«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСІ ТУРАЛЫ

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Баллоның төрайымдық етуімен кәмелетке жасы толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, облыс орталығындағы мектеп директорлары қатысты.

Комиссияда жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу, кәмелетке жасы толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды.

Бүгінгі күні облыс орталығындағы оқушылар саны 20300-ден асып жығылады. Олардың 1380-і – аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен басқа да әлеуметтік әлжуаз топтардан шыққан балалар. Ювеналдық полицейлер атап өткеніндей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 34 мектеп пен 9 мектепке дейінгі мекемеде бейнебақылау камералары орнатылған. Оған қоса, 19 балабақшаға камера орнату қажеттілігі туындап отыр.

Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Асан Смағұловтың айтуынша, мектептердегі бейнекамералар тәртіпсіздіктің алдын алу тетігі болып табылады. Балаларын тәрбиелеу мен қамтамасыз етуде өздерінің тікелей міндеттерін орындамай жүрген ата-аналарды анықтау мақсатында ІІБ қызметкерлері білім мекемелерімен, қоғамдық бірлестіктермен және прокуратурамен бірлесіп, апта сайын жағдайы төмен отбасыларға рейдтер ұйымдастырады. Дегенмен де, ювеналдық полиция инспекторларының айтуынша, аталған жұмысты барлық мүдделі ведомстволардың қатысуымен бірлесіп жүргізу қажет.

Полицейлерге кәмелетке жасы толмағандарды тәрбиелеуге жауапкершілікті арттыру бойынша жалпыға бірдей құқықтық білім беру шеңберінде есепте тұрған отбасыларға ерекше назар аударып, ата-аналармен жұмысты күшейту, “тәуекел тобындағы” балаларды, тұрмысы төмен отбасыларды анықтау бойынша жұмыс тиімділігін арттыру, жыл ішінде осы бағытта жүйелі және нәтижелі жұмыстарға қол жеткізу тапсырылды.

Юрий КЛЫКОВ,

облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp