Мейрам Алғожин. Аяқталған оқу жылында ол құрметті зейнет демалысына шықты.

Көргені мен өмірден түйгені мол, үлкенге – іні, кішіге – аға, оқушыларына қырық жылдан астам уақыт ұлағатты ұстаз бола білген, ықыласы түскенге жомарт жан жайлы айтудың өзі ғанибет.

Мейрам Алғожин – Жамбыл ауданына қарасты Есперлі ауылының тумасы. Табиғаты сұлу жерде өмірге келген ағамыздың жаны да сол табиғаттай жайсаң. Әкесі Жапа тек өз әулетіне ғана емес, бүкіл ауылына құрметті де сыйлы ауыл молдасы, парасаттылығы мен даналығы мол адам болған. Аузы дуалы Жапа атамыз көкірегі ояу, көзі ашық кісі еді. Өзінің жан дегенде жалғыз баласын еңбекқорлыққа баулып, білімге құмар етті, мұғалім болуын қалады. Еліне білімді ұрпақ тәрбиелейтін білікті ұстаз қажет екенін білетін ақылгөй еді. Сондықтан өзі де ұстазды кез келген ұлықтан биік қойып, талпынып тұрған баласының білім алуына себепші болды. Мектеп бітіріп, 1971 жылы облыс орталығындағы педагогика институтының физика-математика факультетіне түсті. 1975 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас маман қалада қалмай, бірден туған ауылында қызмет етуді ұйғарды. Есперлі мектебінде физика пәнінің мұғалімі болды.

Арада төрт жыл өткенде өз ісін жанындай жақсы көрген байсалды азаматты өзі еңбек жолын бастаған білім ордасына директор етіп тағайындайды. Жаңа қызметті де Мейрам Алғожин абыроймен атқарып, ұршықша үйіріп әкетеді. Осы 1979-1984 жылдар аралығында біліктілігімен, білімділігімен аудан басшылығының көзіне түседі. Сөйтіп, 1984 жылдың жаңа оқу маусымында оны қазіргі Жамбыл ауданының Казанка орта мектебінің директоры қызметіне лайық деп таниды. Білім ордасын басқарып, сүттей ұйыған ұжымды шәкірттер баулуға жұмылдырғанына 31 жыл болған екен. Осы уақыт ішінде мектеп тәлімдік, тәрбиелік мәнін күшейтіп, аудандағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналды да, үлгілі тәртібімен, сапалы білімімен танылды. Бұл, әрине, мектеп ұстаздарының нәтижелі еңбегінің жемісі еді.

Өмірлік жары Күләш Уахитқызы да ұстаздық жолды таңдаған. Ол – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Жаңашыл, қашанда ізденетін, өзінің алдына қойған мақсатына табандылықпен қол жеткізе білетін нағыз еңбекқор қос педагог “ұстаз” деген ұлағатты сөзге еш кір келтірген жоқ.

Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, білім беру саласының озаты атанды. Осындайда “Білім ұлыларды мойындатады, қарапайым адамдарды таңдандырады, ал жастарды қанаттандырады” деген аталы сөз ойға түседі.

Мейрам Алғожин қаншама шәкірттерді қанаттандырып, үлкен өмірге жолдама берді. Бүкіл ғұмырын осы мақсатқа арнап, жас ұрпақ жүрегіне ізгілік ұялатып, әр шәкіртінің бойына ұлттық қасиет пен ар-ұяттың дәнін себуге барын салды. Осындай білікті де білімді ұстаз бүгіндері 63 жасты еңсеріп, құрметті еңбек демалысына шықты.

Данагүл Әл-ҚОЖА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp