Үстіміздегі жылғы 1 шілдеден бастап облыс аумағында республикалық “Биоресурстарды қорғау” жедел-алдын алу шарасы өткізілуде. Оны мақсаты – экологиялық қылмыстың, браконьерлік іс-әрекеттің алдын алу және олардың жолын кесу, су биоресурстарын қорғау.
Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасына қарасты табиғат қорғау полициясы бөлімінің бастығы Есләмбек Мәкеновтің айтуына қарағанда, шара барысында заңсыз әрекет ететіндердің жолдарын кесуге және биоресурстарды қорғауға, сол сияқты заңсыз аулау қызметімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға ерекше назар аударылады.
Жедел-алдын алу шарасы басталғаннан бері облыстың тәртіп сақшылары 10 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтады. Оның 4-еуі – заңсыз аң аулауға, 5-еуі – заңсыз балық аулау және балық аулау ережесін бұзуға байланысты. Бұдан басқа заңсыз ағаш кесудің бір фактісі анықталды. Соған орай жалпы сомасы 59 460 теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды.
Табиғат қорғау полициясы бөлімінің нақтылауы бойынша, тұтастай алғанда, жыл басынан бері облыс аумағында табиғат қорғау заңнамасына байланысты 314 құқық бұзушылық анықталды. Олардың 138-і – жануарлар әлемін пайдалану және аңшылық жасау ережесі талаптарын бұзу (ҚР-ның “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексінің 382-бабы), 134-і – балық аулау, балық ресурстарын және басқа су жануарларын қорғау ережесін бұзу (ҚР-ның “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексінің 383-бабы). Экологиялық қылмыс фактілері бойынша 42 қылмыстық іс қозғалды, олардың 7-еуі – заңсыз аңшылық жасауға, 35-і заңсыз ағаш кесуге байланысты.
“Биоресурстарды қорғау” жедел-алдын алу шарасы 30 шілдеде аяқталады.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.