«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БЕРЕКЕ” ЖАЙДЫ ҚАНАТЫН

“Береке” шағынауданында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында әрқайсысы 100 пәтерлік екі жатақхананың, “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша үшқабатты 27 пәтерлік тұрғын үйдің, “Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің” тапсырысымен бесқабатты 90 және 55 пәтерлік екі үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың қатарына Назарбаев Зияткерлік мектебінің арғы бетінде бой көтеріп жатқан жаңа орамды да қосуға болады.

Бұл жаңа орамның іргетасы өткен жылы қыркүйек-қазан айларында қаланып, қабырғалары кірпіштен қыс бойы тұрғызыла бастаған. Қаржыландыру өз дәрежесінде болса, бұл үйлер жоспар бойынша биыл бірінші жартыжылдықта тапсырылуға тиіс болатын. Бұл күндері аталмыш аумақта құрылыс жұмыстары бірқалыпта жүргізілуде.

Осы орамдағы бесқабатты 90 пәтерлік тұрғын үйді Қайдар Атажанов басқаратын “Құрылыс компаниясы” ЖШС салып жатыр. Құрылысшылардың айтуына қарағанда, 6 кіреберістен тұратын үйде 30 – бір, 40 – екі, 20 үш бөлмелі пәтер болады.

– Бүгінгі күні әрлеушілер, сылақшылар, тас қалаушылар, сантехниктер, балташылар бригадалары – барлығы 70 адам еңбек етіп жатыр. Қабырғаларын толық қалап болдық. Шатырына кірісіп те кеттік. Үйдің ішкі жұмыстары қатар жүргізілуде. Адам мен техника күші жеткілікті. Михаил Мазур, Константин Фролов, Өмірбай Уәлиев сынды құрылысшыларымыз атқарған істеріне қарай 100 мың теңгенің үстінде еңбекақы табады. Құрылыс жұмыстарының 85 пайызы атқарылды. Қаржыландыру жағынан жыл басындағыдай кедергі болмаса, қазан айының соңына дейін құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтаймыз, – дейді серіктестіктің прорабы Юрий Овсянников.

Маманның айтуына қарағанда, құрылыс жұмыстарына қажетті материалдар – кірпіштер мен темірбетон тақталар Ресей Федерациясынан әкелінген.

– Шетелдік тақталар сапалылығымен және теп-тегістігімен ерекшеленеді. Әрлеп жатудың қажеті жоқ, бірден әктеуге немесе сырлауға болады. Шатырларға арналған темір жабыңқыштар да сондай. Және олар, жол шығынын қоса есептегенде, отандық өнімдерден кемінде 20-30 пайыз арзанға түседі. Сондықтан әзірше сондай материалдарға басымдық беруге мәжбүрміз, – дейді Юрий Викторович.

Андрей Радченко басқаратын “Лира” ЖШС бесқабатты 75 пәтерлік үйдің құрылысын жүргізуде. Олар құрылысқа “Единство” ЖШС-нің темірбетон тақталарын, Көкшетаудың қыш кірпішін пайдалануда. Жұмысты басқа әріптестерімен бірдей бастағанымен, үйдің бесінші қабаты әлі қаланып біткен жоқ.

– Құрылыста жиырма шақты адам ғана еңбек етуде. Үйдің ішкі жұмыстарына толығымен кіріскеніміз жоқ. Бізге қаржыландыру жағы ғана қолбайлау болып тұр. Үйді қашан тапсыратындығымыз да сол қаржыландыру мәселесіне байланысты, – дейді серіктестіктің бас инженері Виталий Колесников.

Салынып жатқан бұл екі ғимарат та – жалгерлік-коммуналдық үйлер.

Қызыл жабыңқышпен жабылып жатқан 55 пәтерлік ипотекалық үйді Николай Кошиков басқаратын “Петрострой-Люкс” ЖШС салуда. Онда 15 – бір, 15 – екі, 25 үш бөлмелі пәтер болады.

– Құрылысқа 60 адам жұмылдырылған. Олар шатырмен, үйдің ішкі жұмыстарымен айналысуда. Негізгі жұмыстарды қыркүйек айына дейін аяқтау міндеті қойылып отыр. Ол қолымыздан келеді. Бірақ салымшылар асыға күтіп отырған ипотекалық үйді пайдалануға беру үшін ғимараттың ауласы дайын болуға тиіс. Ол жұмыс әлі басталған да жоқ. Жаңа орам абаттандырылуы, газгольдер орналасуы үшін биік крандар алынуы керек. Ал олар әлі жұмыс істеуде, – дейді құрылыс учаскесінің прорабы Дмитрий Балабин.

Осы үйлерді салуға тапсырыс берген қалалық құрылыс және сәулет бөлімі мамандарының айтуына қарағанда, “Береке” шағынауданындағы бірыңғай жаңа үйлерден тұратын кезекті ауланы абаттандырумен, газгольдер орнатумен, балалар алаңын жасаумен жеке компания айналысатын болады. Оны тендер анықтайды.

Әзірше осы маңда автомобиль және жүргінші жолдарын салу қолға алына қойған жоқ. Осынау жолдар тек өткен жылғыдай күздің қара жауынында салынып, биылғыдай қайтадан жөнделіп, аулалар жарым-жартылай абаттандырылып жатпаса болғаны….

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp