Бүгінде екінің бірі асқазаным ауырады дегенді айтады. “Ауру – астан” десек те, көпшілігіміз жүйелі тамақтана бермейміз де, ас қорыту жүйесінің жұмысын бұзамыз. Ал ас қорыту жүйесінің бұзылуы түрлі ауруға шалдықтыратыны анық. Дәрігерлердің айтуынша, ауру-сырқаудың – 70, өлім-жітім көрсеткішінің 60 пайызы тікелей дұрыс тамақтанбауға байланысты екен. Жалпы деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді.
Асқазан ауруы, біріншіден, жүйелі әрі құнарлы тамақтанбаудың салдарынан пайда болса, екіншіден, күйзеліс пен жүйкеге шектен тыс салмақ түсіру де осыған себеп. Дәрігердің нұсқауынсыз өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдау ас қорыту жүйесін бұзса, шылым шегіп, арақ-шарап ішудің соңы да асқазан жарасына соқтыруы мүмкін. Кез келген дәрінің асқазан арқылы сіңетінін ескерсек, үнемі дәрі қабылдап жүретін жүрек ауруы сырқаты бар адамдар бұл мәселеге аса сақтықпен қарағаны жөн.
Адамдардың көпшілігі емханаға ауруын асқындырып барып келеді. Мәселен, гастрит ауруы кезінде асқазан қабынып, оның іші эрозияға ұшырайды. Егер гастритті дер кезінде емдемесе, асқазан жарасының пайда болуы мүмкін. Мұндай кезде адамның жүрегі айнып, құсқысы келеді. Асқазаны қыжылдап, кекіреді, төс асты, жауырынның орта тұсы ауырады. Адам мазасызданып, ұйқысы қашады. Ауру асқынған кезде адам қан құсып, асқазаны әлсірейді. Мұндай жағдайда науқасты ауруханаға жатқызып, жараны ота арқылы алып тастайды.
Мәселен, кейде адамдар асқазаны ауырып тұрғанын айтады. Бірақ тексере келгенде ауырған асқазаны емес, жүрегі болып шығады. Өйткені, жүрек ауруының кейбір белгілері асқазан сырқатына ұқсас келеді. Әрі екеуі жақын орналасқандықтан, адам қай жерінің ауырып тұрғанын айыра алмай қалады. Сол себепті дәрігерге көрінген дұрыс.
Дұрыс тамақтанбаған кезде адамның жүйкесі де сыр береді. Адамның қарны аша бастаған кезде ашулануға бейім. Себебі, жүйке жасушалары да асқазанмен байланысты. Сол себепті аш жүрмеген дұрыс. Тамақтанар алдында кисель немесе айран, болмаса су ішкен дұрыс. Бұл астың қорытылуына жақсы әсер етеді.
Асқазаны ауыратын адамдар майлы, ащы, қуырылған тағамдардан аулақ болғаны жөн. Тамақты суға қайнатып жегеннің пайдасы өте көп. Бірақ көпшілік осыған мән бермейді. Мәселен, шұжық, кириешки, чипсы, гриль, кәуап секілді қуырылған әрі жасанды қоспалары бар тағамдарды сау адамның өзі шектеп жеуі керек. Оған қоса, асты асығыс жеп, дұрыс шайнамағандықтан, асқазан бүрлері тітіркеніп, күйзеліске түседі. Өйткені, сөл асты қорытып үлгере алмайды. Қарын және ішек жолдарындағы шырышты қабық жарақаттанады.
Үнемі сағыз шайнау да ас қорыту жүйесіне зиян. Өйткені, ауыз қуысында мөлшерден тыс көп бөлінетін сілекей асқазан түгіне зиянын тигізеді.
Жасқайрат БИНАШЕВ,
Тайынша орталық ауруханасының
хирург дәрігері.