«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ТӘРБИЕСІН БАСҚАЛАРҒА ЖҮКТЕГЕН…

Күнделікті күйбің тірлікте бір жұмыспен үйден шығу үшін баласы бар ананың ең бірінші мәселесі – баланы кімге қалдырып кетуге қатысты. Әрине, туған-туыстардың көмегіне де жүгінуге болады. Бірақ бүгінде заман өзгерді, адам да басқаша. Қазір біреуге көмек көрсету былай тұрсын, бір ауыз жылы сөз айтудың өзін артық көреміз. Бәрі асығыс, әркімнің басынан асып жатқан өз шаруасы бар. Сондықтан да жақыныңнан гөрі жатыңнан көбірек көмек сұрайсың. Қазір бала күтушісін табу қиын жұмыс емес. Кейбір газет бетін ашып қалсаң, “бала күтуші қажет” деген сипатта жазылған хабарландырулардың өріп жүргенін байқамау мүмкін емес. Тіпті, телеарналардағы жүгіртпе жолдардағы хабарландыруларда осындай қызмет көрсетушілердің байланыс телефондары моншақтай тізілген. Ал егер газет оқып, теледидар көмегіне жүгінгіңіз келмесе, интернет-сайттар арқылы бірер минуттың ішінде-ақ балаңызға тәрбиеші тауып алуға болады. Осы орайда біз де біраз газет беттерін ақтарып, интернет-сайттардан бала күтушісіне байланысты мәліметтер іздестіріп көрдік. Бағасы әртүрлі. Шамамен алғанда, бала күтушінің бір айлық жалақысы 40 мың теңгеден 100 мың теңгенің үстіне шығып кетеді. Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі – педагог мамандар, сонымен қатар ата-анасына ауыртпалық салмай, өз оқуын өзі төлегісі келетін студенттер де бар. Ешқандай арнайы білімі жоқ, ауылдан келіп, жұмыс таба алмаған қыз-келіншектердің де осы салада еңбек етіп жүргендері аз емес. Қаптаған хабарландыруларға қарағанда, “бала бағу” бизнесі жақсы дамып келе жатқан сияқты. Бұдан әлі де болса балабақша мәселесі өзекті болып тұрғанын аңғаруға болады.

Ата-ананың бас ауруына айналған қоғамның бітеужарасы қашан толық жазылары белгісіз. Әзірше жылдар бойы жеткізбеген ұзын сонар балабақша кезегінен әбден жауыр болған аналар бала күтушісінің қызметіне жүгінуден басқа амал таба алмай отыр.  

Осындай көптің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Назгүл есімді жас ана. Екі баласы бар Назгүл жаңа пәтерге қаражат жинап жатқан соң өзі де, жұбайы да жұмыс істейді. Олар жұмыс күндері таныстарының қызына ақша төлеп, балаларын тастап кетеді. Балалардың үлкені 5 жаста болса, екіншісі 2-ден асқан. Кей кезде бала бағатын бойжеткен ауырып қалғанда Назгүл жұмыстан сұранып, үйінде отыруға мәжбүр. Өйткені, аяқастынан аздаған ақшаға балаларды бағатын адам тауып алу оңай шаруа емес екені бір мәселе болса, білмейтін бейтаныс адамға баланы қалай тапсырып кетесің? Бұл да проблема. Осындай қиындыққа қарамай, жұмыс істеп, өзінше талпынып жүрген ата-ананың арманы – екі баласын да балабақшаға орналастыру.

– Осы кезекте қызым 2 жылдан бері тұр. Биыл 5 жасқа толды. Енді үйіміздің қасындағы мектепке дайындық тобына барады. “Үмітсіз – шайтан” дегендей, мүмкін, қызым бармаған балабақшаға ұлым барып қалар? Оның жасы үшке толады, әзірше ол да өз кезегін тосуда, – дейді ана.

Міне, біреулер балабақша кезегін күтіп жүрсе, енді біреулер одан өздері бас тартады екен. Өзінің аты-жөнін көрсетпеуді сұраған келесі ана 4 жастағы баласын балабақшаға бергеннен гөрі жеке өзінің бір тәрбиешісі болғанды жөн көрген. Әрине, тәрбиешінің педагог мамандығы бар, үш тілді жетік меңгереді және баламен арнайы әдістеме арқылы жұмыс істейді. Тиісінше, алатын жалақысы да орташа есеппен алғанда 100 мың теңгенің үстінде.

Гүлжауһар есімді бойжеткен болса, 4 жыл бойы бір баланы бағып, тәрбиелегені үшін алған ақшасын оқуына төлеп отырған. Бала күтумен қатар, ол сол үйді жинап, тамақ дайындағаны үшін де қосымша еңбекақы алып келген. Бір қызығы, жоғарыда тоқталып өткен үш жағдайда да ата-аналар баласына тәрбиешіні газет беттеріндегі хабарландырулар немесе таныстары арқылы алған. Бала күтушісі бүгінгі таңда қажет мамандықтардың бірі болып тұрғандықтан, осы мәселемен айналысатын арнайы мекеме құрылса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, бала тәрбиесі – өте жауапты жұмыс. Оған жеңіл қарап, әркімге тапсыра салуға болмайды. Мәселен, қазір жаз айларында студент қыздардың көбі бала күтіп, ақша тапқысы келеді. Әрине, еңбек еткен жақсы, бірақ бұған дейін осы бағытта жұмыс істемеген, тәжірибесі жоқ бойжеткен бөбектерге не үйрете алады? “Жаман айтпай, жақсы жоқ” дегендей, бала жарақаттанып, я болмаса бір нәрсе жұтып қойса, күтушісі не істейді? Осындай олқылықтардың алдын алу үшін арнайы орталық ашылып, оған педагогикалық, медициналық білімі бар тәрбиешілер жиналса, психолог-мамандар жұмыс жүргізсе, құба-құп. Өйткені, адамдардың арасында әртүрлісі кездеседі. Біреуі мейірімді болса, екіншісі қатал, өзімшіл, тіпті, бала бағуға еш икемі келмейтіндер де жоқ емес. Мұндай, ұсақ болса да, бала үшін өте маңызды жайтқа көп кезде тиыннан теңге құраймын деп жүрген ата-аналардың мән бере бермейтіні де ойланатын жайт.

“Бала бағу” бизнесімен айналысатын жекеменшік орталықтар бар, бірақ олардың қызметін кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Осындай келеңсіздіктерден де көптеген ата-аналар баласын бағуға тәжірибесіз тәрбиешілерді алады. Түптің түбіне келгенде, біз балаларымызды кімнің тәрбиелеп жатқанын да білмейтін сияқтымыз. Осылай жаттың қолында өскен ұл-қыздарымыз күні ертең жатбауыр болса, кінәні кімге қоямыз?

“Бала – балым, баламның ба­ласы – жаным” деп есептейтін біздің бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Немерелерін қасынан бір елі қалдырмайтын ата-әжелер қарадомалақтарды жырмен жұбатып, кішкентай бөбектер аты аңызға айналған батырларға еліктеп, ержетсін деп ертегі айтудан жалықпаған. Ал қазіргі ата-аналардың көбі балаларға планшет сатып алып беретін оңай жол тауып алған. Өз еркі өзінде болған бала таңның атысы, күннің батысы, көзі ұйқыға кеткенше қолындағы планшеттен көз алмайды. Бұл да бала тәрбиесінде кетіп жатқан олқылықтардың бірі. Дарқан мінез қарттардың қолында өскен баланың қашанда мейірімді, кішіпейіл, рухани дүниетанымы бай, ұлттық намысы жоғары болары сөзсіз. Өмірден көрген-түйгені мол ата-әжелер баланың жүрегіне ақылмен жол таба білген. Өкінішке қарай, қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты ата-әженің тәрбиесінің орнына балабақша келсе, данагөй қарттарды тәрбиешілер алмастырды. Енді қазір балабақшаның жетпеуіне байланысты тәрбиешілердің орнына біртіндеп бала күтушілердің келіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл жүйеге қарап отырсақ, біртіндеп бала тәрбиесі ата-ананың қолынан шығып бара жатқанын аңғаруға болады. Ауылды жерлерде немересін бағып, қазақы тәрбиеге баулып жүрген ата-әжелер бар. Ал қаланың қарттары немере бағуға онша құлшыныс білдіре қоймайтын сияқты. Содан да шығар, көпқабатты үйлердің аулаларында немерелерін ерткен кәрі-құртаңнан гөрі бала күтушісін жиі кездестіретін болдық.

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ қазір жастардың көбі бала тәрбиесімен толыққанды айналыспайды. Олар дәстүрді дәріптеу, ұлтты ұлықтау дегенге аз көңіл бөледі. Соның салдарынан балалар жат біреуге жаутаңдап, ана мейірімінен, әке шапағатынан шет қалуда. Бүгінде кәрілердің біразы балаларына масыл болып, Қарттар үйіне тоғытылуда. Осының өзі әу баста балаға ғибратты тәрбие бере алмағандықтың бір себебі де болуы әбден мүмкін. “Не ексең, соны орасың” дегендей, хабарландыру арқылы тауып алған бала күтушілеріне осынша жауапты жұмысты жүктеп, күні ертең сан соғып қалмайық, ағайын! Қанша тәжірибелі десек те және оған қанша ақша төлесек те, ешбір бала күтушісі ананың орнын баса алмасы айдан анық.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp