«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ ЖАНЫНА НҰР ҚҰЙҒАН

Кішкентайынан оқып-жазуға құмартқан қызына анасы Рәзия әліп танытқан екен. Соның арқасында Ақзейнеп Нысанбайқызы білім теңізіне бірден терең бойлап, бірінші сыныптан оқу озаты болады. “Егіндіағаш орталау мектебінде оқып жүргенде сабақ берген ұстаздарыма қызыға қарайтынмын. Олардың сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, киінуі мені қатты еліктіретін. Мұғалімдеріме деген қызығушылығым менің де осы мамандық иесі болуыма ықпал етті”, – дейді ол.

Еңбек жолын өзі қанат қаққан мектебінде бастаған Ақзейнеп Нысанбайқызы енді бұрынғы ұстаздары Нұрғайша Ережепова, Раушан Мұқанова, Раушан Мұқажанова, Қымбат Сердалина, тағы басқаларымен әріптес ретінде араласып, олардан көп нәрсені үйренеді, педагогикалық шеберлігін шыңдайды. Жас бүлдіршіндерді ғылым әлеміне қызықтыра жетелеп, сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру ісінде мұғалімнің орны бөлек. Бұл орайда Ақзейнеп Нысанбайқызы мұғалім бойында шыдамдылық, қажырлылық, еңбексүйгіштік, мейірімділік қасиеттерімен қатар, балаға деген сүйіспеншілік, оқушы – ата-ана – ұстаз арасында өзара байланыс болуы керектігін әсте естен шығарған емес.  

“Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады” дегендей, оның ең алғаш қанатының астына алып, қолдарына әліппе ұстатып, оқу мен жазуды үйреткен сары ауыз балапандары – бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген атпалдай азаматтар. Көптеген түлектері ұстазының жолын қуған. Солардың бірі Гүлжанат Сұлтанғалиева – бүгінде ұстазымен иық тіресе қызмет етіп жүрген жоғары санатты мұғалім. Ойын баласының оңы мен солын танытатын, жазу-сызуға, оқып-білуге қызығушылығын оятатын, жаңа ортаға, мектепке бейімдеп, бір сөзбен айтқанда, ең алғашқы “қара жұмысты” атқаратын бастауыш сынып мұғалімі. Бірақ кейін бұл балғындар жоғары сыныптарға ауысып кетеді де, бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі ескерілмей жататыны өкінішті. Дегенмен, білім негізі бастауышта екені – бұлжымас қағида. Үстіміздегі жылы Диляра, Әнел, Ақбота, Ақтоты, Аяжан, Медет сынды өзі оқытқан шәкірттері мектепті “Алтын белгіге” және үздік аттестатқа тамамдап, ұстаз мерейін өсірді.

“Бүгінде дарынды оқушылармен жұмыс істеу – заман талабы. Мен шәкірттерімнің бейімі мен қабілеттеріне баса мән беремін. Соның нәтижесінде көптеген оқушыларым түрлі байқаулардың жеңімпаздары болады”, – деген Ақзейнеп Нысанбайқызы ұстаз еңбегінің жемісі шәкірттерінің түрлі байқаулардағы жеңісімен өлшенетінін айтты. “Оқушының жеңіске жетуі үшін олардың қабілеттерін, дарындарын аша білу – міндет”, деген ұстаз Іңкәр Нұрахметова, Еркежан Төлекеева, Айсұлтан Бәйтен ғылыми жобалар сайыстарында ерекшеленсе, Азамат Серікбай математика-логика пәнінен халықаралық сырттай байқауда 1-орынды жеңіп алғанын мақтанышпен жеткізді. Бастауыш буында “Нұрлы көжек” байқауының жеңімпазы болған Саида Базарбекова деген оқушысы биыл Назарбаев Зияткерлік мектебіне жолдама алған.

Ақзейнеп Нысанбайқызы – облыстық бастауыш сынып мұғалімдерінен құралған шығармашылық топтың мүшесі. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін ұстаз әріптестерімен жаңа технологияларды сабақтарында тиімді қолданып, түрлендірудің, оқушыларды қызықтыра білудің жолдарымен бөліседі. Ол деңгейлік курстарда алған жаңаша оқыту әдіс-тәсілдерін сабақта қолданудың жағдаяттарын әдістемелік отырыстарда талдап, түсіндіреді.

Мұғалім мәртебелі мамандық деп білетін Ақзейнеп Байтенова – Саумалкөл қазақ орта мектебінде 25 жылдан астам уақыт бастауыш сыныптарға сабақ беріп келе жатқан жоғары санатты ұстаз. Оның есімі “Өнегелі ұстаз”, “Учитель – это призвание” атты республикалық энциклопедияларға енген. Республикалық “Ұлағатты ұстаз” сырттай байқауының жеңімпазы. “Даму” шығармашылық тобының жыл мониторингісінде жоғары көрсеткіштерге жетіп, төсбелгімен және дипломмен марапатталған. Оны “Өз ісінің шебері, шәкірт жанына нұр құятын, жаңашыл, шығармашыл ұстаз” деп ұялмай айтуға болады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp