Жаздың бел ортасы – демалыстың қызған шағы. Біразымыз қызықты шетелдің шипажайларынан іздейміз. Ол жақтан күнге қыздырынып қана келмей, аса қауіпті инфекция жұқтыру қаупінің барын біле бермейміз. Демалыстың арты қиындыққа ұласпас үшін барар жердің табиғатын, оларда кездесетін инфекциялардың ерекшеліктерін зерттеген дұрыс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде инфекциялық аурулар бойынша жағдай тұрақсыз. Қауіпті сырқаттардың тізімін Денге және Чикунгунья безгегі, құс тұмауы, тырысқақ, адамның иммундық тапшылық вирусы, туберкулез, қызылша, вирусты гепатит және тағы басқалары жалғастырады.
Батыс Африка елдерінде Эбола індетінің эпидемиясы сақталуда. Дене қызуының күрт көтерілуі, бас, буын, бұлшық ет және тамақтың ауруы, лоқсу, іш өту, секпіл басу мен қан кету – бұл дерттің белгілері. Эбола вирусы сынды тыныс алу жолдарын бітейтін коронавирус та аса қауіпті. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Оңтүстік Корея елінен әкелінген аталмыш вирустан 30-ға жуық адам қайтыс болды. Бұл дерттерден өлім-жітім жоғары, сырқаттарды емдейтін дәрі-дәрмектер жоқ.
Шетелге шығарда өлімге әкелетін аса қауіпті жұқпалар жайында оқып, білген жөн. Олардан қорғанудың жолдарын қарастырып, арнайы екпелер егіп, гигиеналық ережелерді сақтаған дұрыс. Суға шомылған кезде аузыңызға суды жұтпаңыз. Себебі, инфекциялардың түр-түрі бассейн суында болуы мүмкін.
Шыбын, кене, бүрге, шіркей және тағы басқа қансорғыш жәндіктер инфекцияларды таратушылар болып табылады. Олар денсаулыққа үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сіз тоқтаған қонақүйдің терезесінде тордың болғанын қадағалаңыз. Егер сізді маса, шіркей шағып алса, ол жерді жақсылап сабындап жуып, 5 пайыздық йодпен өңдеп, медициналық көмек сұраңыз. Шетелде жүргеніңізде басыңыз ауырып, дене қызуыңыз көтеріліп, тұмау ауруының белгілері байқалса, бірден дәрігерге көрініңіз.
Александр МЕЛЬНИЧЕНКО,
облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы.