Екінші дүниежүзілік соғыс ешкімді аяған жоқ. Қолына қару ұстауға шамасы келген ерлер қауымы майданға аттанса, үйіндегі шешесі, жары, балалары тылдағы еңбекке араласып, Жеңістің жетер мезгілін жеделдеткені баршаға аян. Солардың ішіндегі көптің бірі болған Зикен Мұқашқызы туралы қалам тартуды жөн санадық.
Зикен апай 1930 жылы бұрынғы Қызылту ауданының Қондыбай ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұқаш Тәліпұлы мен шешесі Әмина отбасында 10 бала тәрбиелеп өсірген. Соның ішінде төрт әпкесі ашаршылықта көз жұмса, төрт ағасы соғыста хабар-ошарсыз кетті. Олар туралы есінде қалғаны шамалы. Ал бесінші ағасы Қапсаламның соғысқа алынған сәті әлі есінде. “Ағам Қапсалам 1941 жылы Қызылтудан атты әскер қатарына алынып, тура соғысқа аттанды. Содан кейін ағамның атышулы “Харьков қазанында” ерлікпен жанын пида еткені туралы “қарақағаз” алдық. Ал біз, анам екеуміз, соқаға қара сиырды жегіп, бірінші болып жұмысқа шықтық”, – деп еске алады апай.
Соғыс жылдарының ауыртпалығын Зикен апай еш ұмытпайды, ұмытуы да мүмкін емес. Көптеген күндер бойы анасымен бірге аштан өлместің қамында астығы жиналған егісті алқаптардан масақ теріп, оны қалай қуырғанын, сол қуырылған масақтың дәмін – “Ашаршылықтағы жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді” дегендей, қалай естен шығара алады.
Апайдың балалық шағы және жастық дәурені Қызылту ауданының орталығында өтті. “Хрущев жылымығы” кезеңі ғой, бейбіт өмір басталды. Рамазан Есетов деген жас жігітпен отау құрып, балалы-шағалы болды. Табиғатынан өнерге деген құштарлығы бар жас дарын ауданның мәдениет саласында жауапты қызмет атқарды. Өнерлілердің алды болып аудан және облыс деңгейіндегі барлық мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысты. Көркемөнерпаздар ұжымының концертін ұйымдастырып, үздік нөмірлерді ауданның бүкіл ауылдарынан бастап, республикаға дейін жеткізді. Бұлбұл дауысты жас әншінің дарыны мен өнері жоғары бағаланып, кейін Алматының театрына жұмысқа шақыртылды. Бұл 1955 жыл болатын. Әртістік қабілеті мол жерлесіміз “Народные таланты” атты киножурналда басты кейіпкердің бірі болды. Алайда, отбасылық жағдайға байланысты елге оралуына тура келген.
Кішкенекөл ауылының байырғы тұрғыны, атақты спорт ардагері, белгілі педагог әрі өлкетанушы Сансызбай Қалиев әнші құрдасы туралы білгенімен бөлісті.
– Ол кезде Ақжар, Уәлиханов деген аудандар жоқ. Қызылту ауданы деген атпен өңіріміздің барлық мықтылары әдебиет, мәдениет, спорт, сәулет өнерлерінің қайсымен болсын өздерін паш ететін. Зикен апаймен мен жастайымнан таныспын. Ол кісі көркемөнерпаздар құрамында Қызылту ауданы атынан Алматыда ән шырқап, бас қаланың көптеген өнер адамдарының көңілінен шыққаны рас. Талай мәрте ән саңлақтарының басын идірткен. Ауданымыздан әнін таспаға жазған тұңғыш әншіміз де сол. Ал ол кезде таспаға жазылу дегеніміз – екінің біріне бұйырмайтын абырой, атақ. Теледидар дегеніміз атымен жоқ. Сондықтан Зикеннің әнін біз радио арқылы тыңдайтынбыз. Зикен апамыз – өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы нағыз сахна жұлдызы, жезтаңдайымыз. Ол жылдары кәсіби мамандар жоқтың қасы, сол себепті өнерлі апамыз Мәдениет үйінде еңбек етті. Қосымша жүктеме ретінде аудандық кітапхана жүйесін де басқарды, – деп еске алды Сансызбай аға.
Зикен апай 1963 жылдан бері Үлгілі ауылындағы кенжесі Серіктің қолында тұрады. 12 рет құрсақ көтерген кейуананың 9 баласы бүгінде жеке-жеке отбасын құрып, шаңырақ көтерген. Ұлы Жомарт Германия елінде, қызы Сәуле таяу шетел – Беларусь Республикасында жауапты қызметте. Ғалиясы кең-байтақ сахарамыздың батыс өлкесі – Атырауда жүрсе, қалған балалары туған жерін таңдаған. Үлкені Болат Мұқашев ауданымыздың білім бөлімінде қызмет атқарады.
Үлгілі ауылына арнайы ат басын бұрып, апаймен жүздестім. Ондағы мақсатым – өткен ғасырдың орта кезінде Алматының өнер сахнасында жасындай жарқыраған жерлесімізді көзбен көріп, әңгімесін жазып алу. Үйдің табалдырығын аттай берген кезде алдымнан шыққан апамыз сәлемімді жылы қабылдап, төр бөлмеге шақырды. Қимылы ширақ, елгезек әжейдің кәрілікке жеңдіре қойғаны байқалмайды. Есінде сақтағаны мол. Көзі қырағы, құлағы сақ. Сексеннің сеңгіріне келді деп ойлайтын емес. Әңгіме барысында:
– Апай, өмірдің ащы-тұщысын бастан өткердіңіз, ұлды – ұяға, қызды қияға орнықтырып, енді тоқсан қайда деп тұрғанда арманыңыз бар шығар? – деген сауал қойдым.
– Балам, Аллаға шүкір, бәріне тәубе етемін. Не керек, соғысқа дейін тұрмысымыз түзутұғын. Әке-шешем өнерге жақын адамдар болды. Әнші әрі домбырашы еді. Оған қоса әкем елде шебер ұста атанған. Берекелі өмірді соғыс бұзып жіберді ғой. Бес ағам мен төрт апам мезгілінен ерте кетті. Сондықтан мен өзімді майдангерлер отбасының өкілдері қатарына жатқызамын деп айта аламын. Қартайған адамға жылы көңіл бөлгеннен басқаның қажеті шамалы. Немере мен жиендерімнің қызығына тоймай, қайта жасара түскендеймін, – дейді езу тартып.
Әңгіме барысында апайдың теледидардан көрсетілетін барлық ел жаңалықтарынан хабардар екендігіне көз жеткіздім. Тіпті, телеарналардан өтетін жаңалықтарды сағат сайын көріп, содан оны талдап, өзінше сараптама жасайтын көрінеді. Сондықтан әлемдегі болып жатқан жаңалықтармен апайды таңғалдыру қиын.
– Елбасына, Қазақстанымыздың халқына мың да бір рахмет! Елімізде тек тыныштық болсын! Біз кешкен бейнетті сендерге бермесін! Жуырда, Жеңістің 70 жылдығын да тамаша тойлап өткіздік. Жеңіс күні мен үшін аса ыстық. Бір әке-шешеден он едік, тағдырдың жазуымен жалғыз қалдым, – деп тағы да күрсінді апай.
Сол бірге туған бауырларының көре алмаған қуаныштарының өтеуіндей, үстіміздегі жылы республика деңгейінде аталып өтетін Жеңістің – 70, Қазақ хандығының – 550, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20 жылдығы тойларына аман-сау жеткеніне шүкіршілік етіп отырған, көргені мен білгені мол қарияға жүз жасаңыз деген тілегімді арнадым.
Болат ӘМРИН,
журналист.
Ақжар ауданы.