«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАУҒА ҰЛАСҚАН ОТА

Бұл оқиға 2013 жылы басталып, бір жылға созылды.

Болған жайды баяндар болсақ, Петропавл қаласының кішкентай тұрғыны, 12 жасар Дамира Ескендірова сирек кездесетін созылмалы дертке шалдығады. Дерт сау буындарды тарылтып, адамның емін-еркін қимылдауын тежейді. Дамираның анасы Айнагүл Разеева қызын облыстық балалар ауруханасының ортопед-травматолог дәрігері Борис Гончаровқа көрсетеді. Тиісті анализдерді тапсырған соң дәрігер Дамираның жүріп-тұруына оң аяғы табанының контрактурасы барын байқап, емдеу жолын ұсынады. Науқасқа ота жасау керек деген ұйғарымға келеді.

Жоспарланған ота сәтті өтті. Дамира үйіне аман-есен оралды. Бірақ даудың басы осы жерден басталды.  

– Өзім ІІІ топтағы мүгедекпін. Қант диабетімен ауырамын. Аяқастынан өзімді жайсыз сезініп, әлсіреп қаламын. Сол күні өзім ауырып тұрған едім. Қызымды ауруханадан шығарғанда, емдеуші дәрігермен сөйлеспек болып, ота жасаған ортопед-травматолог Борис Гончаровты іздедім. Аяқастынан қызымның емдеуші дәрігері өзгеріп кетіпті. Қызымды Ғалым Байтөре деген дәрігер емдейтін болып шықты. “Ота сәтті өтті, 3 аптадан соң келіңдер, башпайдағы сымды аламыз”, – деді ол. Мен де еш уайымсыз, қызымды киіндіріп үйге алып кеттім. Үйге келгенде, ота қызымның оң аяғына емес, сол аяғына жасалғанын байқадым, – дейді Айнагүл Разеева.

Жоспарлы отаның қате істелгеніне көзі жеткен ол келесі күні облыстық балалар ауруханасына барып, аныққанығын білмек болады. А.Разееваның айтуынша, емдеуші дәрігер Ғалым Байтөре сұрақтарға жауап таба алмай, абдырап қалады. Отаны өзі жасамағандықтан, дәрігер оның сан сұрағына жауап таба алмайды. Қолындағы науқастың карточкасында оң аяқ емес, сол аяққа ота істелуі тиіс деген анықтама жоқ еді. А.Разеева дәрігерлік қателіктің кеткенін түсінді. Мәселенің егжей-тегжейіне жетуді қалаған ол ота істеген Б.Гончаровты әңгімеге тартады. Дәрігер өз қателігін жеке мәселесімен түсіндірген.

А. Разеева ізінше облыстық денсаулық сақтау басқармасына арыз жазып, қызын республикалық ана мен бала орталығына емдеуге жіберуін өтінген. Ондағы ортопед дәрігерлер қыз баланың дертін отасыз да емдеуге болар еді, әріптестері дәрігерлік қателік жасады деген пікірге тоқтаған. Республикалық емдеу орталығының дәрігерлерінің қорытындысын естіген А.Разеева қызының сау аяғына ота жасалып, сырқатының үстіне сырқат жамап бергенін білгенде тауы шағылады. Өзін қоярға жер таппаған ана әділдік іздеп, сотқа жүгінді. Кәмелет жасына толмаған қызына қатысты азаматтық істі Петропавл қаласының №2 қалалық соты қарастырды. Арыз беруші материалдық және моральдық шығынын өтеу мақсатымен 2 миллион теңге төлеуін талап етті. Сол арқылы қызының денсаулығын қалпына келтірмекші болды.

Жауап берушінің заңды өкілдері аталмыш емдеу мекемесінің бас дәрігері Олег Завьялов сот отырысы барысында арыз берушінің талабымен келіспейтіндігін, науқасқа көрсетілген медициналық қызмет барлық талаптарға сай жүргізілгендігін айтудан жалықпады. Д.Ескендіроваға көрсетілген ем тәсіліне медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде сараптама жасалды. Департамент Д.Ескендіроваға көрсетілген ем тәсілі, дәрігердің науқасты емдеуде қолданған тактикасы және сол аяққа ота дұрыс жасалған деген қорытынды шығарды. Жауап беруші тарап науқастың денсаулығына ешқандай залал келтірмегендігін алға тартып, арыз берушінің талаптарын жауапсыз қалдыруды сұрады.

Алғашқыда қателігін мойындап, құрақ ұшқан дәрігер сот отырысында басынан сөз асырмады. Ол науқасты емдеу кезінде қандай да бір қателік жіберуінің себебін бойын билеген қатерлі ісік дертімен түсіндірді. Осы орайда аурухана әкімшілігі өзі сырқаттанып жүрген дәрігерге неліктен отаны жасауға рұқсат еткені түсініксіз күйінде қалды.

Дәрігердің айтуынша, науқас Д.Ескендірова ауруханаға оң табанының контрактурасы диагнозымен жоспарлы түрде жатқызылған. Қосымша тексеріс нәтижесінде науқастың оң аяғының ғана емес, сонымен қатар сол аяғындағы үшінші башпайының буыны зақымданып, бүгілмейтіндігі белгілі болды. Баланың дертін емдеуге кіріскенде, дәрігер алдымен бала жүруден қалмасын деген оймен аз зақымданған сол аяқты емдеп, оң аяққа тірек жасамақшы екен. Осылайша, сол аяқтың башпайларын емдеп болған соң ғана дерт асқынған оң аяқты емдеуге кіріспек болған. Сот отырысында дәрігер ауруханаға түскенде ата-анасына қыздың екі аяғында да аурудың белгілері байқалғанын айттым деп ақталды. А.Разеева болса, дәрігердің сөзін жоққа шығарды. Ол қызының екі аяғының дертке шалдыққанын отадан кейін бір-ақ білгенін айтты. Оны сот та растады.

Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облысымыз бойынша департаменті облыстық балалар ауруханасына жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Аурухана, яғни дәрігер тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында тұрғындарға стационарлық көмек көрсету ережесі бұзылғаны анықталды. Яғни, емдеу үдерісіне қатысқан медициналық қызметкерлер қыздың ата-анасына дерттің белгілері қос аяқта да көрініс тапқанын, оны емдеудің тәсілдері жайында тіл қатпаған. Медициналық құжаттарды жүргізуде де кінәрат табылды. Оған қоса, ота жасауға келісім беретін құжатта емдеу тәсілі жайында мәліметтер жазылмаған болып шықты. Сол себепті де, қыздың ата-анасы баласының дерті, оған көрсетілетін ем жайында білмеген. Сайып келгенде, стационарлық көмек көрсету ережесі ескерілмей, науқастың құқығы тапталғаны тайға таңба басқандай анық еді. Сол себепті де А.Разееваның арызын сот жарым-жартылай дұрыс деп тапты. Десе де, кешенді сот-медициналық сараптама жасаған комиссия науқастың дертін қайта зерттеп, емдеу тәсілін таңдаған дәрігер Б.Гончаровтың емдеу тактикасы қателікке баланбады.

Қос тарапты тыңдап, материалды зерттеген сот та Д.Ескендірованы емдеу кезінде облыстық балалар ауруханасы емдеу барысында қателік жібермегенін анықтады. Сот дәрігердің науқасты емдеу кезінде жасалатын ота жайында ата-анасына толық ақпарат бермеуінің арты дауға ұласқанын, соның салдарынан бала және оның әке-шешесі күйзеліске ұшырағанын ескеріп, 110 мың теңге көлемінде моральдық залал өтеуді әділ деп тапқан. Сәйкесінше арыз берушінің материалдық шығынын өтеу жөнінде талап қанағаттандырылмады. Онымен қоса, жауап берушінің кінәсі расталмағандықтан, арыз беруші облыстық балалар ауруханасына ақша қарыз болып қалды. Яғни, соттың шешіміне сәйкес сот сараптамасына кеткен 85 мың теңгені А.Разеева өтеуі тиіс еді.

А.Разеева соттың шешіміне үзілді-кесілді қарсы болды. Ол баласының сол аяғына ота жасау қажет емес деген пікірін әлі күнге дейін өзгерткен емес. Сол себепті облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляция алқасына шағым түсірді. Сол шағым бойынша А.Разеева ауруханаға төлеуі тиіс 85 мың теңгені өтемейтін болып шешілді.

Мақаланы жазу барысында екі тараптың да пікірін тыңдаған мен үшін бұл жағдай қазіргі таңдағы өңіріміздегі медицина саласындағы науқас пен дәрігер қарым-қатынасының көп жайын ашып берді.

Рас, бүгінгі күні дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағытында мол мүмкіндіктерге жол ашылды. Екінің бірі істей бермейтін оталар, ем түрлері облыс орталығында, аудандарда жасалатын болды. Сәйкесінше сұраныс та артты. Бірақ әлі күнге дейін кейбір дәрігерлер күнделікті атқаратын қызметті міндет деп емес, науқастарға көрсетілетін көмек ретінде санайтын сияқты. Оның дәлелін жоғарыда айтылған сот ісінен ғана емес, облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтына азаматтардан түскен арыздардан-ақ байқауға болады. Оны медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облысымыз бойынша департаменті директорының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова да растап отыр. Комитетке келіп түсетін арыздарды зерттей келе, олардың басым бөлігі дәрігерлердің науқастың сұрақтарын бейжай қалдыруынан туындайды, дейді ол. Мәселен, өткен жылы комитетке 99 арыз түсіп, оның тең жартысы тұрғындардың медициналық қызметке көңілдері толмайтындығын көрсеткен.

Бұл істе оң мен солын енді танып, бойжетіп келе жатқан Дамираның денсаулығы бәрінен де маңызды. Дертінің кесірінен онсыз да қатарластары сынды ойын қуып, ел қатарлы мектепке барудан қалған жеткіншектің өмірге деген көзқарасы өзгергенін анасы да байқаған. Ол енді бұрынғыдай дәрігер не болмаса мұғалім болуды армандамайды. Өз құқығын қорғай алатын адвокат болсам дейді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp