Ата-аналар бүлдіршінінің шимай-шатпақ салған суреттеріне аса мән бермейді. Алайда, бір қарағанда шимай-шатпақ көрінген баланың өнер туындысы оның мінез-құлқынан хабардар етеді. Өйткені, бала өзінің сөзбен айтып жеткізе алмаған ойын, күйзелісін қағаз бетінде анық көрсетеді. Суретті психологиялық тұрғыда талдай алатын адам қағаз бетіндегі шимайдан-ақ балаға мінездеме береді.
Ол үшін баланы ойынға тартып, өзінің ойынан кез келген беймәлім жануардың суретін салуды өтініңіз. Енді салынған суреттің қағаз бетінде орналасуына назар аударыңыз. Парақтың жоғары жақ шетіне тым жақын салынған сурет баланың өзін жоғары бағалайтынын көрсетеді.
Парақтың төменгі жағына салынған сурет – оның өзі туралы төмен ойда екенінің айғағы. Бала өз-өзіне сенбейді, батылдық жоқ. Өзінің сәтсіздіктерін ұзақ уақыт есте сақтайды. Жасаған іс-әрекеттері оң нәтиже беретініне сенімді болмаса, одан бас тартуы мүмкін. Ол бар назарын мақсатқа жетуге шоғырландырудың орнына, сол жолдағы кедергілерге көп көңіл бөледі.
Қағаз бетінің оң жағына ауытқи салынған сурет – ондай бала өзіне бақылаудың болғанын қалайды.
Суреттегі жануардың басы оңға бұрылып тұрса, мақсаткерлікті, белсенділікті білдіреді. Егер бас сол жаққа бұрылып тұрса, ойшылдықтың, қиялшылдықтың белгісі. Ондай бала белсенділікті жоғалтудан, сәтсіздіктен қорқады.
Тура қарап тұрған бас мінез-құлықтағы бақылаусыздықты, өзімшілдікті айғақтайды.
Жануардың басы денесіне қарағанда ірі салынса, ондай бала өзінің және айналасындағылардың зияткерлік қасиеттерін бағалайды.
Үлкен, анық салынған көз – ол баланы үнемі қорқыныш сезімі билейді.
Мүйіздің, ауыздың, тістерін ақсита салынған жануардың бейнесі – қорғанудың белгісі.
Тіл – сөзге, әңгімеге құмарлық.
Баланың салған жануарының құлағы болса, оны өзі туралы айналасындағылар не ойлайтыны қызықтырады. Үлкен құлақ – жұрттың пікірі ол үшін маңызды.
Суреттегі жануардың табаны денесімен салыстырғанда көлемді, жалпақ болса, ол баланың өзіндік пікірі бар және онымен санаспау мүмкін емес. Ал, керісінше, жануардың аяғы кішкентай болса, ондай бала жеңілтек мінезді, қызба, ойы таяз.
Жануардың құйрығы жоғары қарап тұрса, бала өзін жақсы жағынан бағалайды. Ал егер жануардың құйрығы төмен түсірілсе немесе ол бірнешеу болса, ол өзінің айтқанына, істегеніне дүдәмалдықтың белгісі. Ол бала өзінің мүмкіндіктеріне сенімсіз.
Кейбірі жануарға тән емес: мысалы қанат, қауырсын, қосымша аяқ, тағы басқаларды салуы мүмкін. Онда баладан ол не үшін керектігін сұраңыз. Бала: “Ол жануардың ұшуына немесе басқа да бір әрекеттеріне қажет”, – десе, бұл баланың қоғамдағы орнының тұрақтылығын көрсетеді.
Балаңыздың осы белгілеріне сәби күнінен назар аударып, оның бойындағы өзіңіз байқаған кемшіліктерді дер кезінде түзетуге тырысыңыз. Оны кішкентай кезінен көшбасшы болуға, өзіндік “менін” қалыптастыруға дайындағаныңыз абзал.
Жанна БЕКЕНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейдің педагог-психологі.