
Петропавлдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай “Манас-Петропавл” қырғыз мәдени-қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен фестиваль өтті. Шараның мақсаты – қырғыз этносының мәдениетін, дәстүрін, тарихын дәріптеп, өзге этностар өкілдеріне таныстыру.
“Манас-Петропавл” мәдени-қоғамдық бірлестігі 2007 жылы құрылып, бүгінгі күні 500-ден астам қырғыздың басын біріктіріп отыр. “Көпэтносты Қазақстанда бізді ұлтымызға қарай бөліп-жармай жасалып жатқан жағдайларға дән ризамыз. Қазақстан жеріне келген әрқайсымыз шама-шарқымызша еңбек етіп, отбасымызды асырап отырмыз. Балаларымыз оқып, білім алып жатыр. №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде жаңа оқу жылынан бастап қырғыз сыныбы ашылмақшы. Ол да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының жемісі. Қазір қырғыз тілінде оқытатын маман іздестіріп жатырмыз. Біз көпэтносты Қазақстан жерінде бейбітшілікті, келісім мен бірлікті одан әрі нығайту үшін өз үлесімізді қосамыз”, – дейді “Манас-Петропавл” қырғыз мәдени-қоғамдық бірлестігінің төрағасы Майрамбек Бөлтіріков.
Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған фестиваль арқылы олар өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды түсінуге, сақтауға, этносаралық достықты нығайтып, дамытуға бағыттайды. Осы мақсатта өткізіліп отырған шараға Ұлттық ұлан жоғары Әскери институтының курсанттары, қазақ театрының әртістері де атсалысты. “Жігітке жеті өнер де аз” дегендей, курсанттар жиналған жұртты өнерлерімен тәнті етті. Аталмыш институттың екінші курсында оқитын Темірболат Нұрланұлы оқыған “Манас” жыры, үш сардардың бірлесе орындаған “Қырғыз биі” көрермендердің қошеметіне бөленді. Әсіресе, олардың орындауындағы “Қырғыз елім – атамекенім!” әнін туған жерлерінен жырақта жүрген ағайындар ерекше ықыласпен тыңдады. Сандуғаш пен Асқар Жаменовтердің отбасылық дуэтінің әсем әндері мен “Қуанамын” би студиясының өнерпаздарының мың бұралған билері көрермендерді риза етті.
Жеке кәсіпкер Ұлықбек Маматеминов аккордеонда ойнап, ән шырқайтын әуесқой әнші екен. Облыс орталығында өткізілетін барлық мәдени шаралардың бел ортасынан табылатын ол Қазақстанға отбасымен бірге 1997 жылы келіп, орнығып қалғанын айтады. Жиырма жылға таяу Қазақстанның суын ішіп, жерін басып жүргеніне еш өкінбейді. “Жүз отыздан астам этностың басын біріктіріп, солардың барлығының дәстүрін, тілін сақтап, дамытуына мүмкіндік беріп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына, қазақ халқына алғысымыз шексіз”, – дейді Ұлықбек Маматеминов.
Қырғыз мәдени-қоғамдық бірлестігінің фестиваліне Бішкектен арнайы келген Бақтыгүл Мырзағұлова жұртшылық назарына киізден жасаған қолданбалы қолөнер бұйымдарын ұсынды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.