«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ ҚҰРАЛЫ

“Лесная поляна” балаларды сауықтыру лагері Жамбыл ауданындағы Железное ауылының маңындағы тамылжыған табиғат аясында орналасқан. 1976 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сауықтыру орнына аудан, облыс және кейде Ресейдің көршілес елді мекендерінің балалары келіп демалады. Лагерьде балаларды азаматтық ұстанымға, отансүйгіштікке, инабаттылыққа, адалдыққа тәрбиелей отыра, сауығуына, жеке басының әлеуметтік, шығармашылық дамуына, көңіл көтеріп, жаңа достар табуына барлық жағдай жасалған.

Лагерьде бірінші кезекте жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектелген, әлеуметтік қорғалмаған көпбалалы отбасылардың балалары және озат оқушылар тегін демалады. Сауықтыру барысында оларды оттан, судан және басқа да өміріне қауіп төндіретін жағдайлардан қорғау үшін ойын түріндегі түрлі іс-шаралар өткіземіз.  

Сондай-ақ, лагерьде “Мемлекеттік тілді оқыту”, “English club” атты ағылшын тілін оқыту үйірмелері жұмыс істейді. Балалардың тілдік ортасын қалыптастыруға, сөздік қорларын молайтуға бағытталған үйірмелер жұмысы мектептегі оқудан өзгеше. Онда сабақтар сайыс, әңгіме, викторина, тағы басқа да ойындар түрінде жүзеге асырылады. “Мемлекеттік тілді оқыту” үйірмесін жүргізу барысында байқағанымыз, өзге этнос балаларының қазақ тіліне деген қызығушылықтары зор. Оқушылар “Менің елім”, “Отбасым”, “Адамгершілік”, “Мен болашақ сарбазбын”, “Әдептілік” тақырыптарында өткен викториналар мен сайыстарға белсене қатысады. Лагерьде ұйымдастырылған “Тіл күндерінде” балалар күні бойы тек қазақ тілінде сөйлеседі. Оның қорытындысы шығарылып, тіл білгірлері де анықталады.

“English club” ағылшын тілі үйірмесі де қазақ және орыс тілдерімен бір деңгейде жүргізіледі. Лагерьдегі тілдік ортаны қалыптастыру және дамыту барысында күн сайын тақырыптық жаңа ойындар, викториналар, тест жұмыстары өткізіледі. Мысалы, “Funny words”, “Say about your friend”, “The rainbow”, “Snowball” және тағы басқа ойындар балалардың сөздік қорын, сөйлеу мәдениетін, тілді түсінуін ойындар, жаңа сөздер жаттау арқылы қалыптастырды. Әр ауысымда он сабақ өткізіледі.

Әр жасақта сөздік қолданылып, олар соған күнделікті қолданатын сөздерді жазып отырды. Балаларды сауықтыру және қорғау барысындағы шаралар ойын түрінде ұйымдастырылып, сабақтар таза ауада өткізіледі. Балалардың жаттайтын сөздері сабақтың тақырыбына қарай өзгеріске ұшырап отырды. Мысалы, “Алға, Қазақстан!” сабағында балалар патриоттыққа байланысты сөздерді үйренсе, “Шоу-бизнес академиясы” тақырыбында әлеуметтікке байланысты сөздерді меңгерді. Біздің байқағанымыз, ойын түріндегі сабақтарда балалар үш тілді меңгеруге ерекше ынталары артып, достық қарым-қатынастары нығая түсті.

Орынтай ӘЛКЕНОВА,

“Лесная поляна” сауықтыру

лагерінің директоры.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp