«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДАМУ” ЖҮЗЕГЕ АСЫРҒАН ЖОБАЛАР

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысатын кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды.

Аталмыш қордың қызметкері Гүлмира Жақыпова бастаған БАҚ өкілдері алдымен Қызылжар ауданының орталығындағы “Радуга” ЖШС-нің өндіріс орнында болды. Дмитрий Шарапаев басқаратын компания қаңтар айында облысымызда бірінші болып полиэтилен құбырларын, қалташалар мен баулы қапшықтар шығаратын кешенді іске қосып, үстіміздегі жылғы бірінші инновациялық жобаны жүзеге асырған болатын. БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылып отырған жаңа цех – серіктестіктің өндіріске қосып отырған екінші жобасы. 1500 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ірі компанияның “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” атты 1-ші бағыты аясында қолға алған “Ішкі киімдер үшін кептіргіш өндіру жөніндегі қызметті ұйымдастыру” жобасын осыдан бір жыл бұрын облыстық өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған болатын. Соған орай жаңа цехқа арналған ғимарат салынып, кептіргіш жасайтын арнайы құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Оған “Даму” қорының 50 пайыздық кепілдігімен “Қазақстанның Халық банкі” АҚ-ның кредиті пайдаланылған. Компания директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Токушевтің айтуынша, цехта 16 адам еңбек етеді. Өндіріске қажетті металл (темір түтіктер) ғана Ресей Федерациясынан әкелінеді. Құрастыруға қажетті полиэтилен сияқты материалдар серіктестіктің өзінде өндіріледі. Бүгінгі күні жаңа цехта 18, 20 метрлік кептіргіштер жасалуда.  

– Ақпан айынан бері жаңа цех өнім бере бастады. Бір күнде кемінде 150-160 кептіргіш жасалады. Олар кәсіпорынның Абай көшесіндегі фирмалық “Радужный” дүкенінде көтерме бағамен 1950-2000 теңгеден сатылады. Алдағы уақытта өнімділікті екі еседей арттырып, бір жылда 6000 кептіргіш шығаруға қол жеткізетін боламыз. Жыл соңына дейін орындық және үтіктеуге арналған тегістеуіш тақта өндірісін меңгермекпіз, – дейді цех шебері Юрий Михайлов.

Осы ауданның Якорь ауылындағы “Атай-СК” ЖШС “Жұмыртқа өндіру үшін айналым қаражатын толықтыру” жобасын үстіміздегі жылғы мамыр айынан бері жүзеге асыруда. “Даму” қоры кәсіпорынның “Qazag Banki” АҚ-дан алған кредитінің 50 пайызына кепілдік беріп отыр.

– Біз қазір өндірісті кеңейту, өнімнің тиімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Екінші тоқсанда өндірістің біржылдық өнімділігін 75 млн. жұмыртқадан 102 млн.-ға дейін арттыруға арналған жоспардың бірінші кезеңін аяқтадық. Біз Қазақстанда бірінші болып “Денсаулық фабрикасы” брендімен жақсартылған жұмыртқаның жаңа тауарлы категориясын сатылымға шығардық. Қазіргі уақытта фабрикада 130-дан астам адам еңбек етеді, олардың 70-тен астамы – әйелдер.

Өткен жылы 14 жаңа жұмыс орнын аштық, биыл 8-10 жаңа жұмыс орнын құрамыз. Облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерге белсене қатысамыз. Өнімдеріміз еліміздің батыс өңірінен басқа барлық облыстарға шығарылады. Басты мақсатымыз – 2020 жылға дейін өнім көлемін бір жылда 160 млн. жұмыртқаға жеткізу. Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл жұмыртқа өндіру үшін айналым қаражатын толықтырдық, оның үстіне бір жұмыртқаға қазіргі кезде 3 теңге көлемінде демеуқаржы алып отырмыз. Бұл кәсіпкерлер үшін зор қолдау, – дейді “Атай-СК” ЖШС-нің директоры Әсет Ерсайынов.

“Қапенова Айтжан Қатрановна” ЖК-нің химиялық тазалау кәсіпорны облыс орталығының “Жамбыл көшесі,193 “Г” мекенжайында орналасқан. “Даму” қорының 50 пайыздық кепілдігімен және банк сыйақысының мөлшерлемесін 50 пайыз мемлекеттік демеуқаржыландырумен “Альфа банк” АҚ берген кредитке италиялық “WALTERS” компаниясының тегістейтін (үтіктейтін), жуатын және химиялық тазалайтын заманауи қондырғылары орнатылыпты. Соған орай қосымша 2 жұмыс орны ашылған. Заманауи шетелдік машиналар еңбек өнімділігін арттыра түскенін атап айтады кәсіпорын басшысы. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері облыс бойынша мемлекеттік демеу-қаржы алуға жалпы сомасы 31,92 млрд. теңгенің 406 жобасы мақұлданды. Соған орай 2010-2014 жылдар аралығында өңірдің кәсіпкерлеріне 2,6 млрд. теңгенің демеуқаржысы, жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгенің кредитіне 85 кепілдік берілді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp