«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰДЫРЫҚТАЙ ҚҰСТЫҢ БАРМАҚТАЙ ЖҰМЫРТҚАСЫ

Бизнестің тізгінін бір шелек жұмыртқамен де ұстауға болады екен. Оған Тайынша қаласындағы Дмитриевтер отбасының іскерлігі дәлел.

– Отанасы Қарағанды қаласында тұратын туыстарымызға қонаққа жиналды. Ортаншы ұлым Костя анасына бұйымтайын білдіріп, сол жақтан 200 бөдене жұмыртқасын сатып әкелуді өтінді. Міне, сол жұмыртқаны кәсібіне айналдырған ұлым іске кіріскен кездің өзінде оның әрекетіне үйдің басқа еркек кіндіктілері күмәнмен қарағаны рас. Бұл іспен айналысуға тәжірибеміз жоқ, оны білетін жұртпен жақын таныс та емеспіз. Сондықтан “Баламның аяқ-алысы қалай болар екен?” деген күдік болды. Алайда, ол сол жолы әкелінген жұмыртқадан 50 балапан бастырды. Бүгінде маған және екі бауырына кәсіп тауып беріп, отбасылық бизнесті қалыптастырды, – деген отағасы Виктор Федорович іскерлік танытып жүрген ұлдарын мақтан тұтатынын аңғартты.

Жігіт жасындағы Константин Викторовичті жеке кәсіпкерлікпен айналысу бұрыннан мазалаған. Бірақ ыңғайлы іс табыла қоймаған. Бірде теледидар арқылы бөдене өсіріп, ырысын көріп отырған кәсіпкердің әрекетіне қызыға қарап, өзінің бұл іске шамасы жететінін ұққан ол тәуекелге бел буады. Нәтижесінде, өзіне де, туған-туыстарына да тиімді бизнестің көзін ашты.  

– Бастау оңай болған жоқ. Көпшілікке бейтаныс бизнесті игеріп кету үшін ізденіс пен сабырлылық, еңбекқорлық талап етілді. Инкубациялық кезең дұрыс жүргізілмей, шығын мөлшері ұлғайып кеткен кездер де болды. Алайда, ағайындардың сенімі мен жігерінің арқасында ол қиындықты артта қалдырдық. Петропавлдық “Biopharm analytics” фирмасымен бірге бизнес жобасын жасап, кәсіпкерлік қадамымыз айқындала түсті. Оның үстіне, мемлекеттің көмегі біздің аяқтан тік тұрып кетуімізге үлкен қолғабыс болды, – дейді “Дмитриев К.В.” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Константин Викторович.

Кәсіпті оңтайлы ету үшін құстардың қорасы жайлы болуы керек. Торкөздерде тұратын құстарға 25 градус жылылық пен 50 пайыз ылғалдылық талап етіледі. Осының барлығын ойластырған ағайындылар банктен несие алуды ұйғарып, “Сбербанк” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 4 миллион теңге қаржыға өтініш білдіреді. Аудан тұрғындарының әлеуетін қадағалауға міндетті жергілікті билік жас кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көрсетілетін көмекті түсіндіріп, қолдау көрсетеді.

– Банктен алған 3 миллион теңге несиеге “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттік демеуқаржы бөлінді. Ұлдарымның банкке төлейтін несиесінің жылдық сыйақы төлемі 7 пайызға қысқарып, кәсіпкерлікке үлкен септігін тигізуде. Жақында тағы несие алып, аталмыш құсты етті бағытта өсіріп көрмекпіз. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі оған да көмек көрсетіледі деп отыр, – дейді жанашыр әке.

Болашақта бұл шағын кәсіпкерлікті үлкен шаруашылыққа жеткізу де ойда бар. Әзірге екі үйдің қорасында бағылып жатқан екі мың бас бөдене отбасына ырыс кіргізуде. Ортаншы ұлдың үйінде құстардың жұмыртқасы Петропавл қаласындағы сегіз сауда орнына жеткізілсе, әкесінің үйіндегі шаруашылықтың өнімдері Көкшетауға жөнелтіледі.

Бүгінде екі үйдің алдындағы қораларды кеңейту үшін үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жақында Қарағанды өңірінен етті бөдененің жарты миллион жұмыртқасын әкелген. Кәсіпкерлер олардың әрқайсысы 400 грамнан ет берсе, бастапқы жылы 500 килограмм өнім сатамыз деп отыр. Ал жалпы отбасының мақсаты – жыл соңына дейін құс басын 5000-ға жеткізу.

Бөдене – аса пайдалы құс. Ол өзін асырап-баққан адамның шаңырағына байлық пен ырыс әкеледі, денсаулықты жақсартады. Бұл – сонау заманда патшалар мен патшайымдардың тағам мәзіріне пайдаланылған өнім. Бүгіннің өзінде бөдененің еті пен жұмыртқасы арзан емес. Бөдене 18 түрлі дәнді дақылдың жармасын ұнатады, яғни құнарлы азықпен қоректенеді. Қомағай емес, бір құс тәулігіне 20-25 грамм азық жейді. Күтімі жақсы бөдене жылына 300-ге дейін жұмыртқа береді. Жұдырықтай ғана құстың бармақтай жұмыртқасында емдік қасиеттер мол. Бөдененің қалыпты дене қызуы 42 гра­дус­ болғандықтан, оның сальмонеллез, құс тұмауы сияқты жұқпалы дерттерге қар­сы тұру қабілеті күшті. Сол себепті, оның жұмыртқасы шикідей өте пай­далы. Жапония мен Қытайда бір­не­ше ғасырдан бері оның еті мен жұмырт­қа­сын­ халық медицинасында пайдаланып келе­ді. Оның шипа беретін дерттері көп. Бөдене еті мен жұмырт­­қалары адам ағзасындағы радиацияны шығарып, бұл құстың жұ­мырт­қасын тұрақты тұтынған науқас қатер­лі ісіктен айығатынын жапондық ғалымдар дәлелдеген. Алайда, біздің қоғамда оның мұндай қасиеттерін түсінетіндер бірлі-жарым ғана.

– Бизнес оңай шаруа емес. Ұлдарым таңғы сағат алтыда тұрып, жұмыстарына кіріседі. Күні бойы қора маңында. Әр торды қарап, қора ішінің температурасы мен ылғалын бақылап, тынымсыз еңбек етеді. Құстар күндіз азықтанып, түнде тынышталады да, жұмыртқалайды. Балапандарды инкубатордан шығарған соң оларға да үлкен қамқорлық керек. Осының барлығын Андрей, Костя, Женя үшеуі атқарады. Ал мен оларға бас-көз болып жүремін, – дейді Виктор Федорович.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp