«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЙРІКТЕ ДЕ ЖҮЙРІК БАР…

Саумалкөл ауылының ипподромында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ұлттық ойындар сайысы өтті. Соның ішінде ең шоқтығы биігі атжарыс болды. Бәйге десе делебесі қозатын жанкүйерлердің назарына шабандоздар жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шығады-ау деген сәйгүліктерін ұсынды.

Ат спортының жанкүйерлері екі шақырымдық бір айналымнан тұратын ұшқыр бәйгені тамашалады. Бұл жарысқа 5 сәйгүлік қатысып, мәре сызығына бірінші болып ауданымыздың “Витаминка” (иесі – Сырымбет Есенғалиев) атты сәйгүлігі келді. Одан кейін екінші, үшінші болып көкшетаулық “Фаусит”, “Фаворит” атты тұлпарлар мәре сызығын кесті.  

Мұнан кейін бес шақырымға созылған құнан бәйге жарыстың көрігін қыздыра түсті. Оған да 5 сәйгүлік қатысты. Соның ішінде өзгеден шабысы бөлек айыртаулық “Ақбақай” сәйгүлігі (иесі – Сырымбет Есенғалиев) басқалар­дан оқ бойы озып, мәреге бірінші келді. Ал екінші орындарға Ақмола облысының Красный Яр ауылының “Фрика”, “Фаворит” (иелері – Дастан Кенжетаев) атты сәйгүліктері қол жеткізді.

Он шақырымнан тұратын жергілікті аттар жарысына 7 сәйгүлік сайланып шықты. Жарыстың шешуші сәтінде Ақмола облысының намысын қорғаған “Рекорд” атты арғымақ – бірінші, облысымыздың Ғабит Мүсірепов атындағы ауданынан қатысқан “Қарабайыр” сәйгүлігі – екінші, ал Сырымбет Есенғалиевтің “Сонясы” үшінші орынды місе тұтты.

Бап пен бақтың, жампоздық пен жүйріктіктің нағыз жалауын желбіреткен жарыс аламан бәйге болды. 18 шақырымға созылған бәйгеге 8 сәйгүлік қатысты. Бұл бәйгеде де соңғы айналымға дейін кімнің жеке-дара келетінін айту мүмкін болмады. Аламан бәйгенің қорытындысы бойынша Ақмола облысындағы Красный Яр ауылының “Ай” атты сәйгүлігі (шабандозы – Алдияр Құсайынов, иесі – Дастан Кенжетаев) мәре сызығына бірінші жетіп, бәйгеге тігілген 100 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болса, көкшетаулық “Наурызбай” екінші орынға қол жеткізді. Ал ауданымыздың мақтанышы, “Баянтай” ЖШС-нің (иесі – Сырымбет Есенғалиев) жүйрігі “Сұңқар” мәре сызығын үшінші болып кесті.

Сонымен қатар, арқан тартуда Қарасай батыр ауылының жігіттері жеңімпаз атанса, 32 кг. салмақтағы гір тасын көтеруде саумалкөлдіктер алдына жан салмады. Қазақ күресінде қарақамыстық балуандардың бағы жанды.

Марапаттау рәсімінде атжарысының, ұлттық спорт ойындарының жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Додалы жарыстарды ұйымдастыруда ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кәсіпкерлері демеушілік көрсетті.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp